Әлеумет

ЖЕЛБIРЕЙ БЕР КӨГIМДЕ

Норвегтер – ұлттық рәмiздерiн ұлықтауды жаны сүйетiн халық. Скандинавия түбегiнде орналасқан бұл ел конституция күнiн тойлау барысында ұлттық киiмдерiн киiп, көшеге шығады екен. Салтанатты шерудiң ең басты ерекшелiгi – алаңға жиналғандардың санынан гөрi, қолдарына ұстаған тулары көп болады. Мереке кезiнде ел астанасы –Осло көшелерi қызылға боялып, яғни мемлекеттiк ту түсiмен әрленiп, ерекше құлпырып кетедi. Тудың көптiгi сондай, ол күнi санап тауыса алмайсыз. Норвег халқы патриоттық болмысын осылай паш етедi екен.

Мемлекеттiк туға деген құрметi зор елдердiң бiрi – түрiк ағайындар. Олар да кез келген ғимараттың төбесiне, тiптен жатақханалардың терезелерiне ай, жұлдызды қызыл туын iлiп қояды. Ту мен Ататүрiктiң суретi – түрiк халқының ең қадiрлiсi.
Тұғырлы туымыздың авторы, ел азаматы Шәкен Ниязбеков әлем туларының тарихын көп зерттегенiн айтады. Ағамыз, әсiресе, екi жүз жылдан астам тарихы бар АҚШ сияқты алпауыт елдiң мемлекеттiк рәмiзiнiң алғашқы нұсқасын үй шаруасындағы қарапайым әйел ойлап тапқанын, ал оның ұста күйеуi тудың сабын әзiрлегенiн бiр сұхбатында айтқан едi. Мiне, осыдан-ақ қарапайым жандардың азаматтық болмысын, ет жүректi ел жанашыры болғанын аңғара берiңiз. Яғни, нағыз патриоттық сезiм, шынайы жанашырлықтан туындап тұр.
Мұны нелiктен айтып отырмыз? Ал өзiмiз осынау асылдарымызды, мемлекеттiк рәмiздердi қаншалықты қастерлей алып жүрмiз?..
Биыл Қазақстан Республикасы рәмiздерiнiң қабылданғанына – 20 жыл!
Көк Тудың желбiрегенiне – жиырма жыл!
Көшпелiлер ұрпағының көгiнде қанатты қыранның самғағанына – жиырма жыл!
Тұғыры биiктеп, тұлғасы алтын күндей жарқыраған рәмiзiмiзбен рухтанғанымызға – жиырма жыл!
Шаңырағымыз шайқалмай, шаттыққа бөленгенiмiзге – жиырма жыл! Ойлап отырсаң, аз уақыт емес…
Дегенмен, мемлекеттiң асыл мұрат, асқақ арман жолындағы азаттығын паш етер қадiрлiмiздi аспандата ардақ тұтпақ тұрмақ, «Мемлекеттiк рәмiздер туралы» заң талаптарын сақтай алмай, ұятты боп жататын кезiмiз де жоқ емес. Бұл жерде әр мысалды сабақтап, саралаудың қажетi шамалы. Бұл олқылықтар сан мәрте айтылды әрi жазылды.
Бiздiң айтпағымыз, кеткен кемшiлiктi көзге түрту емес, керiсiнше, жастарды отаншыл, елжанды етiп тәрбиелеуде осынау жиырма жыл iшiнде не iстедiк? Мәселе осында.
«Тамашалап, көк тудың көркiн ғажап,
Көңiлiмде дәл сондай желпiндi ұзақ…»
Астананың төрiнде аспанмен тiлдескен көк туды, қырандай самғаған алып бейнесiн әр көрген сайын көңiлiң тасып, жүрегiң жiгерленедi. Көк тудың көкте желбiреп тұрысы Астананың ажарын ашса, тұғыры санасы жетiк, жүрегi елдiк азаматқа сөзсiз рух бередi. Жазым тапса да, елдiк пен бiрлiктiң жалауын жау қолына түсiрмеуге, аяққа таптатпауға бейiл ата-бабаның ерлiгi, арман-мұраты да дәл осы жерде жарқын көрiнiс тапқандай. Ол – көк тудың желбiрегенi!
Жиырма жыл уақыт iшiнде мемлекеттiк рәмiздердiң тарихын, болмысын паш еткен талай жиындар өткiзiлдi. Арнайы отырыстарда мемлекеттiк ту, мемлекеттiк елтаңба, әнұранның авторларымен кездесулер өтiп, орайлы ой бөлiскен сәттер көп. Бiрақ, бұл жиындардың мәнi – елдiк жолындағы ерекшемiздi ұрпаққа ұғындыру болғанымен, оның әсерi қаншалықты есте қалды? Ол жағына келгенде күмiлжуiмiз мүмкiн.
Ал, Астана төрiнде асқақтаған көк ту мен бүгiнде әр адамның аузында айтылып, жүрегiне жазылған Алмас Ахметбекұлының «Көк тудың желбiрегенi» сынды асқақ рухты туындыларды ешкiмге жаттатқызудың қажетi жоқ. Елдiң еңсесiн көтерiп, ұрпағын ұлағатқа бөлейтiн мәндi туындылар халықтың қошеметiне сиясы кеппей жатып бөленiп қояды.
Сонымен бiзге не қажет? Бiзге:
Көктудың желбiрегенi,
Жаныма қуат бередi.
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес, маған керегi
Көк тудың желбiрегенi, –
дегендей елi үшiн шынайы жанашырлықтың жалынын сездiретiн рухты дүниелер қажет. Сонда бiздiң де мемлекеттiк рәмiздердi ұлықтаудағы өзiндiк iзгi үрдiстерiмiз қалыптасар едi.

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button