Қала мен Сала

Желілердің тозуы тарифтердің өсуіне әсер етеді

Елордада жаңа жылдан бастап тарифтер қалай өзгереді? Бұл туралы қала­лық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Танабергенов мәлімдеді.

ҚР Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, экономикалық саясат бойынша нақты міндеттер қойылды, оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» тариф саясатының жаңа тұжырымдамасына көшу қажеттілігі айтылып, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойған болатын.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінгі таңда құзырлы мекеме қаладағы 75 табиғи монополия субъектісінің қызметін бақылауды және реттеуді жүзеге асырады, олардың 59-ы жергілікті және 16-сы республикалық тіркелімнен жіберілген. Табиғи монополиялар субъектісінің реттелетін қызметтерді 103 түрі бойынша, оның ішінде: 13-і – сумен жабдықтау және су бұру саласында; 19-ы – электр және жылу энергетикасы саласында; 5-еуі – газ және мұнай тасымалдау саласында; 65-і – теміржол көлігі саласында; 1-еуі телекоммуникация желілерінің кабельдік кәрізі саласында көрсетеді.

Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, департамент қызметтің 3 түрі бойынша қоғамдық маңызы бар нарықтың 4 субъектісіне баға белгілеу тәртібінің сақталуын реттеуді және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, департамент 5 базалық табиғи монополия субъектісінің қызметін бақылауды және реттеуді жүзеге асырады, оның ішінде: «Астана-Энергия» АҚ; «Астана-­Теплотранзит» АҚ; «Астанаэнерго­сбыт» ЖШС; «Астана-аймақтық электрожелілік компаниясы» АҚ; «Астана су арнасы» МКК.

Табиғи монополиялардың базалық субъектілері бойынша департамент 2025 жылға дейін­гі шекті тарифтер мен тариф сметаларын бекітті, сонымен қатар «Астана-Энергия» АҚ-тың 2022-2027 жж. арналған тариф бекітуге өтінімін кері қайтарып алуына байланысты 2023 жылға арналған тариф инвестициялық бағдарламасы бекітілді.

– Табиғи монополиялар субъек­тілерінің қызметін бақылауды және реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган ретінде департамент коммуналдық қызметтер саласындағы субъектілердің техникалық жай-күйі бойынша талдау жүргізді, онда елордада коммуналдық қызметтерді сапалы және үздіксіз ұсынуды қамтамасыз ету үшін бірқатар проблемалы мәселе анықталды. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа бекітілген тарифтердің өсуіне мораторий қолданылды. 2023 жылды өткен жылмен салыстырғанда, коммуналдық қызметтерге тариф сол деңгейде қалды. Осыған байланысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тариф саясатын жетілдіру шеңберінде 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды, онда бірқатар жаңалық белгі­ленді, – деді Б.Танабергенов.

Әзірге тарифтердің белгілі бір дәрежеде өсуі туралы айту ертерек, өйткені инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайына байланысты әр жағдай жеке қарастырылады. Бұл табиғи монополиялар субъектілерінің өтінімін беруге байланысты болады. Өтінімдер біртіндеп келіп түседі және тарифтердің өсуі «Табиғи монополиялар туралы» заң аясында қабылданған өзгерістерге байланысты болады. Департамент басшысының айтуынша, тариф­тердің қашан көтерілетіні нақты белгісіз, ­өйткені бұл өтініш беру уақытына байланысты.

– Бүгінгі таңда өтінімнен бастап түпкілікті шешім қабыл­дауға дейінгі барлық процесс ашық. Әрбір тұтынушы «Монополист» базасына кіре алады, субъектінің өтінімін және қандай шығыс көзделгенін көре алады. Түпкілікті шешім қабылдау, тарифті бекіту кезінде мәслихат депутаттарының, қоғамдық бірлестіктердің, халықтың және барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен жария тыңдаулар өткізіліп тұрады. Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландырулар БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланады. Сонымен қатар Facebook желісінде қоғамдық тыңдаулар тікелей эфирде өтетін болады, – деді Б.Танабергенов.

Бұл ретте ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігіне тікелей әсер ететін инженерлік желілердің тозуы, Астана қаласы бойынша орташа есеппен 41%, оның ішінде жылу энергиясы 47%, сумен жабдықтау 41%, су бұру 40%, электр энергиясы 30% құрайды. Мұнда негізгі міндет – желілердің, жабдықтардың инженерлік инфрақұрылымының тозуын кем дегенде 15%-ға төмендету, табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануына бақылауды күшейту, сондай-ақ тұтынушылардың құқығы мен мүддесін қорғау.

Иесіз желілердің шығынын өтеуге келсек, бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шешілмеген мәселе көп. Атап айтқанда, бұл – иесіз желілердің болуы. Олардың жұмысына бірнеше ұйым жауапты және бұл жалпы ұсынылатын қызметтердің сапасына әсер етеді. Егер монополист мұндай желілерді өз балансына немесе сенімгерлік басқаруға қабылдаса, оған бұл шығындар өтеледі, ол да тарифке қосылады. Бұл шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімін арттырады.

– 2023 жылға күтілетін өсімге келетін болсақ, тарифтердің өсуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – стансаларда жаңа қуаттарды өндіруге және қалыптасқан тапшылықты азайтуға мүмкіндік беретін электр энергиясын өндіру бағасының өсуі. Екіншісі – желілер мен жабдықтардың тозуы, үшіншісі – орташа статистикалық жалақымен салыстырғанда Астана қаласында жалақының төмен болуы тариф­тердің өсуіне әсер етуі мүмкін, – деді Б.Танабергенов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button