Жаңалықтар

Жеделсөз. САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРМАС ҮШІН

Коңыр күз түсіп, жылыту мауысымы  басталғалы  өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды шаралардың бірі. «Сақтансаң – сақтармын» демекші, әсіресе, қаладағы пешпен жылытылатын үйлерде сақтықтықты күйшейтіп, орын алған ақауларды жоюға байланысты жүргізілген бірқатар жұмыстар туралы Астана қаласы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Орал ӘБДІРАХМАНОВ  әңгімелейді.

– Өрттің алдын алу қалай?
– 2013 жылдың 10 айында Астана қаласы бойынша 568 өрт шықты. Олардың 257-сі немесе 54,7% жеке тұрғын секторында болды. Соның салдарынан 15 адам қаза болса, бір өкініштісі – олардың жетеуі бала. Ал жиырма тоғыз адам түрлі жарақаттар алып, ауруханаға жатқызылды. Келтірілген материалдық залал 65 млн 119 мың теңге көлемінде деп есептелуде. Тұрғын үй секторындағы өрттің басты себебі, көбіне пеш салып, түтіндіктерді шығарар кезде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып отыр. Расы керек, көп адамдар қаржы үнемдеу мақсатында үйдің пештерін бұл салада мамандығы жоқ, кездейсоқ адамдарға салдырып, соңы орны толмас өкініштерге алып келіп жататын жағдайлар аз емес.
– Үгіт-насихат жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Балаларды қараусыз қалдырып, оңашада олар отпен ойнайтын, сөйтіп, жалынның құрсауында қалатын оқиғалар жиі кездеседі. Осындай келеңсіздіктің алдын-алу мақсатында департамент қызметкерлері өрт қауіпсіздік айлығы шеңберінде тұрмысы төмен 22 отбасының үйіне бас сұғып, өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде жадынамалар таратты.
Жадынамалар тарату кезінде белгілі болғанындай, тұрмысы төмен отбасы­лардың басым бөлігі жеке тұрғын үй секторларында тұрады екен. Оларға жыл сайын қыркүйек айында өткізілетін өрт қауіпсіздік айлығы шеңберінде, төтенше жағдайлар департаментінің инженерлік-инспекторлық құрамы кеңінен үгіт-насихаттық жұмыстарды жүргізеді. Мамандар аулалық рейдтер өткізіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздік ережелері мен талаптары, жылыту маусымына дайындық, электр өткізгіштердің монтажы жайында айтып, ішкі істер департаментімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылды.
– Саяжайларда өрт қауіпсіздігі қалай сақталады?
– Кейінгі кезде ауыл халқының қалаға көптеп қоныс аударуына байланысты саяжайларда да тұрып жатқан адамдар аз емес. Өткен жылғы саяжайда болған өрттен ащы сабақ алған тұрғындар да, департамент мамандары да өрт қауіпсіздігіне асқан сақтықпен қарауда. Саяжай секторларында дыбыс ұлғайтқыштардың көмегімен халыққа өрт қауіпсіздік ережелері насихатталуда.
Сонымен қатар, «Өрт қауіпсіздік шаралары» тақырыбында қала мектеп­терінде интерактивті сабақтар ұйым­дастырылып, қоғамдық көліктерде осы іс-шараларды насихаттайтын бейнероликтер көрсетіледі.
«Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтыл­маған. Ол ешкімге аяушылық етпейді. Аяқ астынан шыққан өрт зардабы орны толмас өкінішке әкелері сөзсіз. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасау керек.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button