Мәдениет

Желдібаевтың желдірмелері жан жадыратты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры Әбдімомын Желдібаевтың 85 жас мерейтойына арналған «Күмбірле, күйім, елімде» концерті өтті.

[smartslider3 slider=3255]

Концертке Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, елорда мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев қатысып, күйші-композиторға сый-сыяпат көрсетті.

– Бүгін елордамыздың төрінде, осы залда керемет өнер кеші өтіп жатыр. Бұл кешке басты себепкер – атақты күйші, белгілі композитор, өзіміз ардақ тұтатын Әбдімомын аға. Ағамыз саналы ғұмырын қазақтың саф өнері күйге арнап, қаншама керемет туындыларды құнды қазынамызға айналдырды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген керемет сөзіміз бар. Домбыра пайда болғалы бері қаншама шығарма дүниеге келді. Қорқыт атамыздан бастап Тәттімбетіміз, Динамыз, Ақан серіміз, Үкілі Ыбырайымыз, Жаяу Мұсамыз, Дәулеткерейіміз бар. Солардың өнерін сіз жалғастырып келесіз, аға. Сізге әрдайым шығармашылық табыстар тілеймін! Арамызда осылай аман жүріңіз! Туындыларыңыз халықпен бірге жасай берсін! – деді Ерлан Каналимов.

Әбдімомын Желдібаев жарты ғасыр­дан астам ғұмырын мәдениет саласына, соның ішінде музыка өнеріне арнап келе жатыр. Осы уақыт ішінде өз саласында басшылық қызметтерді атқара жүріп, «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерге қатысуына мұрындық болды.

Қазақ елінің күйшілік мәдениетін өзінің төл туындыларымен байытқан күйшінің бүгінгі күні 70-тен аса шығармалары орындалып жүр. Соның ішінде «Ерке сылқым» күйінің орны бөлек. Бұл – шығарма өнер иесінің төлқұжаты. Осы күй музыка мектептерінің бағдарламасына мықтап енген. Күйге талапкер баладан «күй тартып берші» деп сұрағанда, «Ерке сылқымды» бебеулете жөнелетінін талай көргенбіз. Яғни, бұл күй елімізге кең тарап, балаға да, ересек адамға да сүйкімді.

Елордалық филармонияда өткен концертте «Ерке сылқымды» тағы тыңдап, тамсандық. Филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) және филармонияның белгілі өнер шеберлері күйші-композитордың шығармаларын орындады. Соның ішінде «Шабыт», «Әулиеата», «Бозжігіт», «Көкшолақ», «Толғау», «Өмір-дастан», «Әділхан», «Ыдырыс», «Самғау», «Жарылқап батыр», т.б. күйлері мен әндері көрерменге ұсынылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button