Басты ақпаратБілім

Жекеменшік мектеп: білім көзі ме, табыс көзі ме?

Республика көлеміндегі бағдарламалық құжаттарда, мәселен, «Стратегия – 2050»-де «Білім қазіргі білім беру жүйесінің негізгі бағдарлары» елімізде заманауи білім беру жүйесін құру туралы айтылады. Білім жүйесіндегі жалпы білім беретін мектептермен қатар заманауи, сапалы түлектерді даярлайтын жекеменшік мектептердің алар орны да бөлек. Біз бүгін осы тақырыпты қозғайтын боламыз.

Биылғы жаңа оқу жылында елордада жалпы білім беретін мектептермен қатар 56 жекеменшік мектеп жұмыс істеуде. Оларда 31 мыңнан астам бала білім алуда. Жыл санап жекеменшік мектептердің саны артып келеді. 2021-2022 оқу жылы 7 мектеп салынды, 2023-2025 жылға қарай 14 мектеп ашу жоспарланған.

«Жекеменшік мектептерге педагог кадрлар қалай іріктеледі, директорды кім, қандай талаптармен тағайындайды?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.

Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

«Педагог кадрларды олар өздерінің жекеменшік мектептердің ішкі ережелеріне сәйкес конкурс­тық негізде ірік­тейді. Директорларды конкурстық негізде жекеменшік инвесторлардың өздері іріктеп тағайындайды. Ол жерде қойылатын талаптары мұғалімге, директорға да жоғары кәсіптік білімі бар, педагогикалық білімі бар мамандарды алады. Жұмыс өтілі осынша болу керек деген ол мұғалімдерге талап жоқ. Ал мектептерді таңдаған кезде тәжірибелі директорларды тағайындайды. Қала мектептерінде директорлардың орынбасарлары болған немесе басқа аймақтардан көшіп келген директорлық тәжірибесі бар немесе осы қала мектептерінде көп жылдар бойы директор, директордың орынбасары, мұғалім болып жұмыс істеген мамандар жекеменшік мектептерде директор, директордың орынбасарлары болып жұмыс істеп жатыр.

«Жекеменшік мектепте қойы­латын талаптар қандай?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.

Гүлназ Сүлейменова,Астана қаласы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Білім беру қыз­метімен айналысуға лицензия және лицензияға қосымшаны алуға мемлекеттік білім беру ұйымдарына да, жекеменшік мектептерге де бірдей талап қойылады. Ол мынадай талаптар:

-алдымен, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес оқу жұмыс жоспарының болуы;

– жалпы білім беретін мектептер үшін педагогтардың сапалық құрамының үлесі кемінде бастауыш білім беру деңгейі үшін 25%, негізгі және жалпы орта білім беру деңгейі үшін 35%-ды құрауы тиіс;

– тиісті нормаларға сәйкес оқу және көркем әдебиеттің кітапханалық қорының болуы;

– білім алушыларға медициналық қызмет көрсетудің болуы;

– санитарлық қағидалар мен нормаларға сәйкес келетін тамақтандыру объектісінің болуы;

– ғимаратқа санитарлық-­эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес ғимараттың болуы;

– заңнама талаптарына сәйкес пәндік кабинеттермен, зертханалармен, спорт залдарымен жабдықталуы;

– білім беруді басқарудың ақпараттық жүйесі туралы мәлімет;

– ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай жасау.

Жекеменшік мектептер ең әуелі бизнес десек те, балаға білім беру, ғылымға жетелеу, болашағына бағыт-бағдар беру – келешекке салынған инвестиция болып саналады.

Жағдайы бар ата-ана балаларының сапалы білім алуын қалайды. Бала – адамның ең жанды жері, келешегінің тұтқасы, үкілеген үміті, сенім артқан шырағы. Олар сапалы, заманауи білім беретін инновациялық мектептер қаншалықты алыс болса да баланы тасуға әзір. Себебі оқуға, білімге құйған инвестиция – өзін-өзі ақтайтын, қажет нәрсеге, болашаққа салынған қаражат.

Жекеменшік мектептердің басты пайдасы неде – мемлекеттің қаржысы үнемделеді, мектеп құрылысына керек қаражаттың 100%-ы жеке инвесторлар есебінен салынады. Яғни, мемлекеттің қаржысы үнемделеді деген сөз. Екіншіден, инвестор балаларды оқыту процесінде инновациялық технологияларды қолдануға мүдделі. Жеке мектептер үздік болуға, мықты педагогтармен жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болуға тырысатыны айдан анық.

XXI ғасыр – жылдам өзгеріс­тер ғасыры. Жаңару, өзгеруді күнделікті өмірден көріп жүрсіздер, адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілдіру үстінде. Барлық педагогтар болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптастыруда оған қажетті дағдыларды қалыптастыруға қыз­мет ету – кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек.

Жеке мектептер мемлекеттік бағдарламамен сабақ береді, пәндері мен сабақ бөлінісі де ұқсас. Алайда бағдарлама мазмұны мен педагогиканың жаңа форматына байланысты қызық идеялар ұсына алады. Білім беру саласында жаңа өзгерістер, ұсыныстар, жаңа модельдерді енгізуде мүмкіндік көп. Пәндердің мазмұнында академиялық еркіндік болады. Оқушыларға барлық пәнді оқуға міндеттемей, өздері таңдап алатындай жағдай жасалады. Бұл білім беру жүйесіне еркіндік әкеледі. Себебі оқушыларға өз қалауын айтуына мүмкіндік береді. Бала өз қалауы бойынша мамандық таңдайды.

Мектепке қаржы бөлген инвес­тор бұл білім ордасында сапалы білім болғандығын, мықты, үздік педагогтардың қызмет істегенін қалайды. Мемлекет тарапынан күрделі инвес­тициялар мен шыққан шығындарды қайтару үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу түрінде қолдау көрсетілетін болады. Жоба әлеуметтік салаға көбірек бағытталған. Инвесторлардың өзі осы жерден шыққан, өсіп-ержеткен мектеп түлектері. Кейде қала, аудан, облыс әкімдері кәсіпкер жерлестеріне осындай ұсыныспен шығып, білім ордасын салуға көмектесуін сұрап та жатады. Туған қаласына, өскен жеріне перзент ретінде қызмет еткісі келетін қаржыгер азаматтар баршылық. Осындай игі мақсаттарды көздеген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жер учаскелері беріледі.

Халқы тығыз орналасқан жерлерде жекеменшік мектептерге деген сұраныс жоғары-ақ. Қалада зәулім ғимараттар, көппәтерлі көптеген тұрғын үйлер салынғанымен, мектептер, балабақшалар жетіспейді.

Әрине, мұндай заманауи мектептерде көпфункционалды спорт залдары, бассейн, акт залдары, тағы басқа да балаға қажетті орындар болады. Әсіресе, қауіпсіздік ережелері қатты сақталады – білім ордасына, тіпті, көшеде қаңғып жүрген ит те, мысық та кіре алмайтын болады.

Мұндай оқу ордасында үш тілді оқыған балалар әлемнің ең үздік университеттеріне оқуға түсуге талпынады, білім жүйесінде авторлық оқыту методикалары қолданылатын болады, сондай-ақ коммуналдық төлемдерді азайтуға септігі тиетін энергия алудың қосымша көздерін пайдаланудың альтернативті ұсыныстары пайдаланылады.

Бұл орайда кәсіпкер мемлекеттен белгілі бір көлемдегі жер учаскесін, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және объек­тіге инженерлік-коммуникация­лық инфрақұрылым жүргізу түрінде көмек алғысы келетіні түсінікті. Жоба мақұлданса, мектептің құрылысына қажетті учаске бөлінетін болады.

Әрине, мектептер жеке болғанымен, олардың барлығы да әлеу­меттік бағытта жұмыс істейді. Жоба тек қана коммерциялық мақсатты көздемеуі тиіс. Онда балалар қазіргі заманға сай заманауи, сапалы білім алады. Осы аумақтағы біраз жұмыссыз жүрген адамдар мектептің шаруашылық жұмыстарына тартылатын болады, яғни біраз тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.

Қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектеп салатын кәсіпкерлер баршылық. Кейде осыған орай әлеуметтік желілерде ата-аналардың, әріптестеріміздің жанайқайы жарияланып жатады. Онда кәсіпкердің ол мектепке директорды құрылтайшы ретінде өзі тағайындап, кадр мәселесіне араласуына заңнамаларымызда тыйым салынбағаны таңқалдырады. Тіпті, олардың мектепке ат қоярда да өзімбілермендікке салынуын сынайды. Бұл туралы алдағы жекеменшік мектептерге қатысты мақалаларымызда оралатын боламыз.

Ал әзірге айтарымыз – мемлекет үшін жекеменшік мектептер бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес-жоба. Жекенің меншігіндегі мектептер мен мемлекеттік меншіктегі мектептердің арасындағы алшақтықты, баға мен сапаға қатысты мәселенің түйінін тек бәсеке шешетін болады.

Ең бастысы, үш ауысымды және бала саны көп мектептер санын болдырмау мақсатында немесе апаттық жағдайдағы мектептерді азайту мақсатында жекеменшік мектептердің қосар үлесі орасан болмақ. Тек талап үдесінен шыға білу – міндет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button