Жекеменшік қарттар үйіне көмек керек
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халық едік. Ал қазір қазына іздеп жүрген адамдар пенделіктен пейіліне перде тартып алды да, қазынаны табу үшін бірінші қартты бағу керек екенін естен шығарғандай. Дейтұрғанмен, қоғамда қарттарды қараусыз қалдыруға қарсылардың да саны басым.
Сондықтан да шығар, қазір түрлі деңгейдегі жекеменшік Қарттар үйінің қатары күн санап артып келеді. Соның бірі – Астана қаласындағы 2021 жылы ашылған «Мирас» қарттар мен мүгедектерге арналған орталық. Негізінде мұндай орталықтардың атын естігенде «Ол не сұмдық?» деп үрке қарап шыға келетіндер де жетіп асады. Алайда шын мәнінде қарттар үйі ол қорқынышты және соншалықты жиркенішті орын емес. Қарттар үйі – бұл қоғамның әлеуметтік институты, онда қарт адамдар өз өмірінің соңғы кезеңін тыныш, қамқорлықпен өткізе алады.
Әрбір қоғамның дамуымен бірге қарттарға деген көзқарас та өзгеріп отырады. Қазіргі таңда қарттар үйі көптеген елдерде маңызды әлеуметтік қызмет атқарады, алайда ол әлі де кейбір адамдар үшін қайшылық тудыратын тақырып болып саналады. Сондықтан да біз қарттарымыздың құндылығы мен олардың қоғамдағы орны туралы ойланғанда, біз осы мекемелердің маңызы мен қажеттілігін, сондай-ақ олардың қызмет көрсету сапасы мен әлеуметтік жауапкершілігі жайлы көбірек айтуымыз керек.
– Иә, біз баста бұл орталықты небәрі 4-5 адаммен ғана ашып бастап едік. Бүгінде үлкен мекемеге айналып келеміз. Мұның бірден бір себебі: қазіргі таңда жас отбасылар болсын, болмаса егде шаңырақ иелері болсын бәрі де өз жандары үшін тыныштық іздейді. Енді бір жағынан, қазіргі балалардың бәрі де жұмыстан қолы босамайды. Міне, осындай жағдайда қарттарға қарайтын оларда мұрша болмайды. Ал қарттар үйде жалғыз отырғаннан зерігеді.
Және өздеріне күтім жасай алмайды. Сондықтан осындай мекемелерде қарттар медициналық көмек, арнайы күтім, емдеу және реабилитациялық қызметтер беріледі, – дейді «Мирас» қарттар мен мүгедектерге арналған орталығының басшысы Аманжол Қасымқызы.
Қазір бұл орталықта жасы 80-90 шамасындағы 50-60 адам бар. Оларға бес мезгіл ас беріледі және мереке мейрамдарда жоғары оқу орындарының студенттері келіп концерт қойып тұрады. Алайда орталықтың иесі белгілі дәреже қиындықта жоқ емес екендігін айтады.
– Әрине, топ адамды бағу оңай емес. Біздің орталықтың ең үлкен қиыншылығы – тұрғын үй мәселесінің шешімін таппауы. Біз құрылған күннен бері бес-алты рет орын ауыстырып, көшіп-қондық. Ал көп адаммен көшіп жүрудің өзінің қаншалықты қиыншылық екендігін ойлай беріңіз. Ал мұншалықты күйге түсуіміздің бір себебі – тұрғын үйлердің жалдау құнының өте жоғары болуы. Сондықтан біз үкіметтен тұрғын үй бойынша көмек сұранамыз, – дейді А.Қасымқызы.
Ал орталықтың қызметіне жүгінген қарттар болса «Кейбір жағдайларда, қарт адамдардың күтімі өзінің отбасы мүшелері үшін ауыр жүктемеге айналуы мүмкін. Сол үшін Қарттар үйі отбасыларға мұндай ауыртпалықты бөлісуге мүмкіндік береді және қарттардың күтімін кәсіби мамандарға тапсыруға жағдай жасайды» деп отыр.
Жалпы айтқанда, қазіргі қазақ қоғамына қарт та Қарттар үйі де керек болып тұрғаны ғой. Қалай десек те, әрбір адам өмірінің белгілі бір кезеңінде қартаю процесіне бет бұрады, сондықтан қарттардың жағдайы мен құқықтары қоғамның назарында болуы тиіс.
Қаршыға ҒАЛАМБЕКОВ