Желтоқсан қалтарыста қалмаса…
«Қазақстанның тәуелсіздік мерекесі» ретінде бұрындары дабыра-думанмен аталатын 16 желтоқсан биыл сүреңсіздеу болғандай, алаңдарда киіз үй тігіліп, мәдени іс-шаралар да өткізілгенін байқамадық.
Соңғы жылдары «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданған 25 қазанды Республика күні ретінде атап өте бастадық. Бұл мерекеге ерекше мән беріліп, көптеген шаралар өтетіні көңіл қуантады. Бірақ декларация 25 қазанда қабылданғанымен, тәуелсіздікті әліптің артын баққандай жалтақтап отырып немесе мақсатты түрде 16 желтоқсанда жариялап, «Қазақстан тәуелсіз мемлекет» деп айдай әлемге жар салғанымызға тарих куә. Ендеше қазақ халқы үшін 25 қазан да, 16 желтоқсан да – тарихи күн. Абылайдың аңсағаны, Кенесарының көксегені орындалған күн!
Әрине, 16, 17 желтоқсанды 1986 жылы қазақтың қаны төгілген «қаралы күн» деп қарап, бұл күнді мереке емес, қаралы күн ретінде атап өту керек дейтіндер де бар. Желтоқсан құрбандарын еске алып, азалы өлеңдерін жариялап жатқандар да табылады. Бірақ халық 16 желтоқсанда алаңға шыққанымен, қанды жаныштау 17 желтоқсан күні болды. Ендеше, 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні, 17 желтоқсанды Тәуелсіздік үшін күрескен құрбандарға тағзым ететін күн ретінде атап өтудің еш әбестігі жоқ деп ойлаймыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 17 желтоқсан «Демократиялық жаңару күні» деп аталып, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын еске алу күні ретінде белгілеген. Сондай-ақ 16, 17 желтоқсанда қазақстандықтарға 2 күн демалыс берілетін. Ендеше желтоқсан құрбандарын еске алатын күнді дәл Тәуелсіздік күніне әкеліп мінгестіру де ыңғайсыз. Қазіргі кезде «Демократиялық жаңару күні» деген атау да ұмытылып бара жатыр. Ол тіпті ресми мереке күндері тізімінде де жоқ секілді.
Қазақ елі тарихында өзіндік орны бар Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашындай Желтоқсан оқиғасы қалтарыста қалмаса екен…
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ