Желідегінің бәрі жұрттікі ме?
Қазақстанда «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заң» бар болғанмен, жұрттың бәрі бұл заңды толық түсініп, оның маңызына мән бере бермейді. Сосын да біздің елде меншік иелерінің құқығы жиі бұзылып жатады. Әсіресе әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлігіне айналғалы біреудің туындысын рұқсатсыз пайдалану, біреуден-біреуге тарата беру сәнге, қалыпты әдетке айналған. Алайда меншік иесі мұны қаузап, сот арқылы авторлық құқығын қорғаса, рұқсатсыз пайдаланған адамның жығынды болары даусыз.
Қазір не іздесеңіз де әлеуметтік желіден табуға болады. Әдеби шығарма, ән-күй, фотосурет, май бояулы сурет дейсіз бе, қажетіңіз түссе, Google-ға жүгінсеңіз бір минуттың ішінде бәрін тауып алуға болады. Бірақ әлеуметтік желіде, мәлім бір сайтта тұр екен деп біреудің дүниесін беталды пайдалана бермеген жөн. Өйткені әлеуметтік желідегі шығармалардың бәрі кез келген адам пайдалана беретін тегін жатқан дүние емес екен. Авторы қаузаса, әлеуметтік желіден алып, өз жеке парақшаңызда пайдаланған фотосуретке де төлем төлейсіз. Оның үстіне қазір фотографтар көркем фотоларды, салт-дәстүрге, киім-кешекке қатысты фотоларды, керек десеңіз, айқасқан екі қолды, құшақтасып тұрған екі адамды немесе жапырақты, өзен-суды, әдеттегі жай нәрселердің фотосын да түсіріп, әлеуметтік желіге салып қояды. Белгілі бір медиамен келісімшарт жасап, тек соларға ғана сатып отыратын фотографтар бар. Егер бір азамат осы фотоларды өзінің керегіне қосымша ретінде пайдаланып, баспа беттерінде жарияласа немесе әлеуметтік желіде өз материалының мазмұнын ашып, маңызын арттыру үшін пайдаланса, бұл – авторлық құқыққа қол сұғу. Мейлі сіз әлеуметтік желіден алып, сол сайттың атын және сурет авторын жазып қойсаңыз да, сурет иесінен ауызша немесе жазбаша келісім алмасаңыз, ол бәрібір авторлық құқықты белден басу екен. Бұрын фотографтар бұл мәселеге оншалықты назар аудармайтын. Бірақ соңғы кездері авторлық құқықты ақша табудың көзі еткендер көбейді. Яғни олардың кейбірі өзі түсірген фотосуретін әлеуметтік желіге салып қояды да, «кім рұқсатсыз пайдаланады екен?» деп қарап отырады. «Бір фотосын қоя салсам не болады? Мені қайдан біліп жатыр?» деп ойламаңыз, кім пайдаланды, кім өз фотосын қиып істетті, Google-ға салса бәрі шыға келеді. Оның үстіне олар авторлық құқығын қаузаған жағдайда, әдетте сатып алсаңыз 5000 теңге шамасында болатын фотосуретті ол 500 мыңға бағалауы мүмкін. Өйткені көркемөнер туындыларының нақты бір бағасы жоқ. Сондықтан сақ болайық…
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ