Басты ақпаратЕл тынысы

Желтоқсан аруы

16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығы­мызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан оқиғасы қатысушыларының ерлігі уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс.

Мейрамгүл Иска­кова (Бекжанова) мектепте оқып жүргенде аудандық, облыс­тық байқауларда жүлделі орындар алып жүрген әнші қыз атанған. 1984 жылы орта мектеп бітірісімен Алматы қаласы эстрада студиясы вокал бөліміне оқуға түсті. Оқуда Қазақстан Республикасының белгілі әншісі Люция Төлешованың класында оқыды, аңсаған арманына қол жеткізіп қуанды. Осы Мейрамгүлдің айтуы бойынша өмірінде қуанышты күндері қара түнекке айналған үлкен оқиға болған.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуы қазақ студенттері арасында үлкен наразылық тудырғаны белгілі. Студенттер арасында «ертең алаңға жиналамыз, өзіміздің наразылығымызды білдіреміз» деген хабар таратылды. Сол уақытта намысы бар қазақ жастары еш ойланбастан Алматы қаласы, Брежнев атындағы орталық алаңға барлық қазақ халқының атынан наразылығын білдіруге жиналды. Сол күні Мейрамгүл де Алматы эстрада студиясы студенттері Базаркүл, Алтынай, бірнеше мұғаліммен орталық алаңға барды. Жастар өздерінің наразылығын ашық түрде сол алаңға келген Қазақстан үкіметі басшыларына жеткізді. Жастарды таратып, қуғын болды. Мейрамгүл сол түні митингке қатысып, мұздай қаруланған солдаттардың басынан ұрған дубинкасынан таяқ та жеді.

Келесі күні эстрада студия басшылығы студенттерді шұғыл түрде 10 күнге демалысқа жіберді. Сол уақыттан бастап саяси қудалау басталды. Демалыстан келгенде Мейрамгүлді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қыз­меткерлері жастар шеруінде түсірілген фото арқылы іздегені белгілі болды, жатақханадан шығарған, оның бөлмесіне ерлі-зайыпты студия оқытушыларын орналастырған.

Акт залында жиналыс болып, Мейрамгүлді жастар шеруіне қатысуына байланысты оқудан шығару туралы мәселе қаралды. Сол қудалау күндері Қазақстанның белгілі әншісі, студия оқытушысы Люция Төлешова, старосталары араласып, оқудан шығармай алып қалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, наразылық шеруіне қатысқан уақытта түсіріп алынған фотосын көрсетіп, күніне бірнеше рет жауап алды, түрмеге қамаймыз, соттаймыз деп ол кездегі жас Мейрамгүлді қатты қорқытқан.

Оқу бітіргеннен кейін Мейрамгүл Алматыдан Торғай облысына – Арқалыққа кетіп, сол жақта тұрмысқа шығып, жанұялы болды. Халық алдында ән салуға, өлең айтуға бұрынғы сияқты құзырлы органдар ұстап алып әкете ме деп қорқып, жай ғана тыныш, күнкөріс үшін базарда саудамен айналысқан. 1986 жылы саяси қудалауда көрген, тергеу органдарынан қатты қорқып қалғандықтан, «осы уақытқа дейін тиісті құзырлы органдарға Желтоқсан оқиғасына қатысқаным туралы бертінге дейін басқа адамдарға айтуға қорықтым» дейді Мейрамгүл.

Еліміз егемендік алғаннан кейін түсірілген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильмдерде студенттер шеруінде Мейрамгүлдің жүргені көрсетілген. Сол деректі фильм, фотосуреттер бойынша Мейрамгүлді Желтоқсан оқиғасын зерттеушілер «Азат», «Дат» газеттеріне жазып іздеген.

Мейрамгүл өзінің әңгіме­сінде бір күні базарда жанындағы газет қарап отырған сатушы әйел газетті көрсетіп: «Мынау газеттегі суретте сен емессің бе? Сені барлығы іздеп жүр ғой» деп газетті көрсетті. Бұрын қатты қорқып қалғандықтан қол-аяғым дірілдеп, газетте 1986 жылы 16 желтоқсандағы ескі фотомды көрдім. Оқысам, «Дат» газетінде «Желтоқсан аруы қайда жүр екен?» деген мақала. Онда КГБ, КНБ, советтік соттың, прокуратураның зорлығынан сескеніп, сақтық жасап жүр ме екен, осы аруды табуға көмектесіңіздер деп жазыпты. Осыдан кейін көңіл орнына біртіндеп түскен.

Егемендік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңына (әрі қарай – заң) және басқа да заңдарға сәйкес, елімізде Желтоқсан оқиғасына қатысып заңсыз сотталған, қамалғандарды және заңсыз қудаланғандарды ақтау мүмкіндігі туды.

Осы жерде айта кететін бір жайсыздықтарға кездестік. 1986 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ жастары, аттан!» дегенде еш ойланбастан елі үшін ереуілге шыққан Мейрамгүл де сот, прокуратураға ақталуға берген арызы бір жылдан астам уақыт қаралды. 2022 жылдың 7 ақпанында Астана қаласы Алматы ауданы сотының шешімімен Мейрамгүл Искакова толық ақталып, куәлігін алды. Қуанышында шек жоқ!

Алайда 1986 жыл дәл осы 16 желтоқсанда қаншама жүрегі қазақ деп соққан бауырларымыздан айырылған күн екенін ұмытпағанымыз жөн. Жүрегі қазақ деп соққан әрбір адамға белгілі ғой, қазақ еліне тә­уелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Мүмкін Мейрамгүл сияқ­ты осы уақытқа дейін өзінің Желтоқсан оқиғасына қатысқанын құзырлы органдардан қорқып, жасырып жүргендер бар шығар. Олай болса ол адамдар жоғарыда көрсетілген заңға сәйкес жергілікті прокуратура органдарына арыз беруге құқығы бар.

Қадырбек ШАҚЫМОВ,

заңгер-зейнеткер

Астана қаласы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button