ӘлеуметБасты ақпарат

Желідегі желбуаз сөз

Әңгіменің әлқиссасы мынада. «Астана ақшамы» газетінде жарияланатын материалдарымызды Қазнеттегі қалың жұртқа тарату мақсатында оқырманы 150-400 мыңнан асып жығылатын желідегі топтарға тіркелдім. Топтың маңдайшасында интернет ресурстарға, БАҚ-тың сайттарына жарнама жасау ақылы деп көрсетілген. Есесіне кез келген желі пайдаланушысы ұнатқан жаңалықтары мен суреттерімен бөлісе алады. Бірі, шынымен де, әлеуметке қажетті ақпарат болса, көбісі қараңғы халықтың қарабайыр әрі анайы жазбалары… Өсек-аяңға, жалған жаңалыққа, ескірген фактіге негізделген контентті тарату мен оны тұтыну медиасауаттылықтың болмауында деп шештім. Интернетте отыратын адамдардың медиасауаттылық деңгейін қалай арттыруға болады? Дәстүрлі БАҚ олардың орнын баса ала ма? Мамандарға жүгініп көрейік.

Жанасыл БОЛАТБЕК, контент менеджер, ютубер:

– Халықтың ақпаратты қорыту деңгейі төмен екені рас. Оның дәлелі – «Жаға ұстатты», «Атамның басын-ай», «Кетші бар» сияқты топтардың жазбалары астындағы пікірлер.
Кезінде бірнеше рет эксперимент жасап, халықтың реакциясын бақылап көрдім. Ойдан құрас­тырылған жалған ақпарат таратқанда, жазба бірден «ханталапайға» түсті. Комментарийде адамдар дауласып, бір-біріне қарғыс айтып, ұрыс-керіс басталып кетті. Ақпараттың шындығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Кейін жазбамды өшіріп тастадым.
Қазіргі кезде бұл топтар көп сайттарға қарағанда ықпалдырақ. Қаралым жағынан әлдеқайда жоғары. Олар белгілі бір топтардың күшімен ашылғаны анық. Мақсат халықтың назарын басқа жаққа аудару, ішін пыстырмау болуы әбден мүмкін. Сапа жағынан дәстүрлі БАҚ-пен бақталаса алмайтыны белгілі. Алайда кейбір сайттардың ол топтардан айырмашылығы жоқ. Тіпті, топтардың бірі лас ақпарат тарататын порталға тиесілі.
Алдағы уақытта жалған, лас ақпараттан халық жерініп бері қарай шыға бастауы керек. Күтейік.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ, Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінің диджитал медиа және қоғам мамандығы бойынша магистратура студенті:

– Әлеуметтік желідегі фэйк жаңалықтарға тосқауыл қою мақсатында биыл сәуір айында Facebook өзінің жаңа функциясын іске қосты. Оның ерекшелігі, жаңалықтар лентасындағы әр мақаланың жоғары бұрышында кішкентай белгі тұрады. Соны басқанда, әлгі мақаланың авторы туралы қысқаша дерек, сол тақырыпқа қатыс­ты басқа да мақалалар, мақаланы қай жерлерде бөліскенін көрсететін карта және оны бөліскен достарыңыздың тізімі шығады. Өкінішке қарай, бұл сервис әзірге тек АҚШ-та қолжетімді. Ал дәл қазір Қазнет қолданушылары өздерін фейк жаңалықтардан қалай қорғай алады дегенге келсек, мынадай қарапайым әдістерді ұсынар едім. Біріншісі – дереккөзді тексеру. Яғни автордың қандай ақпаратқа сүйеніп жазғанына назар аудару керек. Екіншіден, мақаланың ішіндегі сілтемелерге, интернет тілімен айтсақ, линктерге мән берген жөн. Линктердегі ақпарат мәтіннің шынайылығына дәлел бола ала ма, соны табу қажет. Үшіншіден, мақаланың уақытына зер салыңыз. Төртіншіден, мақаладағы суреттің URL-сілтемесін арнайы сайттарға енгізу арқылы оның фотошоппен өзгертілген-өзгертілмегенін біліп алуыңызға болады. Бесіншіден, сыни ойлау қабілетіңізді барынша пайдаланыңыз. Сіздің жеке бас ойыңыз ақпараттың объективтілігін анықтауға қандай да бір әсер етіп тұрмағанына көз жеткізіңіз.

Жансая САДЫҚБАЙ, журналист:

– Медиасауат­тылық көп мәселені қамтиды: сауатты жазудан бастап, ақ­­паратты сұ­рыптап сүзіп, қабылдауға де­йін. Қазір сауаттылық газет-журналдарда көпжылдық тәжірибесі бар, қаламы ысылған, өз саласына махаббатпен берілген журналист қауымның арқасында ғана сақталып тұрғандай. Ал телеарналар туралы сол саланың «майын ішкендер» айта жатар.
Желі беттеріндегі «Атамның басы», «Жаға ұстатты» сынды топтарды бір шолып шықтым. Өкініштісі, модераторлардың көбі – өзіміздің әріптестер.
Теледидар қарап, газеттен рас-­өтірігін анықтаймын дегенше біраз уақыт кетеді. Ал әлеуметтік желі қазір басып озғандықтан, жұрт шынайы және жалған ақпараттың аражігін ажыратпастан жұта береді.
Десе де, әлеуметтік желіні тұ­тынып отырғандардың барлығы сауатты емес. Ешкім «мен сауатсызбын, сондықтан не болса соған сене беремін» деп өзінің аңғал, ақымақтығын әшкере етпейді. Желіде желіп жүрген ақпаратқа ереді, елтиді, сенеді.
Меніңше, оқырман бәрібір де сауаттылықты сағынады, түбі осыған келеді. Бір ғана мысал, «қалай жағдйаың?» деп сұрадым. Қатені көзіңіз шалды да, бейсаналы түрде ашуландыңыз. Көрдіңіз бе, ақпарат сауатты жазылу керек және сана сау болуы үшін де сауаттылық әрқашан өзекті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button