Жеке қорлар аяқасты қалмасын
Кешегі күннің жаңалығы тарихқа айналып жатқанда, мұрағаттар – жай ғана құжаттардың жиынтығы ғана емес, ізденген адамға жоғы алдынан шығатын, өткеннің құпиясын бүккен тарихи көмбе. Кешегісін ұмытқанның болашағы бұлдыр екені көбімізге белгілі. Ел жаңарып, ұрпақ ауысқан сайын өткеніміздің құпия сырларын білгісі келетін ұрпақтар табылады. Өткен ғасырдың 60-жылдары жазушы Ғабиден Мұстафин ақын Шортанбай Қанайұлының өмірбаянын көзі тірі туыстарынан жазып алған екен. Қазақ ғылымы үшін қымбат дүниенің ұштығын таппай отырмыз.
Шортанбай мұрасының бірсыпыра қолмен көшірілген қолжазбалары Алматыдағы М.Әуезов атындағы өнер және әдебиет институтында, орталық кітапханада сақталған. Кез келген мұрағат болсын, кітапханалар болсын өз қорларын тізімдеп есепке алып, түгендеп, түптеп жатады. Осы ретте көне жазуды оқи алатын мамандардың жоғынан, бұрынғы каталогта көрсетілген реттік тізімді сақтамағандықтан, кейінгі тізім бұрмаланып, іздеушісі санын соғып қалады. Бұл да басымызда болған жайт еді. Осы күнгі жоғары оқу орындарының түлектері, магистрлары мұрағаттардан жоқ іздеуге тартынатын сияқты. Тартынатындай бар, өйткені болашақ тарихшы, әдебиетшілер ескі шағатай тілін білмейді, араб-парсы туралы сөз жоқ. Бергі тарихтың мұрағатын қарастырғанымызда, Алматыдағы орталық мұрағат алдымен арнайы кітабын ұсынады. Онда қандай қорда құжат барын, кімнен түскенін, не жазылғанын қысқаша сипаттап берген. Бұл – барлық мұрағатта болуға тиіс дүние, алайда үлкен қаражатқа түсетін болғандықтан орындалуы қиын шаруа. Екінші мәселе – кейбір мұрағаттарға екінің бірі барып зерттеуге рұқсат бермейді. Бұл, әсіресе, құпиялығын әлі де жоғалта қоймаған кеңес тұсындағы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттар. Егер жекелеген адамдардың құжаттарын қарайтын болсақ, жай қарап шығуға туыстығын дәлелдеу керек, ғалым болуы шарт. Журналистер туралы сөз жоқ. Негізі, бұл тізімді өлкетанушылар мен журналистерді де қосып кеңейткен дұрыс болар еді.
Мұрағатшылар мұрағаттағы мол дүниені жамбасына басып отыра бергені де дұрыс емес. Бұл жабық мекеме емес. Зерттеушілермен жұмыс істеуден бөлек, қордағы бар құжаттарды бұқарамен бөлісудің амалын тапқан дұрыс. Бір жоқ екіншісін табады демекші, бәлкім, бір зерттеушінің іздеп жүрген дерегі келесі бір мұрағатта елеусіз жатуы әбден мүмкін. Бұл бір жағынан мұрағат ісіне жан бітіріп, қоғам тарапынан қызығушылық оятып, болашақ зерттеушілерге жол ашар еді. Жас зерттеушілердің мұрағаттық зерттеулерге деген қызығушылығын ояту және сақтауда жоғары оқу орындарының оқытушылары мұрағатшылардың көмегіне зәру.
Тағы бір көкейде жүрген мәселе – дүниеден өткен ақынжазушылардың жиған-тергенін іздеп жатқан мұрағатшылар бар ма деген сауалдың жауабы. Күні кеше дүние салған Мұхтар Мағауин ақын-жыраулардың шын жоқтаушысы еді. Ағамыздың қолында болған Шортанбай жырларын қағазға түсірген Қоянбай-Коншин мұрасына зерттеушілердің қолы қалай, қашан жететіні белгісіз. Белгісіз болатын себебі – мемлекет тарапынан жеке адамдардың қорларына қатысты іс-әрекет қарастырылмаған.
Әңгімеміз Шортанбай ақынның төңірегінде болған соң тағы да айта кетелік. Осыдан екі жыл бұрын дүние салған Кәмел Жүністегі тек жазушы-шортанбайтанушы ғана емес, өлкетанушы-шежіреші еді. Ағамыздың жасында Арқаның атақты күйлерін магнитофон таспасына жазып алған. Басқа да мұрасы қоғам игілігіне айналмай отыруының себебі – жоғары оқу орындарының диплом жұмысы, магистрлардың диссертация тақырыбына айналмауы. Содан да бір адамның ғұмыры кеткен мұрасын бірер жылдың көлемінде ұрпақтары немесе жанашырлары игереді деп ойламаймыз.
Ескі жазбаларды сақтаудың тәсілі бар, қараңғы-жарығы бар, қолайлы ауаның режиміне сай құрғақ-ылғалдылығы да болады, соған сай келуі тиіс. Бұлар болмаған жағдайда, құнды дүниелер біржолата құрып кетуі мүмкін. Шортанбай мұрасына қатысты тағы бір құнды жәдігер – өз қолымен жазылған дұғасы жеке қорда сақтаулы тұр.
Әрине, әулеттің иелігіндегі құжаттарды мұрағатқа өткізу, өткізбеу – жеке шаруасы. Бүгінде мемлекет те оны сатып алу, сақтауға ынталы болып тұрған жоқ. Дегенмен осы мұраларды тізімдеу, ғылыми маңызын сараптау, цифрландыру тұрғысында тұжырым болуы керек. Жазушылардың, ғалымдардың жеке мұрағаттарының ғылыми құндылығын анықтауда бұл құжаттарды мұрағатқа тапсыруды, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыруда ынтымақтастық орнату қажеттігі бар. Өйткені бұл – ұлттық құндылықтарымыз. Оның күндердің күнінде қадірін білмейтіннің қолына түсіп, аяқасты болуы әбден мүмкін.
Орта ғасырларда француз ойшылы Вольтер «Өткенін білмеген бүгінін де, болашағын да, өзін де білмейді» деген екен. Дұрыс сөз. Айналып келгенде, өзімізді танудың бір жолы мұрағат болса, оның да жұмысын жаңғырту керек
Айгүл УАЙС