Басты ақпарат

Желтоқсан жаңғырықтары

(Соңы. Басы №147 нөмірде)

 Ұзын дәліздің ең шетіндегі дәретханаға барып тығылдық. Бірақ, солдаттар бізді көріп қалыпты. Келген бетте, бізді күрекпен ұрып жығып, тепкінің астына алды. Басымды ғана бүркеп алғанмын. Сары бала үнсіз қалды. Тірі ме, білмеймін. Енді бір қарасам, терезенің жақтауына шығарып, мені төмен қарай лақтырып жіберді. Абырой болғанда, ағаш бұтақтарына соғылып, аман-сау қалдым. Бір аяғымның сіңірі созылыпты. Соған қарамай, тұра сала қаштым. Қиралаңдап келе жатқанымда, көшеде бір қазақ таксист кездесті. Жағдайымды айтып едім, апайымның үйіне дейін жеткізіп салды. Ертеңінде апайым мені ауылға алып кетті. Содан осындамын.

[smartslider3 slider=1461]

– Әй, Жеңіс, бауырым, осы айтқаның шын болса, онда мен сені фотоға түсіріп алайын. Айт­қандарыңды жазып бер. Комиссияға кел. Оқуыңды қайта жалғастыруға көмектесеміз.

– Қойыңыз, ағасы. Осы көрген күнімізге зар боп қалармыз. Сотталып кетпей, аман қалғаныма шүкір. Тыныштық керек. КГБ онсыз да жиі мазалайды. Тек, сіздер байқастап жүрсін деп, ескертіп жатқаным ғой.

Бұл естігенімді жолда әріптес­теріме жеткіздім. «Бәсе, кеңселерде бір маманның жоқтығында сыр бар екен ғой» деп, олар да  таңырқаумен болды. Сол беті Еңбекшіге түс әлетінде барғанбыз. Ерболдың үйі ауылдың кіреберіс шетінде екен. Үйінде ересек жан жоқ. Аулада жүрген жасөспірім бала маңдытып ештеңе айтпады. Есімі Ержан деді ме, ұмытыппын. «Ерболдың әкесі Мұқажан ата мен апамыз ертеректе қайтыс болған. Біз алыс туыстары боламыз. Үйін қарап отырмыз» дегені ғана есте. Баладан басқадай не сұрайсың? Күн ысып барады. Су сұрап іштік. Жан шақырған соң, маңайдағы екі-үш көршісінің үйіне кіріп, жөн-жосық білейік дестік. Құдай-ау, «Көрші хақысы – Тәңір хақысы» деп, әншейінде шешенсіп жүретін жандар әп-сәтте пендеге айналып шыға келеді екен ғой. «Біз ештеңе білмейміз. Олармен араласпаймыз» деген суық сөзді естігенде, тас қабырғаға тірелгендей күй кештік. Одан әрі тұра берудің реті жоқ еді.

– Былай істейік, – деді Армиял осы Жаркенттің тумасы болған соң, тізгінді қолға алып. – Ләззаттың анасы тұратын Ақжазық ауылы осы арадан қашық емес. Ақыры келген соң, сол жаққа да барып қайтайық.

Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің бірінші курс студенті, 1970 жылы 27 шілдеде дүниеге келген Ләззат Асанова да желтоқсанның бір құрбаны еді. Анықталатын тізімде ол да бар. Бірақ, Ақжазықтағы тірлігіміз де Көкталдағы жүрісімізбен шамалас болды. Үш әріптің тегеурінен қатты қорқып қалған ел-жұрт бізді көре сала, айнала қашады. Кеңсеге, мектепке бас сұға алмадық. «Бөтен адамдарға рұқсат жоқ».

«Ләззатты КГБ жендеттері 25 желтоқсанда қолыма әкеліп тапсыр­ды ғой. Бір күн бұрын көрші ауылда Ербол Сыпатаевтың сүйегін әкеліпті деп естідік. Ерболды «нашақор бұзақы», менің қызымды «суық қол ұрлықшы» деп, өсек-аяң таратып жіберіпті. Соған жұрт сенді. Үкіметтің адамдары айтып тұрған соң, қалай сенбейді? Ал мен Алланы аузыма алып айтайыншы, өз қызымның ақ екеніне сенемін! Жүрегім сенеді! Жаныма қатты батқаны – 16 жастағы бейкүнә Ләззаттың жетісі мен қырқына жайылған дастарқанға ауылдастарымның бірде-бірі келмеді ғой» деп, қыстыға егілді. Көз жасы көл болды…

Өз халқын үрейде ұстаған кеңестік жүйенің қандай қатал тәртіпке бағындырылғанын, адамдардың бүкіл рухани болмысын қалай аяусыз басып, жаншығанын бүгінгі жастар біле бермейді ғой. Бейсен ағамыз бен Алтынай әпкеміздің өз балалары туралы ақиқатты дер кезінде айта алмағаны да – сол үрейдің салдары. Олардың бір сәттік жасқаншақтығы ұзақ жылдар бойы өздерінің жолын бөгеді. Шындыққа жетудің шырғалаң соқпағында екеуіне көзге көрінбейтін кедергілермен жеке-дара алысуларына тура келді.

 Ал біздің сол жолы іссапардан қоржынымыз бос оралғанына Мұхтар Шаханов қатты күйінді: «Қап, комиссияға екеуін де алып келулерің керек еді! Сөздеріңді өткізе алмайтын қандай адамсыңдар?» деп, біраз сөгіп тастады. Оның үстіне, біз тап бір құдалыққа барып келгендей, комсомолдың Орталық комитеті қызметтік «Волганы» жеке бас мүддесіне пайдаланғаны үшін Мұқаңның жүйкесіне тиіп, байбалам көтеріп жатыр екен. Оған да түсінік жаздық. Іс-сапардағы көрген-білгенімізді толық хаттап, қағазға түсірдік.

Содан комиссия тарады, қолдағы бар материалдармен жұмыс қорытындыланды, әрқайсымыз өз қызмет орындарымызға оралдық. Бір күні, шамамен 1990 жылдың желтоқсан айының орта тұсында ғой деймін, «Қазақ әдебиетінің» редакциясына алпыстың үстіндегі, мығым денелі ақсақал бас сұқты. Күнге тотыққан жүзі ауылдан келгенін аңғартып тұр.

– Ассалаумағалейкүм, жоғарылатыңыз, – деп орындық ұсындым.

– Қарағым, мен өзіңді арнайы іздеп келдім. Бейсен Алшынбеков деген ағаң боламын. Ерболдың әкесімін, – деді ол өте пәс үнмен. Өзінің кезінде ағаттау іс-әрекет жасағанын сезінген ақсақалға басқадай қатты сөз айтуға бата алмай, жөн-жосық қана сұрадым.

– Сонда неге қашқалақтадыңыз, аға? Шыныңызды айтыңызшы?

– Е-е, қалқам, менен не сұрайсың? Мен көрген құқайды сендер білмейсіңдер ғой. Екі империяның езгісінен өттім. Қытайда туып, жат жерде өстім. «Мәдени төңкеріс», «Ашылып сайрау» сияқты небір қитұрқы алапаттарды бастан кешірдік. 62-ші жылы үркінді елмен бірге сәбетке қашып келгенімде, мынадай күйге ұшырадық. КГБ дейтін зәр-зауһан адымымызды аштырмады ғой біздің. Өздерің келетіннің алдында әйелім мен бала-шағамды жан-жаққа таратып, басқа үйде ұстап отырды. Жағдайымызды түсінерсің, айналайын.

– Енді маған не үшін келіп отырсыз?

– Мұхтар Шахановқа жолықтыр. Ерболдың ақталуына көмектесіңдер…

– Ай, ақсақал-ай, «қолдарыңыз­ды әрқашан мерзімінен кеш сермеп жүресіздер» ғой. Сіз сол кезде комиссияға келгеніңізде, бұлай сергелдеңге түспейтін едіңіз. Мен де «Ерболдың әкесі түйеші Мұқажан ақсақал…» деп нақақ жазбайтын едім. Комиссияның материалында да «жетім бала» деп айтылып кетті. Оны қалай түзетеміз?

– Қайтейін, бауырым. Түлен түртті ме, өз қағынан жеріген құландай адасқанымды Құдай өзі кешірсін. Өмірден қызық көрмей кетті ғой, бейкүнә бала…

Ербол 1986 жылдың 9 желтоқсанында ауылына барып, сыр­қаттанып жүрген әке-шешесінің көңілін аулағысы келді ме екен: «Алла бұйырса, сіздерге, Жаңа жылға сыйлық ретінде келін әкелемін. Ал келесі жылы оқуымды сырттай бөлімге ауыстырамын да, қастарыңызға келіп, өздеріңізге қарайласамын» деп кетіпті.

Бірақ, бұл күткен қуанышқа ата-анасының қолдары жетпеді.

– Жарайды аға, шамамыз келгенше, көмектесейік.

Абырой болғанда, Мұқаң бірер жыл бұрынғы жайсыз жағдайды еске алмай, Бейсен ақсақалды жылы қарсы алды. Алдағы уақытта тағы бір комиссия құруға әрекет жасап отырғанын, сонда ақталмаған желтоқсандықтардың мәселесін қайта қозғайтынын айтып, қамкөңіл жанның көңілін көтеріп қойды.

Сөйткен Ербол Сыпатаев 1991 жылы, Ләззат Асанова 1997 жылы ғана ақталды. Алматы қаласындағы екі көшеге қайсар ұландардың есімдері берілді. Ал Алматы облысындағы Еңбекші орта мектебі Е.Сыпатаевтың есімімен аталды. 2008 жылдың 16 желтоқсанында бір өлкеде туып-өссе де бірін-бірі тірісінде көрмеген, білмеген, бірақ о дүние­де рухы біріккен желтоқсандық қос өренге Панфилов аудандық Мәдениет үйінің алдында айбынды ескерткіш орнатылды.

Бүгінде Ербол мен Ләззат бір ауданның ғана емес, Желтоқсанды қадір тұтатын тұтас еліміздің мақтанышына айналды.

…Осы әңгімені айтып бітіргенімде, кездесуге берілген өлшеулі уақыттың қалай өте шыққанын байқамай қалыппыз. Ұйып тыңдаған студент өрендерге жағалай көз салғанда аңғардым, кейбір бойжеткен қыздардың кірпігінде мөлдіреген жас іркіліп тұр екен…

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы,

Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button