ЖаңалықтарТағзымТаным

Желтоқсан тағылымы

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен «Желтоқсан-1986: азаттық рухы және отаншылдық құндылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

[smartslider3 slider=786]

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен сол оқиғаның куәгерлері мен жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Басқосуды қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов алғы сөзімен ашты.

– Қазақ тарихы тәуелсіздік пен еркіндік жолындағы күрестер тарихы екендігі ақиқат. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Ұлттық сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті. Бұл – жалынды жастарымыз бен тәуелсіздік көксеген ата-баба рухының алаулаған күн. Желтоқсан оқиғасы – бәріміз үшін маңызды тарихи белес, – деді Асхат Раздықұлы.

Сонымен бірге кездесуге модераторлық еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы да Желтоқсан көтерілісінің қазақ тарихындағы маңызын, одан тағылым алу мәселесі туралы сөз қозғады.

Конференцияда алғаш болып баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Әміржан ­Әлпейісов Желтоқсан көтерілісімен «Жас тұлпар» ­ұйымының арасында тарихи сабақтастық бар екендігін тілге тиек етті.

– Меніңше, бұл көтеріліс – дәстүрдің жалғасы, мұнда тарихи сабақтастық болды деп айта аламын. Тарихи сабақтастық туралы айтқанда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс арасындағы мына бір байланысқа назар аудармасқа болмайды. 1916 жылғы көтерілісте патша үкіметі түрлі амал-айла арқылы халықты ашындырып, өзіне қарсы қойып алды. 1986 жылғы көтерілістің алдында да мұндай әрекеттер болды. Көтеріліске дейін сол кездегі Алматы қаласының атқару комитеті пәтерді жалға беруге тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Ал ол кезде Алматыға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер, жұмысшы жастар жатақханада орын тимесе пәтер жалдап күнелтетін. Әрі жергілікті алматылықтардың арасында өзінің жеке пәтері бар қазақтардың үлесі тым аз еді. Демек, әлгі бұйрық арқылы қала билігі сол кездегі ел астанасы болған Алматыға қазақтарды жолатқысы келмеді. Тағы бір даулы мәселе Желтоқсан көтерілісінің сипатына байланысты. Оған біреулер оқиға деп қана аясы тарлау мағына үстегісі келеді. Шын мәнінде бұл көтеріліске жатады. Осында куә болған жандар да сөзімді құптар, Желтоқсан көтерілісі 1986 жылдың 16 желтоқсанында түс ауа басталған көтеріліс 19 желтоқсанға дейін жалғасты. Бұл оның жай ғана оқиға еместігін дәлелдейді, – деді Әміржан Әлпейісов.

Желтоқсаншы Ермұхан Қуандықов көтеріліске қатысып, қуғындалған жастарды Ақтаудағы Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының жұмысы туралы баяндады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Желтоқсан көтерілісіне әлем елдеріндегі көзқарас турасында сөз сөйледі.

Конференцияда Желтоқсан көтерілісін зерттеу, әділ баға беру, оның бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік қасиетін дарытудағы маңызы турасында да ұтымды ұсыныс, келелі пікірлер айтылды. Өз тарапынан желтоқсаншылар Желтоқсан қаһармандарының атын көшеге, саябаққа беру туралы ойларын ортаға салды. Жиын соңында басқосудың қарары қабылданды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button