Басты ақпаратМәселе

Жеке бақша жабылса, бала қайда ­барады?

Еліміз бойынша жекеменшік балабақшалардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда елордада 648 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 99-ы – мемлекеттік, 546-сы – жекеменшік, 3-еуі – ведомстволық. 2020 жылы қаладағы жекеменшік балабақшалардың саны небәрі 311 еді. Көрсеткіш «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту жоспары негізінде артты. Сан артқанмен, сапаға қатысты сын көп. Осы мақсатта енді балабақшаларды лицензиялауға көшіру жоспары бар. Оған сәйкес, тиісті құжаты жоқтар жабылады. Өзгеріс мектепке дейінгі білім беруді дамытуға қаншалықты ықпал етпек? Балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесі қайта тууы мүмкін бе?

Кәсіпкерге кедергі көп

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау мәселесі бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді. Ал былтыр елімізде шағын бизнес субъек­тілерін тексеруге арналған 2020 жылғы мораторий аяқталып, кәсіпкерлердің жер телімдерін нысаналы мақсатынан тыс пайдалануы тексеріліп, заң бұзушылықтар анықталды. Яғни тұрғын үй мақсатында берілген жер бизнес нысанына айналды. Негізінен, коттедждерде балабақшалар ашылды. Алайда кәсібін өз қаржысы­нан дөңгелетіп отырғандық­тан кәсіпкерлердің көп бөлігі лицензиялауға наразы. Себебі кәсіпкерлерге қатысты құжаттар арасында қарама-қайшылық бар. Бірінші кезекте балабақшаны ашу тиісті санитарлық ережелерде келтірілген шарттарға сай болу керек. «Мектепке де­йінгі ұйымдар мен балалар үйлеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» атты Денсаулық сақтау министрлігімен 2021 жылдың 9 шілдесінде бекітілген құжаттың 24-тармағында мектепке дейінгі мекеменің қай жерде орналасуы мүмкін екені айтылған. Яғни нысан «жеке тұрған ғимаратта, жеке үй иеліктерінде, көппәтерлі тұрғын үйдің алғашқы екі қабаттарында, сондай-ақ ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылады» делінген. Осының негізінде еліміз бойынша жекеменшік балабақшалар жаппай ашылып, балаларды орындармен қамтамасыз етті.

Ендігі құжат – Жер кодексінің 3-тармағының 107-бабына сәйкес, елді мекендердің жерлері оларда орналасқан объектілердің нысаналы мақсатына сәйкес функционалдық аймақтарға бөлінеді. Жер учаскесі бар тұрғын үй – тұрғын үйге, мемлекеттік балабақша – әлеу­меттік, жеке балабақша коммерциялық аймаққа жатады. Ал осы құжаттың 9-бабының 5-тармағында жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде оның меншік иесі жер учаскесінің кадастрлық құнына тең соманы бюджет кірісіне төлеуге міндетті деген жалпы ереже белгіленеді. Бұл сома әртүрлі, алайда кәсіпкерлер 5-тен 30 миллион теңгеге дейін қаражатты төлеуі мүмкін. Іс жүзінде бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымы үй-жайдың және оның астындағы жердің иесімен жалдау шартын жасай алмайтынын білдіреді. Кәсіпкер тиісті қаражатты төлеп қана нысаналы мақсатын өзгертеді. Дегенмен бұған дейін уәкілетті орган учаскенің мақсаты туралы мұндай ақпаратты талап етпеді.

Мұны растаған елордадағы «Керемет» жекеменшік балабақшасының директоры Эльмира Құсайынованың пікірінше, лицензиялауға қайта оралу мектепке дейінгі білім сапасын жақсартуға ықпал етпей, керісінше, қосымша сыбай­лас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін.

«Нарыққа шығып, қызметін жүргізіп отырған балабақшаларға лицензия қаншалықты қажет деген сұрақ туындайды. Өйткені республика бойынша мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамту 100 пайызға жақындап қалды. Енді қысқа мерзімде рекордтық нәтижеге қол жеткізе отырып, біз лицензиялауды қайтару арқылы көптеген балабақшаның жабылуына жол береміз. 2010 жылдан бері мектепке дейінгі білім беруге құйылған жүздеген миллиард теңгені құрайтын кәсіпкерлердің инвестициясы ақталмай қалуы мүмкін. Әсіресе мегаполистерде бұл үлкен әлеуметтік шиеленісті тудырып, жұмыссыздық мәселесіне әкелмек» деді Э.Құсайынова.

Саладағы сапа маңызды

Жұмысбасты ата-ана баласының тәрбиесін көп жағдайда білім беру ұйымдарына сеніп тапсырады. Алайда мұндайда жекеменшік мекемелер көптің көңіліне күмән туғызатыны рас. Себебі ата-ананың көбі балабақшалардың тәрбиешілеріне, ас-ауқатына, бағдарламасына күдікпен қарайды. Мұны Мәжілістің жалпы отырысында айтқан депутат Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялау бастамасын қайта көтеріп, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін қажет екенін алға тартты.

«Қазір кім көрінген балабақша ашып алды. Психология мен педагогикадан хабары жоқ адам сабақ береді, тәрбие береді. Сол себепті бірінші кезекте айтып жатқан мәселе – лицензиялау. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес, оны қоюымыз керек. Үкімет жылына миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Оның нәтижесі – баласы таяқ жейді, дұрыс тамақтанбайды, балабақшадан ауырып келеді. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп енгізуіміз керек» деді Мәжіліс депутаты.
Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бүлдіршіндерге жақсы білім беріп отырған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар бар.

«Балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік мекемелердің үлесін жоққа шығармау керек. Сондықтан лицензиялау мәселесінде асықпаған жөн. Депутаттардың ұсынысына 2027 жылға қарай қайтып келеміз деп ойлаймын. Өйткені бұған кәсіпкерлердің дайындығы керек. Қазіргі таңда жекеменшік балабақшаларға қатысты талап күшейіп, лицензияда қарастырылатын талаптармен сәйкестендірілді. Сонымен бірге мен балалар қауіпсіздігіне қатысты бизнес иелерімен кездесіп, тәртіп пен сапаға мән беруді талап етіп жатырмын» деді министр.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, лицензиялау талаптары қатаңдатылмай, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар үшін бірдей болады. Десе де лицензиялау­ды енгізуде орын тапшылығы мәселесінің қаупі тағы бар. Себебі республика бойынша 250 мыңнан аса балаға әлі де орын жетпей отыр. Білім беру ұйымдарының саны қысқарған жағдайда, мемлекеттікке ілігемін деген кезегі келгенше, бүлдіршіндер балабақша табалдырығын аттай алмай қалуы да мүмкін…

Жүйелі шешімдер жетіспейді

«Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұл­ға­лар бірлестігінің сарапшысы Шарапат Сейсембекқызы лицензияны қайтадан енгізу мәселені түбегейлі шешпейді дейді. Сондықтан аталмыш бірлестіктің 4 мыңдай мүшесі оған қарсы.
«Осыдан 15 жыл бұрын елімізде балабақшалар жетіспеген кезде мемлекет «Балапан» бағдарламасын қабылдап, лицензияны алып тастады. Нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Балалар мектепке дейінгі ұйым­мен толық қамтылды.

Қазіргі таңда Білім министр­лігінің №381 бұйрығы жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс алу үшін қатаң талаптар қояды. Бұл талаптар бұрынғы лицензиялау талаптарынан асып түседі. Яғни жеке балабақшалардың 90%-ы мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейді, бұл олардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік балабақшалардың жағдайы көбінде күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.

Жоғары білікті педагогтардың жетіспеушілігі – білім берудегі негізгі мәселе. Лицензияның енгізілуі бұл проблеманы шешпейді, себебі лицензия тек рұқсат құжаты ретінде ғана жұмыс істейді, ал сапаны арттыру үшін мұғалімдердің білігін көтеру қажет.

Қазақстанда орта білім лицензияланатын сала болғанмен, мектептерде әлі де көптеген құқық бұзушылық кездеседі. Сондықтан лицензия білім сапасын жақсартуға кепілдік бермейді» деді Ш.Сейсембекқызы.

Сарапшының сөзінше, жекеменшік балабақшаларды лицензиялау олардың санын азайтып, салада көлеңкелі бизнесті күшейтуі мүмкін. Оның орнына қауымдастық жекеменшік балабақшаларды дамытудың жүйелі бағдарламасын әзірлеуді ұсынады.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button