Әлеумет

Жел сөзге желіккеннің ұтары жоқ

Слухи

Қазір әлемдік ақпарат құралдарында Украинадағы саяси дағдарыс қызу талқылануда. Тіпті, осы негізде отқа май құйып, болмағанды болды, жоқ нәрсені бар деп асыра сілтеп, арандататындар да аз емес. Әрі бұл ақпараттық кеңістіктерде кеңінен етек алып барады десек, ақиқаттан алшақ кетпесіміз анық. Әлеуметтік желілерде тексерілмеген, жеке адамның ғана пікірі дерлік жайттар қалың бұқараға таралып, кері әсер қалыптастыруда.

Мәселен, Ресейдің кейбір ақпарат құралдары «Украинаның әскер басшылары Донецкіні зымыранмен атқылады. Химиялық қару қолданылды» деп оның суретіне дейін көрсеткен. Кейін мұны әлемдік баспасөз құралдары іліп әкетіп, тосын жаңалық ретінде жаппай жарыса жазды. Ал, шын мәнінде, бұл Байқоңырда өткен жылы құлаған «Протон-М» зымыран  тасығышы екен.  Біреулер арандату үшін әлеуметтік желілерде әдейі жалған ақпарат таратқан болып шықты.

Мұндай келеңсіздік кімге тиімді?  Байыптап қарасақ, бұл ниеті қарау, қарабасының қамын ойлайтын белгілі бір топтардың ғана іс-әрекеті екені көрінеді.

Кезінде «Майданда» желіккендер ойыннан от шығатынын түсінгісі келмеді. Сөйтіп, діні бір, тілі ұқсас, бір жерде өсіп-өнген халықтың  арасына ши жүгіртіп, дүниетанымы мен тіліне қарай екіге жарып, алатопалаң жасады. Нәтижесінде, бейбіт халықтың қаны төгіліп, ел-жұрт атамекендерінен босып кетті.

 Украинаның АҚШ бастаған Батыс альянсы мен Ресейдің арасында геосаяси ойындардың құрбаны болуы қазақстандықтардың да  үлкен алаңдаушылығын тудырады. Мәселен, көксоққан Жириновский мен Лимоновтардың мәлімдемелері тегіннен-тегін жасалды деп ойлайсыз ба? Жоқ, олардың сандырақтары мен жосықсыз тантығандарына мән бермеу керек дегенмен, оның астарында үлкен зіл жатыр. Әрі ол кейбіреулердің көкейінде қалып қойды.  Айталық, Владимир Вольфович деген пәленің «Украинадан кейін келесі кезек Қазақстанға келеді» дегенін біреулер сау адамның сөзі емес деуі мүмкін.  Алайда, «Мемлекеттік Думаның депутаты, елдегі бір саяси партия жетекшісінің аузынан шыққан сөздің мәні неде, негізінде не жатыр? Мұны ол бұқараның алдында неге айтты? Мұндай қаскөйлік көксеген көкезулерді тезге салатын күш бола ма?..» деген сауал үнемі жауапсыз қалады.

«Жыласаң, тағы сабаймын»  дегендей, жақында бүкілресейлік «Селигер – 2014» жастар форумында Кремль қожасы Владимир Путин бір студенттің «Украинадағы жағдай Қазақстанда Назарбаев биліктен кеткеннен кейін қайталанып жүрмей ме?» деген сауалына:  «Қазақстан – бізге ең жақын одақтас және серіктес.  Назарбаев – өте сауатты көшбасшы. Ол мемлекет болмаған жерден мемлекет құрды. Сол үшін де мен оны қатты сыйлаймын» деп жауап берді.  Сол сол-ақ екен, отандық баспасөз құралдары  өкілдерінен бастап шетелдік журналистерге дейін сөздің астарынан ілік іздеуді бастап кетті. Ал, саясаткер Қанат Нұровтың айтуынша, шын мәнінде Владимир Путин студенттің сұрағына байланысты тура жеті минут сөйлеген. Түп мәнінде ол  қазақ елін, қазақтарды кемсітуді, олардың намысына тиюді мақсат тұтпаған сияқты. Оның негізгі ойы бұрын одақтың құрамында  болған республиканы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап алғанда оның шекарасы заң жүзінде айқындалмаған, ата заңы, елтаңбасы, әнұраны болмаған, даму бағыты белгісіз ел еді. Қазақ елінің басшысы осы қиындықтардың барлығын жеңе біліп, жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптастырды дегенге саяды.

Мұны түсінетін политтехнология өкілдері қайда?  Әлеуметтік желілерде саяси астар іздеген айыптаулар желдей гуледі. Тіпті, ол ол ма? Шетелдік бір ақпарат құралының журналисі Владимир Путиннің сол сөзіне орай Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Еуразиялық одақтан шығып кетеміз деп жауап қайтарды» деп соғып жіберді.  Ал, ақиқатында, Елбасы «Тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан, Қазақстан экономикалық одақтан шығып кетуге құқы бар» деген сөзін 2014 жылдың 24 тамызы күні Ұлытау жерінде берген сұхбатында айтқан болатын.

Жоғарыда айтылған Владимир Путин сөйлеген «Селигер-2014» бүкілресейлік жастар форумы  2014 жылдың 29 тамызында өтті.  Осы қисыны келмейтін екі фактіні иіп әкеліп, көпе-көрнеу жалғандықпен байланыстыру журналистке не үшін керек болды?

Қол жеткенге шүкіршілік етпей, жел сөзді оттай лаулатып, дилетанттық танытып жүретіндерге Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында:«Мен бәрін білемін, біздің жазушыларымыз, мәдениет өкілдері «Біздің тіліміз жетімдік көріп келеді, тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде байғұс тіліміз жетімдіктен шықпай жүр» деп айта береді. «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады. Қай-қайдағыны, ақырзаманды басқа орнатпай, Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек. Әйтпесе, жыл сайын 100 мыңнан астам бала мектеп бітіреді, соның 80 пайызға жуығы қазақ тілінде оқыған. Қазір орыстікі болсын, басқаныкі болсын, барлық мектептерде қазақ тілін оқыту міндетті болып саналады.

Ал жарайды, бәрін тыйып, қазақ тілінен басқа тілді заңмен жауып тастап, ауыздарыңды ашпаңдар, сөйлемеңдер десек, онда Украина сияқты боламыз. Қазір қазақтың бәрі мұны түсінген шығар. Солай етіп, жұрттың басынан соғып отырып, қазақ тіліне әкеліп, қантөгіс қылып, тәуелсіздіктен айырылу керек пе, әлде ептеп-ептеп амал қолданып, мәселемізді шешу керек пе? Әңгіме сонда. Ал, таңдайық, қайсысын аламыз?» деп жеріне жеткізе жауап берді.

Осы айдың басында Минскіде Н.Назарбаев, А.Лукашенко, П. Порошенко, В.Путин және Еуроодақтың қауіпсіздік саясаты мен сыртқы істер жөніндегі жоғары өкілі Кэтрин Эштон және басқалар қатысқан жоғары дәрежелі саммит өтті. Сол кезде Елбасы араағайындық жасап, Украина мәселесін реттеу бағытында жоғары дәрежелі кездесуді Астанада өткізуді ұсынған да еді. Қазір Украинаның оңтүстік шығысындағы жағдай біршама реттеліп, Киев билігі мен өзін-өзі жариялаған республикалар бітімгершілікке келісті. Дегенмен, мұнда әлі арандатулар мен жел сөз, дақпырт, өсек-аяң басылмай тұр. Бұйрық 5 қыркүйекте Астана уақыты бойынша 21.00-де күшіне енген болатын. Сол күні түнде  украиндық әскерилер өздерінің қатарынан бірнеше солдаттың оққа ұшқанын мәлімдеп шыға келді. Ал, Донецкі республикасының вице-министрі Андрей Пургин мұны «жалған ақпарат, арандату» деп жаһанға жар салды.  Жұрт кімге сенерін білмей дағдаруда. Ол ол ма, кеше бітімгершілікке келген аумақта «сен өзі кімсің, кімді жақтайсың?» деген мағынада бір отбасында, тіпті, көршілердің арасында алауыздық туа бастағаны айтыла бастады.

Қазіргі ақпараттық майданда мәселеге бір жақты көзқараспен қарауға болмайтындығы анық. Айтылып отырған жайтты екінші дерек көздерімен салыстырмаса, шындықтың беті ашылмайтыны көрінеді. Украинадағы жағдай, әсіресе, Ресей үкіметі үшін халықтың бой көрсете бастаған әлеуметтік наразылығын басқа арнаға бұрып, қоғамдағы қордаланған белгілі бір түйткілдердің түйінін шешудің оңтайлы сәтіне ұмтылыстай әсер етеді. Сондықтан, түймедейді түйедей етіп көрсету мұндағы саясаткерлер мен идеологтарға онша қиын болмай тұр. Бұл елде тележурналистер көгілдір экрандағы үгіт-насихатшыларға айналып кеткендей.

 

P.S: Осы тұрғыда «Уральская неделя» газетінің тілшісі Мария Ковалеваның әлеуметтік желідегі:

«… Мен орысшыл емеспін. Мені Батыс қаржыландырмайды. Мен жалған намысқа, ойдан шығарылған заңдарға толы шенеуніктер билеген мемлекетті емес, өзімнің туған елімді өте жақсы көремін. Мәдениеті мен тарихы бай, табиғаты сұлу, қонақжай Қазақстанымды жанымдай сүйемін. Ешкімге пара бермеймін, ешкімнен пара алмаймын. Халқыма адал қызмет етемін. Сондықтан сен де мен сияқты қазақстандық болсаң және отаныңды жаныңдай сүйіп, мақтан тұтсаң, сөзіме құлақ ас: көкжәшікті өшір де, тек қабырғаңмен ғана кеңесуді үйрен!» деген сөздеріне толық қосылуға болады. 

 

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button