Басты ақпарат

Желтоқсан көтерілісі: беймәлім деректер

(Соңы. Басы №148 (4272) санында)

Сараптама сыры

Желтоқсан оқиғасы Балтық жағалауындағы және басқа республикаларда демократиялық процестердің дамуына себепші болды. Осыдан кейін егемендікке жаппай жол ашылды. Одақтас республикалар бірінен кейін бірі тәуелсіз дамуға бет бұрды. Сонымен бірге Бакуде, Вильнюсте, Ферғанада, Тбилисиде, Ригада қанды оқиғалар болды. Онда да тоталитарлық режим мен ресей танкілерінің қанды іздері қалды. Осыдан-ақ бостандық пен тәуелсіздік оңайға түспейтінін аңғаруға болады. Ақырында салтанатты сәт те туды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында көтеріліске қатысқандар ақталды. Қазақстанның тәуелсіздігі де сол жылдың 16 желтоқсанында жариялануы да кездейсоқ емес. Мұның тарихи заңдылығы бар. Бұл – көтеріліске қатысқандардың ерлігін мойындау. Мұны желтоқсан қаһармандарының халық жадында мәңгі сақталатынының себебі деп білу керек.

[smartslider3 slider=1500]

Тәуелсіздік алғаннан кейін бір жылдан соң Конституциялық сот Желтоқсан қөтерілісіне байланысты сот ісін қозғауға мәжбүр болды. Оған бірден-бір себеп сол көтеріліске қатысқандарға жазалау шараларын қолданғандары үшін МҚК, ІІМ, Прокуратура, Жоғарғы сот, тіпті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін жауапқа тарту жөніндегі жапа шеккендердің көптеген арызы еді.

Бұл іс қоғам мен халық арасында керемет назар аударушылықты туғызды. Біріншіден, қазақ жастарының ашық наразылығын аяусыз жазалау әдістерінің толық құпиясы ашылуы тиіс еді. Сол жылдары жапа шеккендердің саны, мемлекет қайраткерлерінің рөлі, жастардың батылдығы мен ұлт зиялыларының қорқақтығы туралы қауесеттер тарап кеткен-ді. Екіншіден, 1993 жылы Ресейдің Конституциялық соты КОКП Орталық Комитетінің қызмет бабындағы билікті асыра пайдаланғаны жөнінде іс қозғай бастады. Компартияның қызмет бабында жазалаушы орган екенін Желтоқсан көтерілісі басылып-жаншылысымен алаңға шыққан жастарды жаппай аяусыз жазалау шараларынан, қазақ халқына негізсіз тағылған ұлтшылдық айдары мен оларды қудалау саясатынан аңғаруға болатын.

Сот ісінің ерекшелігі мен айыр­машылығы КОКП Орталық Комитетінің, сондай-ақ МҚК-ның нұсқауларына заң тұрғысында баға берілуінде еді. Сарапшы ретінде шақырылған біздің заңгер ғалымдар осы іске байланысты Конституциялық сот қойған сауалдарға толық жауап берді. Мысалы, олар 1986 жылғы 18 желтоқсанда КОКП Орталық Комитеті саяси Бюросы қабылдаған алғашқы құжатты жан-жақты зерттеді. Мәскеу бірден бұл оқиғаға саяси баға беріп қоймай, шеруге қатысқандарды жазалаудың алғашқы шараларын белгілеп те үлгерді.

Комиссия жұмысына тартылған заңгерлер жоғарыда сөз болған құжаттың Қазақ КСР-ның 1978 жылғы Конституциясына қаншалықты сай екенін тексергенде, партия өзі құрған режимге қауіп-қатер төнген сын сағатта қоқан-лоқыға көшетіні байқалды. Сөйтіп, тоталитарлық режим көп дәріптейтін демократия мен Қазақстанның егемендігін қамтамасыз ететін Конституция бірден аяққа басылды. Сарапқа алынған осы құжаттың машинкаға басылған екі беттік парағы егеменді мемлекеттің Негізгі заңы деп аталатын 62 беттік Қазақ КСР-ы Конституция пәрменінен асып түсті.

Біріншіден, КОКП Орталық Комитетінің қаулысы былай қарағанда қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын-­алуға бағытталған әсер қалдырады. Алайда заңды қамтамасыз ету міндеті мен құқықтық тәртібін қорғау Қазақ КСР-ы Конституция­сының (4-баптың 3-тармағы, 75-баптың 4-тармағы, 118-баптарына сай) саяси партиялардың емес, мемлекет пен оның органдарының қызметіне жатады.

Екіншіден, ғажап шапшаңдықпен (бір тәуліктің ішінде) алаңда болып жатқан оқиғаға бұзақылар мен тонаушылар жасап жатқан ұлтшылдар әрекеті деген құқықтық баға беріп, Саяси Бюро алаңда болған адамдардың ары мен намысын, адамгершіліктерін аяққа таптады. Әдетте, мұндай айыпты тек қана сот беретінін біле тұра Саяси Бюро соған әдейі барды деуге негіз бар. Сотқа дейін айып тағу Қазақ КСР-ы Конституциясының 55-бабында айтылған «жеке тұлғаны сыйламау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау – барша мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және лауазымды қызметкерлердің міндеті» деген қағиданы тікелей бұзу болып табылады.

Желтоқсан оқиғасына осылайша асығыс баға беру, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы орталық Комитеті мен обкомдардың шешімдерін көптеп тарату соттарға тікелей қысым жасауға әкеліп соқтырды. Бұл сол кездегі республиканың Негізгі заңында айтылған «соттар мен халық заседательдері тәуелсіз және тек қана заңға бағынады» деген 155-бапты бұзды. Ал ол уақытта соттар мен заседательдердің бәрі партия мүшесі болғанын ескерсек, онда олар коммунистік тәртіпті бұлжытпай сақтай отырып, Конституция баптарынан гөрі Желтоқсан көтерілісіне баға беріп үлгерген Саяси Бюроның нұсқауын орындағаны айдан анық.

Үшіншіден, Саяси Бюро Қазақ КСР-ы Конституциясына сәйкес Қазақстанға мемлекеттік субъект ретінде қараудың орнына, саяси құйтырқыға барып, «Алматыда коменданттық сағат енгізу» жөнінде шешім шығарды. Соның дәлелі ретінде КОКП Орталық Комитетін, қажет жағдайда жергілікті жерлерде жазалау шараларын қолданатын орган екенін әшкерелейтін, сол кезде санаулы ғана адамдардың қолына тиген бір құжатты келтірейік. Құжат «КОКП Орталық Комитеті саяси Бюросының 1986 жылғы 18 желтоқсандағы 45-мәжілісінен үзінді» деп аталады. Ол Саяси Бюроның мәжілісі аяқталысымен Г.В. Колбиннің өзіне деген шифротелеграмма арқылы жіберілді. Онда Алматыдағы жағдайға байланысты шаралар туралы айтылған. Бұлар 6 тармақтан тұрады, оның төртеуі – ұсыныстық, ал қалған екеуі нұсқау ретінде жолданған. Талдау үшін біз екеуін келтірейік.

«2-тармақ. Жағдай шиеленіскен кезде әскери құрылымдарды пайдалана отырып, Алматыда коменданттық сағат енгізу қажет деп санаймыз. Орталық Комитеттің Саяси Бюросы мәжілісіндегі пікір алмасуды ескере отырып, Алматыда коменданттық сағатты енгізу үшін қажетті шараларды қысқа мерзім ішінде жүргізу жөнінде КСРО Қорғаныс министрлігіне тапсырма берілсін».

«4-тармақ. Қала халқы болған оқиға жөнінде жедел түрде ақпаратпен қамтамасыз етілсін. Бұл оқиға кейбір адамдардың ұлттық пиғылымен байланысты деген түсініктеме жүргізілсін».

Жастар мен студенттерді, көптеген зиялыларды жаппай жазалау жөніндегі мәселенің қайдан шыққаны осыдан-ақ белгілі болды. Шектеусіз өкілетті нұсқау алған құқық қорғау мен сот органдары дереу «іске кірісті». Кінәлілер болмаса да құқық қорғау органдары оларды «тапты» және «істерін» сотқа дейін жеткізді.

Мұндай жағдайда ІІМ, МҚК мен прокуратураның қызметкерлері жоғарыдан түскен нұсқауларды бұлжытпай орындап, шеруге шыққандарды жаппай қамай бастады, асығыс жағдайда тергеу жүргізілді. Негізінен, Қазақ КСР-ның қылмыстық кодексінің 60,65-баптары бойынша жаттанды қаулылар шығарылды.

Мысалы, сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы Т.Айтмұқанбетов: «Желтоқсан оқиғасына қатысқандар жөніндегі істі тек қана ұлты қазақ соттар ғана жүргізеді, олар ешқандай аяушылыққа, тергеуді қайта жүргізуге, әсіресе оларды ақтауға жол бермеулері керек» деген нұсқау берді. Ол кезде жазалау шаралары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің, әкімшілік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі Ефимовтің қатаң бақылауында болатын. Тергеу нәтижелерінің барысын оларға Жоғарғы сот төрағасы тікелей жеткізіп отырды.

Сол жылдардағы Қазақ КСР-ның Конституциясында да, басқа да заң актілерінде төтенше жағдайды енгізу,арнайы құралдарды пайдалану, соның ішінде коменданттық сағатты енгізу көзделмеген еді. Мұндай шешімді тек қана мемлекеттің ең жоғарғы органы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі немесе оның Президиумы қабылдауға құқылы болатын. Алайда осы мәселені шешу үшін Жоғарғы Кеңес те, оның Президиум Мәжілісі де шақырылмады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен оның Президиумы дәрежесін анықтайтын 1978 жылғы республика Конституциясының 97 және 106-баптары аяққа тапталғаны бірден көзге ұрып тұр.

Сонымен әскерді пайдалану мәселесі қаншалықты заңға сай келеді? Әдетте бұл жағдай соғыс болған кезде елдің егемендігін, мемлекеттік шекара және елдің аумағы мен қорғанысын қорғаумен байланыстырылады. Ондай мәселелер – 1977 жылғы КСРО Конституция­сының 73-бабының 8-тармағына, 121-бабының 15-тармағына сәйкес КСРО Жоғарғы Кеңесі мен оның Президиумының құзырында болатын жағдай. Алайда болған оқиға бүкіл елдің немесе республиканың мемлекеттік қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығына, билік пен басқару органдарының заңды құрылымдарына қауіп төндірген жоқ. Бұл жағдайда әскерді пайдалану заңды белінен басу болып табылады.

Төртіншіден, аталған қаулыда көзделген шаралар сөз, баспасөз, митинг пен көше шерулері және бұқаралық жиындар туралы айтылған 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының 48-бабының 1-бөлігіне сай келмейді. Әсіресе, бұл газеттер, радио мен телевизия арқылы халыққа біржақты ақпарат беру, болған оқиғаны бұрмалап көрсету жөніндегі өктемдік нұсқаулардан байқалады. Билік тарапынан құқық қорғау органдарына, ерікті халық жасақшыларына, әскери құрылымдарға азаматтар топтап жиналатын жерлерге патрульді күшейту жөнінде нұсқау түсті. Яғни өкіметтік күштер әкімшілік жазаға тарту мен тұтқындауға, шеруге шыққандарды тінтуге, оларды қуып таратуға, республиканың басқа аймақтарынан келушілер үшін әкімшілік органдар Алматыны жабуға нұсқау берді. Ал бұл сол кездегі республика Конституциясына қайшы заңсыздық еді.

Бесіншіден, республикадағы қазақтар мен басқа ұлттарды әдейі бір-біріне қарсы қою және қандай да болсын ұлттық көріністердің алдын алу шараларын жүргізу жөнінде нұсқау алу, институттардағы студенттердің, ұстаздардың ұлттық құрамын анықтау мен басқару органдардағы ұлт кадрларына күдікпен қарау түрлі жазалау шараларын іске асыруға мүмкіндік тудырды. Интернационализм ұранын көтеру, шын мәніндегі республикадағы негізгі ұлт – қазақтардың құқығын шектеуге апарды. Ал Қазақ КСР Конституциясының 32-бабында республикада ұлт пен ұлыстың ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматтар тең құқылы делінген. Саяси бюроның қаулысында белгіленген шаралары 1978 жылғы республика Конституциясында жазылған:«Қандайда болсын азаматтардың тікелей немесе жанама түрде құқықтарын шектеу, олардың ұлыс пен ұлт белгісі бойынша тікелей немесе жанама түрде артықшылықтарын белгілеу, сондай-ақ, ұлыс пен ұлттардың араздығын тудыру немесе оларды елемеушілік заң бойынша жазаланады» дейтін 34-баптың 3-бөлігін қасақана бұзуға әкеліп соқтырады.

Алтыншыдан, Қазақ КСР-ы Конституциясының 68-бабын Саяси Бюроның өрескел бұзуы. Ол бапта «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы – егеменді, социалистік мемлекет» делінген. Яғни, дербес, тәуелсіз мемлекет дәрежесіне сай Қазақ КСР аумағына әскер енгізуге Саси Бюроның еш құқығы болмаған. Өйткені Қазақ КСР-ы аумағында болып жатқан оқиғалар республиканың ішкі мәселесі, көршілес республикалардың ешқайсысына қауіп-қатер төндіріп жатқан жоқ. 1978 жылғы Конституцияның 78-бабының 3- тармағы бойынша «мемлекеттік тәртіп пен азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау» Қазақ республикасының өз құқығына жататын мәселе делінген.

 Соттан шыққан лаң

Оқырмандардың көбі сараптама қорытындысымен танысқаннан кейін Конституциялық сот қандай шешім шығарды деуі мүмкін. Ол үшін іріктеліп құрылған соттың құрамына назар аударайық. Сол жылдардағы Президенттің кеңесшісі Қ.Сүлейменовтің қолынан шыққан тізім сол күйінде парламентке түсті. Оның құрамында бір академик, екі профессор, үш заң ғылымының кандидаты, қалғандары түрлі қызмет атқарған тәжірибелі мамандар болатын. Президент әкімшілігінен келген тізімді Мәжіліс депутаттары көп талқыға салмай бекіте салды. Осылайша, республиканың жоғары сот билігінде Конституциялық сот пайда болды. Оның құзырында қаралатын мәселелер өте өзекті еді. Ол азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуге, Ел Президентінің қол қойған заңсыз Жарлығы мен заңының күшін жоюға, Парламент пен премьер-министрдің заңсыз шешімдерін жоюға және осы аталған лауазымдарды биліктен тайдыруға құқылы болатын. Сот билігінің жоғары бақылаушы органы болып саналатын Конституциялық сот басқа өркениетті елдердегідей өзіне тиісті заң бойынша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңында көрсетілгендей, елдің тұрақты, демократиялық және өркениетті дамуын қамтамасыз етуі тиіс болатын. Іс жүзінде олай болмай шықты.

Мысал үшін, бұрынғы 12 шақырылған Жоғарғы Кеңес талқыға салған жаңа Конституция жобасын еске түсірейік. Құжат барлық соттарды біріктіруді көздеген болатын. Іле -шала барлық ақпарат құралдары құжат жобасын дайындаушыларға қарсы жаппай «шабуылға шығып», әлемдегі ең «әділ, ізгілікті» сотты тұншықтыруда» деп байбалам салды. Конституциялық сот құрамы да бұл науқанға белсене араласып, қоғамда қалыптасып бара жатқан осындай сәтті пайдаланып, республика жұртшылығы бізді «жаппай қолдауда» деп жар салды. Конституциялық сот төрағасының орынбасары И.Рогов осы сәтті пайдаланып, абырой- атақ жинау үшін әйгілі Желтоқсан оқиғасына байланысты іс қозғауға мұрындық болды. Алғашқы сот мәжілісі ұзаққа созылмады, көптеген фактілердің жетіспеуіне байланысты ол кейінге шегерілді. Кейінге шегерілу бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде сот ішінде дау-дамай пайда болды. Сот екі топқа бөлініп, құқықтық мәселелерді қарауда дәрменсіздік танытты. Бұл кезде сот төрағасының орынбасары Игорь Рогов та Желтоқсан мәселесінен қашқақтай бастады. Ақыры 1995 жылдың басында Желтоқсан мәселесін қараған Конституциялық сот бұл «іс сотта қаралуға жатпайды» деп оны мұрағатқа тапсырды. Сот құрамында әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ жастарын түрлі жазалауға қатысқан ­Жоғар­ғы сот құрамында Л.Башаримова, КазГУ-дегі заң факульте­тінде С.­Ударцев пен В.Малиновский­лер­­дің болғанын және оған қоса қазақ судьяларының анттан тайқып кеткенін ескерсек, бұдан басқа нәтиже күту мүмкін емес еді.

2-тармақ. Жағдай шиеленіскен кезде әскери құрылымдарды пайдалана отырып, Алматыда коменданттық сағат енгізу қажет деп санаймыз. Орталық Комитеттің Саяси Бюросы мәжілісіндегі пікір алмасуды ескере отырып, Алматыда коменданттық сағатты енгізу үшін қажетті шараларды қысқа мерзім ішінде жүргізу жөнінде КСРО Қорғаныс министрлігіне тапсырма берілсін». «4-тармақ. Қала халқы болған оқиға жөнінде жедел түрде ақпаратпен қамтамасыз етілсін. Бұл оқиға кейбір адамдардың ұлттық пиғылымен байланысты деген түсініктеме жүргізілсін.

Депутаттар мен қоғам мүшелері Конституциялық соттың шығарған шешімдері басқа соттар үшін үлгі болады деген сенімде боды. Өкінішке қарай, көпшілік жұрттың үміті ақталмады. Ғылыми атаққа ие болған сот мүшелерінің шығарған шешімдер сапасы ойдағыдай болмай шықты.

Көптеген сарапшылар мен саясаткерлер кезінде (1986 ж) Желтоқсан көтерілісшілерін қуғын-сүргінге ұшыратуға қатысқан адамдар қалайша республиканың Жоғарғы сот құрамына мүше бола қалды және оларды кімдер ұсынды деген сұрақтың жауабын осы күнге дейін ала алмай жүр. Олар шығарған күмәнді шешімнің салдарынан демократиялық жолмен сайланған Жоғарғы Кеңес таратылып, еліміздің дамуы кері бағытқа түсті.

Сол кезде республика Жоғарғы Кеңесінің конституциялық заң және адамдар құқығы жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары С.Жүрсімбаев «Советы Казахстана» газетінде (1994 ж.11.11.) былай деп жазған болатын: «следует признать, что не оправдались надежды широких слоев общественности, связанная с введением института Конституционного суда. Призванный быт судебным органом нового типа, он постепенно превращается в элемент административного ­государственного учреждения, более того, выступает как политизированный орган». Автор одан ­әрі былай дейді: « Сот бір жыл бойы істерді қарамай, тек қана қаулы шығарумен шектелуде. Олар кезекті істі тоқтатып немесе сот ісінен алып тастаумен айналысуда. Соттағы дағдарыстың белгісі айқындала және айшықтала түсті».

Екінші бір жарияланымда ­(«Панорама» N 46, 1994 ж.) ­былай делінген: Конституциялық сот мүшелері он ай бойы бірде-бір істі аяқтамай, тікелей міндеттерін орындаудың орнына өзара қысас­тықпен айналысуда, бір-біріне соғыс жариялап, диссертация қорғаумен және… Ата заңға қарсы әрекет жасау­мен шұғылдануда. Мұндай асыра сілтеушілік шалғайдағы артта қалған шаруашылықта емес, заңды қатаң сақтауды міндетіне алған жоғары сот жүйесінде орын алғаны кімді болсын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз.

Келеңсіз жағдайдың белең алып бара жатқанында оған тосқауыл қойып, сот жұмысын мақсатты бағытқа бұрудың орнына, сот төрағасы М.Баймақанов «болған іс болды, бояуы сіңді» деп бейжай отыра берді.

Әрине, сол кезде Конституция­лық сот мүшелеріне әртүрлі ­қысым жасалынды, өкінішке қарай, олардың бәрі бірдей оған шыдай алмай, ­ант пен абыройдан тайқып кеткендер ­де болды. Ал осындай қысымға ­төтеп беріп, сот анты мен азаматтық борышын өтеген судьялар ­Сабыр Қасымов пен Григорий Кимдер небір құпиялы деректердің көзін ашып, Конституциялық соттың қарауына ұсынды. Алайда дайын материалдарды қарап, тиісті шешім шығарудың орнына Конституция­лық сот топ-топқа бөлініп, өзара қырқысумен айналысып кетті.

 Мейрам Байғазин,

 Нұр-Сұлтан қалалық

Ардагерлер кеңесінің мүшесі,

 Қазақстанның құрметті

журналисі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button