Басты ақпарат

Желтоқсан көтерілісі: беймәлім деректер

Бұл мақаланың жазылуы да, келтірген фактілердің қамтылып, баяндалуы да Желтоқсан көтерілісіне байланысты осыған дейін айтылып немесе жазылып келген дүниелердің көбіне ұқсамайды. Олай болатын жөні де бар. Өйткені мақала авторы журналист Мейрам Байғазин 1993-1995 жылдары Конс­титуциялық сотта баспасөз хатшысы болып істеген. Ал сол уақытта автордың аталмыш оқиға – 1986 жылғы мәселесімен дендеп айналысқаны мәлім. Автор осы мақаласында сол жағдайды пайдаланып көптеген құжаттарды өз көзімен көрген, біраз жәйттерге тікелей куәгер болғанын нақты деректермен баяндайды.

[smartslider3 slider=1459]

 Себеп пен салдар

Бүгінде Желтоқсан көтерілісіне себеп болған нендей жағдай еді деген сұрақтар жиі қойылады. Меніңше, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселесінің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болатын. Оған Орталықтың Қазақстан шекарасын бірнеше рет өлшеп-пішкенін айтсақ та жеткілікті. 1960 жылы тың өлкесі құрылғаннан кейін оның біраз бөлігін РСФСР құрамына береді деген лақап шықты, бұл жағдай республика жастары мен студенттердің іштей наразылығын туғызды. Одан кейін Шымкент облысының мақта өсіретін үш ауданы Өзбекстанға өтіп кетті. Мұны да тұрғылықты халық наразылығын туғызды. Ал 1979 жылғы Целиноград оқиғасын да халқымыз әлі ұмыта қойған жоқ. Елдің көзін бақырайтып қойып неміс автономиясын құрайық деу орталықтың нағыз кеудемсоқ әрекеті болатын.

Қазақстан табиғи байлығы ең мол өлке бола тұра, дамыған өнеркәсіпті республикалардың шикізат базасына айналды. Бұған қоса жергілікті халықтың 70 пайызға жуығы ауылды жерлерде тұрды, жұмыссыздық көбейіп, тұрмыс деңгейінің төмендеуі елдің көңіл-күйіне әсер етпей қойған жоқ. Инфляцияның бой көтеруі ең алдымен, көпбалалы отбасылар мен жастарға ауыр тиді. Экономист Ерлан Арынұлының сол кездегі есебі бойынша, Қазақстандағы әрбір көпбалалы отбасыларға шаққандағы табыс мөлшері 30-дан 80 сом аралығында болды. Бұл өмір сүруге қажетті деңгейден әлдеқайда төмен еді.

Жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі салдарынан жастар 70-80 жылдары қалаға қарай ағыла бастады. Онда оларды қымбатшылық пен тұрмыстың қолайсыз жағдайы күтіп тұрды, жолы болғандар бар-жоғы шағын отбасылы жатақханаларға орналасты. Мысалы, 1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді. Ондағы студенттердің 57,7 пайызы ғана жатақханаға орналаса алды. Желтоқсан көтерілісі қарсаңында «еңбектен тыс табыс» дегенмен күрес пайда болып, соның салдарынан тек қана Алматыдағы пәтер жалдап оқып жүрген үш мыңдай студент баспанасыз қалды.

Ең бастысы, бір ғана ұлттың басым көпшілігінен тұратын одақтас елдердің билік органдарымен салыстырғанда біздің республика басшылығы көп ұлттан тұрды.. 1920-1986 жылдар аралығында бірен-саран қазақ болмаса ел партия ұйымына орыс пен еврей, поляк пен грузин және армян, ұйғыр жетекшілік етті. 1985 жылдың дерегі бойынша Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесінде қазақтар үлесі – 36 пайыз, орыстар 40,8 пайыз болды. Кеңес үкіметі жылдарында республиканың бірде-бір өкілін коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды Орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды. Ақыры Қазақстанда шексіз билікке ие болған және Орталық мүддесін қорғайтын Г.Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы түгесілгендей еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті.

Жүйе мен жаза

 Жастардың алаңға шығу себептері әртүрлі. Олардың кейбіреулері мұнда талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа өкпе-наразылығын білдіргілері келсе, басқалары «ұлттық намысты қорғау» ұранына еліктей аттанды.Шеру саяси сипатта өтті және ол басқа халықтарға соның ішінде орыстарға қарсы бағытталмады.

17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды.

Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына деген басты кінәні саяси пікірталастан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдарының шенеу­ніктеріне арту керек. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен милицияға қара күш қолдануға рұқсат берілді. Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінен Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, 2 адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11- і университеттен қуылды.

Алматы сәулет-құрылыс инс­титутының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды. Мұндай қайғылы мысалдар аз емес. Жазалау шараларын сонда кімдер жүзеге асырды?

Ішкі істер министрлігі штабының бас инспекторы Еркін Әлиұлы Өтегеновтің Конституциялық сотқа берген түсініктемесінен:

«… МХК мен ІІМ дайындаған фотоальбом бойынша оқиғаға қатысушыларды анықтау біздің топқа жүктелді.

Топ қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратында орналасты. Фотоальбомдар барлық аудандық ішкі істер бөлімдеріне таратылды, ал біздің топ нәтижені дереу ІІМ мен республика прокуратурасына жеткізіп тұрды.

Жұмыстың сипаты мынадай еді: милиция қызметкерлері кәсіпорындарды, мекемелерді және оқу орындарын аралап, азаматтарға фотоальбомдарды ұсынды. Мұндайда тек қана жария­лылықты пайдаландық. Іздеген адамдарды тапқан сайын фотоальбомдарға белгілер қойылып, олар ІІМ-де ұйымдастырылған штабқа жеткізілді.

… Егер сол кездегі оқиғаға баға беретін болсақ, мен мынаны айтар едім. Көптеген адамдар соның нәтижесінде қызмет бабындағы мансапқа жетті. Негізгі кінә үкімет пен партияға артылды.» (Конституциялық сот және Желтоқсан туралы іс, 8-том, 137-бет).

Зейнеткер Николай Петрович Ловгиннің еске түсіруінен: «Қазақстанның МҚК органдарында мен 1987 жылдың мамырына дейін тергеу бөлімінің бастығы болып қызмет істедім. Сол кезде МҚК-ның төрағасы В.М.Мирошникпен ара қатынасымыз шиеленісіп кеткеннен кейін мен 1986 жылдың наурызында жасымның келуіне байланысты аталмыш органнан шығару жөнінде рапорт бердім. Бірақ-та «мені шығару» 1987 жылдың мамырына дейін созылып кетті. Өйткені орнымды басатын адам таба алмады, ал дәлірек айт­сақ, өз орынбасарым қазақ жігіті С.Мырзалинді тағайындағылары келмеді. Ақыры менің орныма сонау Украинадан ешкімге белгісіз Закриевскийді алып келді. Біліп отырған боларсыздар, біліктілік пен кәсібилікті қажет ететін істен ұлттық кадрларды ғана емес, түпкілікті қазақстандықтардың өздері аластатылды. Барлығымызға Алматыдағы оқиғаны ұйымдастырған ұлтшылдарды табу жөніндегі тапсырма берілді. Алайда ол табылмады, өйткені Қазақстанда ондай ұйымдар атымен жоқ болатын.

Егер менің пікірім бірдеңеге жарайтын болса, онда 1986 жылғы 16 желтоқсандағы астанадағы оқиғаның басты кінәлілері деп КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері мен соны басқарып отырған М.Горбачев деп санаймын. Олар істің байыбына бармай, теріс шешім қабылдады, біздің интернационалдық республикамызға қайдағы бір Колбинді жіберді.

Мен қатардағы коммунист ретінде өзімнің және көптеген жолдастарымның пікірін білдіремін. Бұрынғы басшылардың шала шешімдерінің салдарынан біздің жастар жазықсыз жазаланды». (Конституциялық сот және желтоқсан туралы іс, 8-том, 100-бет)

Осы жағдайды сол кезде 1985 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың қыркүйегіне дейін Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеген Марат Шорманов былайша еске түсіреді:

«Бұл оқиғаны қазір ой елегінен өткізіп отырсам, 17 желтоқсан күнгі шеру демократиялық сипатта заңды өтті және ол сол кездегі КСРО мен Қазақ КСР Конституцияларының нормаларынан асқан жоқ.

Оқиға жөніндегі қалыптасқан қоғамдық пікірге қосыламын. Жаппай тұтқындау мен ұрып-соғу, жоғары оқу орындарынан, партия мен комсомолдан қуғындау, шеруге қатысушыларға қарсы жұмысшылар жасағын құру мен оларды қазақ жастарына қарсы қою, әскерлерді жазалаушы ретінде пайдалану, бәрі Конституцияға және заңға қарсы әрекеттер деп санаймын». (Конституциялық сот және желтоқсан туралы іс, 8-том, 273-бет).

Конституциялық сотқа кейбір халық соттарының берген түсініктемелерінде олар оқиғаның басынан бастап өздерін жастарды әкімшілік жауапқа тартуға нұсқау алғандарын мойындады. Ондай нұсқауды республика Жоғары Төрелік сотының бұрынғы төрағасы, ал сол кездегі Әділет министрінің орынбасары ­И.А. ­Тетеркин берген.

Жоғарыда келтірілген мысалдар партия шенеуніктерінің қолшоқпары болған, қуғын-сүргін мен жазалауды мүлтіксіз жүзеге асырып отыратын сол кездегі құқық қорғау органдарының жұмыс әдісін сипаттап береді. Мұндайды тек 1937 жылмен салыстыруға болар еді.

Енді жазықсыз жапа шеккендер, сотталған, түрлі дәрігерлік «сынақтан» өткен, қорланып, намыстары тапталған жандар өмірінен деректер берейік.

Шымкент облысы Бөген ауданы Ақжол ауылының тұрғыны, зейнеткер Ақпал Молданазарованың сол кездегі Конституциялық сотқа жазған арызынан үзінді :

« Менің қызым Кенжегүл Молданазарова – Алматы медицина институтының студенті. 1986 жылдың 18 желтоқсаны күні көшеде келе жатқан кезінде солдаттар «торына түсіп», басынан қатты соққы алды. Аурханада қызымды дұрыс қарамай, тез шығарып жіберген. Ол алаңға өзінің немере сіңлісі, байланыс техникумының студенті Анар Бәдіренованың қайда екенін білуге барған. Анар да соққыға жығылған.

Оқиғаның ушығуына, оның тым ауыр сипат алуына деген басты кінәні саяси айтыстан қашқақтаған, нақты жағдайда біліксіздік танытқан партия мен үкімет органдарының шенеуніктеріне арту керек. Соның салдарынан құқық қорғау органдары мен милицияға қара күш қолдануға рұқсат берілді. Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінен Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойын­ша – 99 жас сотталды, 2 адам ату ­жазасына тартылды.

Қызым Арыс, Шымкент ауруханаларында емделгенімен, нәтиже шықпады. Сосын оны Ташкентке алып бардық. Ондағы зерттеу кезінде басына қатты соққы тигендіктен, миына қан құйыла бастағаны белгілі болды. Операция үстінде Кенжегүл дүние салды.

Қызымның өліміне кінәлі қанішер солдаттар мен милиция қызметкерлері және соларға бұйрық беріп, жастарды жазалаған басшылар жауапқа тартылуы тиіс. Мұны мен ана ретінде өтінемін». (Конституциялық сот және Желтоқсан оқиғасы туралы іс, 9-том, 265-бет.)

Көздеріне қан ұялаған жендеттер қолдарына кімнің түскенін де ажыратып жатпады. Ұйғыр жігіті Абайдолла Рузиевтің сол кездегі басынан кешкенін ешкімге де тілемей-ақ қояйық.

«17 желтоқсанда мені тұтқындады да, 15 сөткеге жауып тастады. Осы 15 күн ішінде тергеушілер небір сұрақтар қойып, менің қайдағы бір қылмысқа қатыс­тылығымды айтып, ұрып-соғумен болды. Шағын камераға 30-дан артық адам әрең сыятын еді. Онда сыз тартып, суық болды. Ақыры мен ауырып қалдым. 15 күннен соң жұмысқа оралдым. Бірақ 1987 жылдың қаңтарында мені қайта шақырып, түрмеге жауып тастады. Тергеушілер Сафонов пен Бейсалиев менің әскери курсанттарға қол жұмсағаным жөнінде түсінік беруімді талап етті. Көнбеген едім, олар ұрып-соғуға көшті. Қорлыққа шыдай алмай, өз «кінәмді» мойындадым, сөйтіп бес жылға кесіліп, айдауға кеттім. Әкем дүниеден ерте кетіп, үйде шешем үймелі-сүймелі 7 баламен қалды. Алатыны – бар-жоғы 75 сомдық зейнетақы.

Айдауда жүргенде ең бір қиын жерде болдым, тайганың 50-60 градустық аязы табанымнан өтіп, арқамнан шыққандай болды.(Бұл да сонда: 10-том, 78-бет).

Алматы оқиғасының жаңғырығы басқа қалаларға да жетті. Барлық жерлерде студенттер мен жастар жиналып, ұлттық мәселені жоққа шығарып отырған орталықтың өктем саясатына қарсылық білдірді. Оған жауап ретінде жергілікті билік органдарды жазалау әрекетіне көшті. Сондай жапа шеккендердің бірі целиноградтық Асқар Сағынаев Конституциялық сотқа былай деп жазды:

«Алматыдағы оқиға туралы естіген соң, біз қазақ студенттері Г.Колбиннің атына қарсылық хат жаздық. Жоғары оқу орындарының студенттері қол жинауда белсенділік танытты. Сол үшін бізді ұстап, соттады.

Мені бірден «есі» дұрыс емес деп тапты. Күштеп «емдей» бастады. Сегіз ай бойы олар жүйкеге әсер ететін дәрілерді беріп, осылайша менің «саяси көзқарасыммен» күресті.

…Кейіннен мен Жоғарғы соттың шешімі бойынша ақталдым, өйткені менің іс-қимылымда еш қылмыс жоқ деп тапты. Әйтсе де, бұл толық ақталу емес. Өйткені дәрігерлер анықтаған «дерт» әлі де алынған жоқ. Тоталитарлық жүйенің жандайшаптары улаған менің денсаулығымды кім қалпына келтіреді? Олар осы күнге дейін адам құқығын таптағандарын, сау адамды ауру қылғандарын, мойынсұнбағандарды басып-жаншығанын еске алғылары келмейді.

Қазір мен институтты тамамдадым, отбасылы, бала-шағалы болдым. Бірақ та сонау аязды күндері тапталған ар-намысым кейде түн ұйқымды төрт бөледі. Біздің қазіргі билік органдары сол кездегі оқиғаға саяси баға беруге батылы барар ма екен? (Конституциялық сот және желтоқсан оқиғасы туралы іс, 10-том, 66-бет).

1993-1994 жылдарғы Конституциялық сотқа жазылған осындай хаттардағы оқиғаларды талдап қарайтын болсақ, онда жазалау әдістерінің бір-бірімен ұқсастығын байқаймыз. Сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы неге жазбаған? Оның себебі айдан анық. Егер шындықты адамдар білетін болса, онда «бір топ бұзақы маскүнемдер мен нашақорлардан басқа Қазақстанның еңбеккерлері пленум шешімдерін бірауыздан мақұлдады» деген жалған ақпар иесі – ТАСС-тың өтірігі шығар еді. Сонымен бірге ойдан шығарған ақпараттарды таратуға қатысқан Соломенцев пен Колбиннің беделі түсер еді. Олар үшін ең қорқыныштысы осы болатын. Бірақ, бір нәрсе айқын: алаңға шыққан жастардың қимылын билеп-төстеушілер бәрібір қылмыс деп жариялады. Осыдан барып олар жастарды соққыға алды. Қазіргі күнге дейін қанша адам тұтқындалғанын ешкім айта алмайды. Өйткені құқық қорғау органдарының құжаттарында «бірізділік» жоқ. Олардың жаттанды жауабы: «Сақтауға деген шектеулі мерзімнің бітуіне байланысты барлық құжаттар кезінде өртелінген». Прокуратураның дерегі бойынша тұтқындалғандар – 2400, Ішкі істер органдарында – 2336, ал МҚК-да 2212 адам дейді. Осыларды Парламент комиссиясының деректерімен салыстырғанда 3115 адам болады.

Оқиға кезіндегі ең қорқынышты да, қауіпті де нәрсе – биліктің халықтар арасына сына қағуында. Істің байыбына барудың орнына бір халық түгелдей ұлтшыл деп жарияланды. Содан соң олар студенттердің, ғылыми қызметкерлердің, жұмысшылар мен басшылардың ұлттық құрамын, аралас некелердің сандарын мұқият есептей бастады. Мұның бірде-бірі достықты нығайтуға бағытталған шаралар емес еді.

 Мейрам Байғазин,

Нұр-Сұлтан қалалық

Ардагерлер кеңесінің

мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі

(Жалғасы бар)

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button