Басты ақпаратЖаңалықтар

Жекеменшік балабақша жетіскеннен ашыла ма?

Ғалымдардың пайымдауынша, адамзат баласы тұлға ретінде қалыптасқанда тәрбиенің 85 пайызын 5 жасқа дейін бойына сіңіріп үлгереді екен. Қалған 15 пайызын өмірлік оқу-тоқумен толтырады-мыс. Бұдан түйетініміз, 5 жасқа дейінгі бала тәрбиесінің ноқтасын мықты ұстап, аса мұқияттылықпен уыстан шығарып алмаған елдің сәйгүлігі бәйгеде шаппай озатын болып тұр.

 …Жерде бала жата ма?

Ал, біздің елде бұл тәрбиеге мән беріліп отыр ма? ≪Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы≫ заңы 2012 жылдың 30 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осы өзгерту жүзеге асқалы шамамен көптеген түйткілді мәселелер кесе көлденең шыға бастады. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жеңілдіктер үйінен жекеменшік балабақша ашып алып, оны еш жерде тіркемей, қызмет аясын айқындамастан бала бағуды мақсат тұтқан азаматтар аз емес. Кәсіпкерліктің жанданғаны мүдделі жандар үшін қаншалықты маңызды болса, ұрпақ тәрбиесі мемлекет үшін де соншалықты кәделі, әрі өте кірпияз мәселе.

Жекеменшік балабақшаны кімдер ашқысы келеді? Бұл негізі баламен үйде отырған әйелдердің кәсібі іспетті. Өзі сияқты бірнеше жас ананың баласын жинап алып, үйде бағып, ақша тапқанды оңай олжа көреді. Ал, шын мәніндегі балабақшаның ауы мен бауын түгендеуге уақыт та, қаржы да аз кетпейді. Кейбір үйден ашыла салған бақшаларда балаларды жерге жатқызып ұйықтатқан. Оларға ата-аналары мән бермеген. Тіпті бейхабар күйде қаншамасы жүрген. Астанадағы Оңтүстік шығыс ықшам ауданына бара қалсаңыз, үйден ашылған балабақшадан аяқ алып жүргізсіз. Солардың барлығы тәжірибелі ұстаз бен тәрбиешіні қайдан алып отыр? Оны кім қадағалайды? Лицензия берілмеген мекемеге барып, сапасы қалай деудің өзі де жартасқа барып айғай салумен бірдей.

Бұрын жекеменшік балабақшаға барғанда ата-аналар тым құрығанда лицензия сұрайтын. Баланың саулығына, тазалығына, ішім-жеміне, тәрбиеленуіне кепілдік – ол мемлекеттік лицензия еді. Кезінде білім басқармаларында бекітіліп, міндеттелген шарттарын орындап, олар балабақшаның тәрбиешісін қадағалап, қажет жағдайда оқытып, мемлекет тарапынан қадағалау жасап тұратын. Қазір ата-аналар балабақшаға баласын бермес бұрын не сұрап, кімге, қалай сенерін білмей дал.

Астана қаласы Білім саласындағы бақылау департаменті Білім саласын сырттай бақылау бөлімінің бастығы Талғат Әбдіқадырұлы: ≪Қазір жеке меншік бақшаларға лицензия берілмейді. Олар тек Жеке кәсіпкер немесе Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеледі де, өздігінше жұмыс жасай береді. Олардың тіпті өртке қарсы қауіпсіздігін тексеруге тыйым салынған. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің санын көбейту мақсатында осындай жеңілдік жасалды. Бірақ білім беру, балабақшадағы тәрбие сапасын ешкім қадағаламайды. Бұл үлкен мәселеге түрткі болып отыр≫-дейді. Әрине, ұрпақ тәрбиесі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс. Тек кәсіпкерлікті жеңілдетіп, жетілдіреміз деп, орны толмас орашолақтыққа ұрынбайтынымызға кім кепіл?

Қатаң қадағалау қажет

Бұрын аттестациядан өтіп, мемлекеттік аккредитация алу, лицензия палатасында оқыту, тәрбиелік көрнекілік бағдарламаларды тапсыру, жоғары санаттағы педагогикалық құрамды ұсыну шарт болатын. Қазір мұның бірде-бірі ескерілмейді. Өзім қожа, өзім би деп кімнің, неге шамасы жетсе, сол шамада жұмыс істеуге тырысады. Ал, тырыспайтындарды қайткен жөн? Бұл балабақшаға зәрулігі аса зор елордамыздың бөбектеріне қаншалықты зиян шектіруі мүмкін? Астана қаласы Білім саласындағы бақылау департаменті директоры Қайрат Әбдібековтің сөзіне жүгінсек: ≪Балапан≫ бағдарламасы аясында мектепке дейінгі білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Нақты айтқанда, жекеменшік балабақшаларды лицензиялау жойылды.

Астана қаласы Білім саласындағы бақылау департаменті бұл тақырыпты жайдан-жай қозғап отырған жоқ. Мектепке дейінгі білім ошақтарын мониторинг жасау нәтижесінде көптеген келеңсіздіктер туындады. Шағымданушы ата-аналар көбейді. Лицензия алмағандықтан, жаңадан ашылған балабақшалар саны есепке алынбағандықтан, нақты қанша екендігі белгісіз. Мұндай мекемелер статистикалық есептеулерге ілінбей отыр. Заңның ескі нұсқасында тиісті мемлекеттік органдар осы тектес мекемелерді аудан аймақтарында қадағалауы тиіс еді. Жаңа нұсқада бұл талап түсіп қалған. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелерді анықтау мен оларды есепке ілу жағы мүмкін болмай тұр≫ – дейді ол. Қадағалау қарадүрсін сипат иеленіп келеді. Тек ата-ананың шағымынан кейін немесе БАҚ дабыл қаққанда ғана осындай балабақшаны анықтау мүмкіндігі туындайды. Аталмыш қадағалау департаментінің елорда аймағында жасаған мониторингі нәтижесінде бірқатар талапқа сай емес мекемелер табылды, тексерістен кейін көпшілігі жабылып жатыр. Мұсылман балабақшасы туралы теледидарда таратылған ақпараттан құлақтанып, прокуратура, дін істері жөніндегі қалалық басқарманың тексерісінен кейін ≪ЖК Жұмашева≫ ашқан балабақша жұмысын тоқтатты. Ал, оларды анықтау қиындығы күрмеулі жіпті одан сайын шиеленістіріп жатыр. СЭС басқармасы да ешқандай есеп жүргізбейтін болды. Өйткені, жаңадан ашылған балабақшалар ол басқармаға барып тіркеліп, талап орындау міндетінен құтылды. Сарайшық, 38 мекен-жайы бойынша орналасқан 4 және 8 қабаттарды жайлаған балабақшаны тұрғындар шағымынан кейін анықтап, СЭС тексерулерінен кейін жабуға тура келген. Мұндай мысалдар бас қалада күн өткен сайын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаулап келеді. Лицензиялау туралы жағдай қайтып қалпына келмейінше, балабақшалардың ахуалын түзеу, реттеу мүмкін болмай тұр.

Кейбір балабақшалар білім беру жағына мүлде немқұрайлылық танытып, тек тәрбиелеу ісімен ғана шектеліп отыр. Лицензиясы жоқ балабақшаларда үнемі мемлекеттік стандартты сақтамайды, санитарлық норма сақталмайды, кадрлық құрам сай емес, өртке қарсы күрес шаралары сын көтермейді. Яғни, қадағалау тетіктерінің жоқтығынан бейберекет қызмет жасап жатқан балабақшаларды бір жолға түсіру үшін мемлекеттік органдар тарапынан қатаң қадағалау жүргізіп, лицензиялауды қайта жүргізу қажеттілігіне баса назар аударылып келеді. Мемлекеттік мекемеге сенім әлдеқайда зор. Баланы бағып, күтіп, асын ішкізіп, жылы төсегіне жатқызатынына сенім болғаны аса маңызды. Өйткені, ≪Балапан≫ бағдарламасының арқасында мемлекеттік дотация бөлініп, жекеменшік балабақшаларға да көмек қолы созылуда. Мемлекет өзі бөлген қаражатқа өзі қатаң бақылау орнатып, жүйелі түрде жұмсалуын қадағаламаса, оның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі туралы ауыз толтырып айту да қиындай түседі.

≪Қай жағдайда да мектепке дейінгіжүйе – жалпы білім берудің негізі, соның арқасында тұлға қалыптасады. Сондықтан мен мектепке дейінгі тәрбие жүйесі мемлекеттің демеуін керек етеді деп ойлаймын. Екінші мәселе – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Мектепке дейінгі тәрбиені толығымен жекеменшік балабақшалардың құзырына беру – дұрыс емес≫, – деді Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков.

Осы мәселеге Мәжіліс депутаты, ≪Қазақстан тұтынушылар лигасының≫ төрайымы Светлана Романовская да өз пікірін білдірген. Оның ойынша, бұл түйткілді мәселе бір шешімін тапқанша, ата-аналар мынандай нәрселерге мән бергендері жөн. Біріншіден, баланы беретін балабақшаны сыртынан қарап кетпей, ішіне кіріп, әрбір жайтқа үңіле жүру абзал. Асхананың жағдайы, жатын бөлмедегі төсек жабдықтарының жинақылығы, медпункттің болуы, персоналдың балалармен қарым-қатынасын бағамдау абзал. Тәрбиешілердің тәжірибелі болуы, қажетті білімі болуын тексерген дұрыс. Екіншіден, баланың ойнайтын ойыншығының сапасына қарау да маңызды. Баланың аллергиясын қоздыратын қытайлық ойыншықтарға тыйым салу керек. Әр ата-ана өз баласының кімнің қолында қалып бара жатқанына мән беруі тиіс.

Мектепке дейінгі мекемелердің лицензия алуы көңілдегі көп күдікті сейілтер еді. Әйтпесе, мұнымен кім көрінген айналысып кетіп жатыр.

Баспасөз беттерінен өріп жүрген түрлі фактілерді кездестіруге болады. Соның бірінде, Алматы облысында прокурорлық тексерулерден соң ойын бөлмесінде тышқан улайтын дәрі, мультфильм DVD-нің жанынан ересектерге арналған кинолар табылғандығы баяндалады. Тіпті бұрын сотталып келген азаматша жертөледен екі бірдей балабақша ашып, бизнесін өркендеткен. Түскі ұйқы кезінде маникюр бөлімін ашып, клиент қабылдаған деген мысалдар Астанада да кездессе, жағамызды ұстаудан басқа не шара бар?

«Ақ бөпе» Монтессорише мәпелейді

Жекеменшік балабақшалар арасында заманға ілесіп келе жатқан мақтаулылары да бар, әрине. Бәрі біркелкі сапасыз, сын көтермейді деу ағаттық болар еді. Мысалы өзіміз есігін қағып, сапасын көруге құлық танытқан ≪Ақбөпе≫ атты балабақша иелері бізді құшақ жая қарсы алды.

Әрі балабақша, әрі баланы М.Монтессори әдісі бойынша дамыту орталығы саналады екен. Директоры Арман Бірімжанов соңғы үш жыл уақытын осы балабақшаны дамытуға жұмсағанын айтты. 2 жастан бастап бала қабылдайды. Мемлекеттік лицензиясы бар. Білім беру әдісін, оның сапасын негізінен ата-аналар өздері бағалайды. Баламен келіп үйренеді. Аяғын апыл-тапыл басып жүрген баланы дамытуға арналған Монтессори әдісі кең қолданылады. Ойын бөлмесіндегі әр баланың өзінше жұмыс жасап, алданыш тауып отырғанын көріп, баланың ойы мен қабілетін, қолының сенсорлы моторикасын дамытатын амалдарды өз көзімізбен көріп қайттық. Бағасы 50 мың теңге, 5 реттік тамақтану, музыкалық жетекшінің сабағы, психолог, педиатр, логопед көмектері, маусымаралық кезеңдерде оттегілік коктейльдер берілетінін директор мақтанышпен айтты. Балалардың саулығы қатаң қадағаланады. 5 топ бар, әрқайсысында 15-20 баладан. Педагогтар санатына, жұмыс өтіліне қарай жұмысқа алынған. Монтессори әдісі бойынша жұмыс жасайтын ұстаздарды табу оңай болмағаны да тілге тиек етілді. «Бәсекеге қабілетті болу үшін мұғалімдерді арнайы курстарға беріп, Мәскеуден, Омбыдан келген мамандарға оқыттық. Соңғы рет Германиядан келген еуропалық жүйенің өкілі келіп, сабақ өткізді. Көп көмегі тиді. Біліктілікті көтеріп отыру өте тиімді әрі маңызды» – деп түйді сөзін Арман Бірімжанов. Баласын ойнатып отырған ананың бірі Ирина Остапченконы әңгімеге тарттық. «Владик 1,5 жаста. Мен бұрын үлкен қызымды әкелгенмін. Мұндағы педагогтардың бала тәрбиелеудегі әдістері ерекше, Маған қатты ұнайды» – деді ол көңілі толатынын байқатып.

Білім басқармасымен тығыз жұмыс істеу жекеменшік балабақшаларға тиімсіз еместігін «Голубой парус» балабақшасының бас директоры Марина Есқараева да айтып өтті. Керісінше, мемлекеттік қадағалаудың арқасында олар өз педагогтарының санатын өсіру үшін, біліктілігін көтеретін курстардан өтіп тұрады. Бұрын өздері шақыртатын, заңның өзгерістеріне байланысты биыл ешқандай шақырту болмай, қатардан қалып кеткендеріне балабақша иелері қауіптеніп отыр. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан тусын». Қаладағы барлық балабақшалармен қатар дамуға тырысатын олар, енді мемлекеттік балабақшалардың алға жылжу үрдісіне іліге алмай қалатындарын айтып отыр.

Сан сапаға сай болса 

Лицензияны алып тастау арқылы балабақшалар санын көбейту көзделген. Бірақ оның сапасы мен тәрбие беру тәсілі қадағаланбайтынын, әсіресе, балабақша иесінің көзжұмбайлыққа салынып кетпесін қалай біледі сонда халық?

Жалпы Астанада 121 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді екен. Оның 69-ы мемлекеттік балабақша. 51-і мемлекеттік емес, 1-і ғана ведомстволық. Ал, жаңадан ашылып жатқаны тіпті есепсіз. Бұл білім беру саласын жыл сайын қаржыландыру ұлғайтылып келеді дегеннің өзінде. Бес жыл бұрынғымен салыстырғанда 10 миллиардқа көп. Қала басшылығының болашақ ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына қамқорлығы. Қаладағы бес балабақша мемлекет ғылыми зерттеулер гранты бойынша қаржыландыруда. Мектепке дейінгі білім беру стандарты негізінде білім берілетіндігін тексеру кімнің құзырында болмақ?

Республикалық бюджет қаражатынан жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүзеге аса бастады. Алайда жекеменшік балабақшалар жетекшілерінің айтуынша, тетіктері толыққанды жетілдірілмеген. Біреуге бар, біреуге жоқ. Осы тұстағы кедергілер мен келеңсіздіктерді реттеу қажеттілігі күн тәртібіндегі мәселе.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Білім беру жүйесіне талдау, мониторинг басқармасының бас сарапшысы Шарапат Сұлтанғазиева: ≪Лицензиялауды алып тастаудың кері әсерлері туралы көп айтылып жатыр. Қазіргі таңда балабақшаға деген зәрулік 36,4 пайызды көрсетеді. Яғни, ұсыныс пен сұраныс арасын осы пайыздық көрсеткіш алшақтатып тұр. Дегенмен, 12 жылдық мектептік бағдарламаға өтетіндіктен, қазір саннан сапаның маңызы зор. Лицензиялауды алып тастау – мектепке дейінгі мекемелерді есептеу мен қадағалау жүйесін әлсіретіп жіберді. Министрлік осы тараптабілім беру заңына өзгерістер енгізуді ұсынып, лицензиялау мәселесін заңдастыруды көтермек≫ – деп министрліктің алдағы кезде лицензиялауды қайта заңдастыру жайына оралатынын жеткізді.

≪Бастауыш, орта және басқа да білім беру түрлері лицензияланады да, ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензиялауға жатпайды, бұл қалай сонда? Заңның өзінде осындай сәйкессіздік бар. Біле білсек, мектепке дейінгі ұйымдар бастауыш, орта және басқа да білім берудің ең алғашқы сатысы саналады емес пе?! Сондықтан білім берудің барлық деңгейі бірдей лицензияланып, мемлекет тарапынан бақылануы тиіс≫, – дейді Астана қаласы Балалар құқын қорғау жөніндегі департамент директоры Рысты Жұмабекова. – ≪Өскелең ұрпақ әрдайым мемлекеттің қырағы қадағалауында болуы тиіс. Елбасы әрдайым осыны айтып отырады. Әлеуметтік модернизациялау туралы мәселеге оралсақ, оның негізгі шарты сапалы білім беру болмақ. Ал бүгінде 500 жуық жекеменшік балабақша қадағалаусыз қалағанынша қызмет жасап жатса, кімнің, қалай, не істеп жатқанын білу мүмкіндігі шектелгендіктен, қандай нәтиже шығады деп күтіп отыруға болмайды. Балабақшадағы орын қажет пе, әлде мемлекеттік стандарт маңызды ма деген де шынымен ненің аса қажет екендігін ойлайсың. Таяқтың екі басы сай келуі үшін лицензиялау маңызды. Уақыт көрсетті, халық түсінді, лицензиялауға ора-луымыз қажет≫ – деп өз сөзін өзі нығарлай түсті.

Лицензияны алып тастау – жекеменшік балабақшаны көбейтіп, ол өз кезегінде орын дефицитін азайтады деген сенімге жетелеген еді. Алайда, орын тапшылығы сапасыздық тудырмауы тиіс. Алдын алып, әлемдік өркениеттен қалып кетпей тұрғанда, бөбектеріміздің ұлттық тәрбиесін ұлықтап отыру үшін мемлекет бар билікті өз құзырына алуы – уақыт күттірмейтін шаруа болмақ.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕГІ БАЛАБАҚШАЛАР АХУАЛЫ:

Германия – мемлекеттік емес балабақшалардың барлығы ақылы, бірақ лицензия қай қайсысына да міндетті. Венгрия – 5 жастан міндетті білім беру жүргізіледі. Лицензия міндетті, қаржыландыру мемлекет тарапынан. Италия – кез келген балабақшаларға лицензия міндетті. Жапония – балабақшалардың барлығы білім министрлігі қарамағында. 58 пайызы жекеменшік балабақшалар. 2008 жылдың наурызынан бастап барлық балабақшалар ұлттық бағдарламалар аясында оқытады. Лицензия міндетті. Білім министрлігінен бөлек, Еңбекпен қамту министрлігі де қадағалау жүргізеді. Біздікінен ерекшелігі олардың балабақшаларында 8 түрлі жас ерекшелікпен оқытады. Оңтүстік Корея – жекеменшік балабақшалар көп және балабақшадағы балаларға үй тапсырмасын жасау тапсырылады. Солтүстік Корея – барлығы мемлекеттік балабақшалар. Әлеуметтік таптарға бөлінген балабақшалар. Кувейт – барлық балабақшалар тегін. Лицензия міндетті. Марокко – балабақшалар Білім департаменті қадағалауында. Англия – жекеменшік балабақшаларды да мемлекет қаржыландырады. Күнделікті сабақтары мөлшерлі уақыт аралығында өтеді. Америка – 43 штатында міндетті тегін түрде мектепалды дайындық бар. 4 жастан балаларды өз еңбегін бағалауға үйретеді. Талдау жасатуды бастайды. Франция – 3 жастан 5-ке дейін тегін балабақшамен қамтылған. Мемлекет қадағалауында. 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Кезек мәселесі жоқ. Қытай – бала көп, балабақша аз. Кезекке тұрушылар тіпті көп.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button