Басты ақпарат

Желтоқсан жаңғырықтары

Ел тарихындағы қастерлі де ұлы Тәуелсіздікке жол ашқан, биыл 35 жыл толып отырған әйгілі 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі туралы көп ізденіп, бірнеше деректі-публицистикалық кітаптар жазған белгілі журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев осы бір сындарлы кезеңнің әлі де толықтай ашылмаған ақиқатын зерттеуді жалғастырып келеді. Кезінде ату жазасына кесілген Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков пен басқа да жалынды жастар жайында жарияланған оның толымды дүниелері оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алған болатын. Біз бүгін есімі біршама белгілі болғанымен, көпшілікке өмір жолдары аса таныс емес желтоқсандық өрен Ербол Сыпатаевтың көмескі тағдыры туралы деректердің қалай іздестірілгені туралы автордың естелігін ұсынып отырмыз.

[smartslider3 slider=1399]

Желтоқсан айы қалай туады, солай бізді қолпаштап шақырушылар көбейеді. Әкімдігі бар, қоғамдық ұйымдары бар, мектеп, колледж, университеттен соғылған қоңырауларда тыным жоқ. «Желтоқсан көтерілісі туралы айтып беріңізші…» дейді баяғы. Бұрын шақырған жерге барды-жоқтымызды киіп, қалмай бара беруші едім. Соңғы бір-екі екі жылдың көлемінде тізгінді тартыңқырадым. Себебі сол біркелкі сүреңсіз кездесулер (сахнадағы жаттанды тақпақтар, қарабайыр көріністер, көсіліп сөйлейтін «батырлар») әбден жалықтырды. Арнайы шақырған соң, кейде сен де барып қосылып, өзің білетін жайттар жөнінде сөйлейсің. Бар ақиқатты ашық жеткізгің келеді. Бірақ, өкініштісі, жан-жүрегіңмен айтқан тебіреністі лебізің мен ұсыныс-пікірлерің сол жерде қалады…

Желтоқсан – Айдың арғы бетіндегі құпиялар секілді, әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақ тақырып. Сондықтан, әлгі жиын өткізушілер отыз неше жыл бойы қойылып келе жатқан қарабайыр «сценарийден» ауытқымауға тырысады. Сахнада «Әр ұлтқа өз көсемі» деген сияқты плакат ұстап, ұрандатқан оқушылар, жастар жүреді. Оның ар жағында сапер күрегі мен дойыр шоқпарын көтеріп, жалаңдаған «әскерлер» тұрады. Ию-қию айқай. Жүгіріс. Соңында «Атаңа нәлет, Горбачев! Тарт қолыңды, Мәскеу!» деген сияқты жалпылама айыптаумен қойылым бітеді. Бүгінде сол өрескелдік балабақшаға да жетіпті. «Долой, Колбин!» деп, сүрініп-қабынып жүрген сәбилердің қылығына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.

Мұның екінші қыры тағы бар – аумақтардағы ішкі саясат, білім, жастар басқармалары «патриоттық тәрбиеге» бөлінген қаржыны игеру керек болған соң, одан «қоректенетін» қоғамдық бірлестіктер жоспардағы дүниені қалайда өткізуге мүдделі. Олар мұның ең оңай жолын тауып алған – колледж, мектеп, кітапханалармен келісіп, алқа-қотан көпшілікті жинап, бейнекамераға, суретке түсіріп, жоғары жаққа есеп берсе болды. Оның мазмұны ешкімді қызықтырған емес. Соның салдарынан, патриоттық тақырыптағы барлық іс-шаралар сүреңсіз бір ізбен өтіп жатады. «Қасқыр да тоқ, қой да аман». Ал кештің не туралы өткенін түйсінбеген шәкірттер әлгі көргендерін шыға бере ұмытады.

Осындай белгілі себеппен, мұндай кездесулерге барудан саналы түрде бас тартқанбыз. Бірақ, мына бір шақырудан қалыс қалуға дәтім бармады. Кезінде Желтоқсанның құрбаны болған Ербол Сыпатаев оқыған энергетика институтының (бүгінде Алматы энергетика және байланыс университеті) ұстаздары хабарласқанда, ұсынысты бірден қабыл алдым. Себебі 1986 жылғы Желтоқсан ақиқаты туралы жазылған «Желтоқсан жаңғырықтары», «Жаппай жазалау. Сот» атты мақалаларымда аты аталған, сол үшін өзім әуре-сарсаңға түскен кейіпкерімнің бірі – Ербол Сыпатаевты еске алмау мүмкін емес еді.

Кездесуді алты мыңға жуық студенті бар үлкен университеттің әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты, доцент Болат Қабдөшев, осы кафедраның профессоры, техника ғылымының докторы, «Парасат» зияткерлік клубының президенті Бақдәулет Берлібаев екеуі ашып, сөз сөйледі. Бақдәулет ағамыз кезінде ҚазПИ-де қызмет істеп жүргенде, студенттері алаңға шығып кетіп, біраз уақыт КГБ-ның құрығына іліккенін еске алып өтті.

– Ал, Қақа, кезек өзіңізде. 90 минуттық академиялық сағатқа арналған дәрістік, танымдық лекция десеңіз де болады. Асықпай сөйлеуге мүмкіндігіңіз бар, – деді сосын маған қарап.

Шошып кеттім. Көздері жәудіреп отырған мына бірінші курстың сарыауыз балапандарына біржарым сағат бойы не айтуға болады?

Біріншіден, бұл өте ауыр тақырып, әлі күнге дейін тарихшылардың тісі батпаған, ғылыми жағынан толық зерттелмеген. Екіншіден, мына отырған көгенкөздер жарық дүниеге келмеген кезде болып өткен Желтоқсан туралы бұлар түйсіне қояр ма екен? Зер салып қарасам, кейбірі соткасын шұқылап, күлісіп, енді біреулері ойсыз күйде терезге телміріп отыр. Жоғарда айтып өткенімдей, «Күлтөбеде» күнде өтетін жиындардан жалыққаны сезіледі.

– Ал, жас достар! – дедім сосын әңгіменің басын ашып алайын деген оймен. – Өздерің оқып-білім алып жүрген осы білім шаңырағына екінші рет келіп отырмын. Алғаш рет 1994 жылы Ербол Сыпатаев атындағы оқу залы ашылғанда бас сұғып едім. Оның кім екенін өздерің білесіңдер. Енді, бүгін міне, Ербол мен оның желтоқсандық замандастары туралы өздеріңмен әңгіме өрбітпекпін. Бұл әңгімені қызықсыз, қажетсіз деп санағандарың қазір шығып кетулеріңе болады. Ал, қане, кім бастайды?

Студенттер мұндайды күтпесе керек, соткаларын кілт тастап, бастарын көтерісіп, аңтарылып қалды. «Шын айтып тұрсыз ба?» дегендей, абдырай қараған үш-төрт жасөспірім апыл-ғұпыл жиналып, шығып кетті. Қалған қыз-жігіттер кездесудің соңына дейін тапжылмай отырды. Ұлы Тәуелсіздікті жақындатқан ызғарлы 86-ның қайсар жастары туралы, Ербол жайында айтылған шежірені қызыға тыңдады.

Иә, 22 жасында Желтоқсан қырғынында қыршын кеткен Ербол Сыпатаев­тың тағдыры өте күрделі еді. 1964 жылы 10 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданының Еңбекші (бүгінгі Көктал) ауылында қарапайым жұмысшы Бейсен Алшынбековтың отбасында туған. Алайда бесіктегі сәби шағынан ержеткенге дейін әкесінің ағасы Мұқажан Сыпатаев пен Тұрған апасының бауырында тәрбиеленген. 1970 жылы атасы, 1982 жылы апасы қайтыс болады да, Ербол өз үйіне қайтып келеді. Бұл кезде институттан құлап, Жаркент қаласындағы ­ДОСААФ-ты бітіріп, жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген кезі екен. Сынып жетекшісі Дәулетқазы Рақымғазыұлының айтуынша, інілері Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді мен қарындасы Назгүлге қарайласып, әскерге кеткенше әке-шешесіне қолғабыс жасайды.

– Ерболдың қазақ ауылдарындағы өзі сияқты көптеген қарадомалақтардан ешқандай ерекшелігі жоқ. Қатарлас құрбыларымен бірге мал бақты, шөп шапты, отын-су тасыды. Айырмашылығы – тағдыры ғана өзгешелеу болып қалыптасты. Желтоқсанның ызғарлы күндерінде ол ұлт намысын қорғаған жастардың алдыңғы сапында жүрді, – дейді ұстазы.

Алматы энергетика институтының 2-ші курс студенті Ербол Сыпатаев алаңға достарымен бірге саналы түрде барғаны дәлелденді. «Елім, жерім, тілім» деп, ұрандаған жастардың тоталитарлық режимге қарсы іс-қимылын басып-жаншу үшін алаңға 7618 солдат, 15 БТР, 20 өртсөндіргіш машина шығарылды. Астана іргесіндегі 70-разъезде арнайы танк полкі №1 әскери әзірлікте тұрды. Қалың әскермен бірге, көшеге 10 мың жұмысшыдан тұратын арнайы жасақтар жіберілді. Жолында кездескен қазақ атаулыны жайпап, жусатып отырған бұл ұр да-жық жасақшыларды арматура кесіндісімен қауландырып, автобустармен алып жүрді. Оған Алматы электр техникасы зауытының бұрынғы директоры Еркiн Қадыржановтың мына бір сөзі куә: «17 желтоқсанда мен зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мещеряковтан шұғыл бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшiн оларға арматурадан арнайы темір кесіндісін қиып беру ескертiлдi».

Қазақ ССР Ішкi iстер министрлiгiнiң анықтамасы бойынша, 18-25 желтоқсанда 8 мыңдай адам уақытша қамау изоляторына әкелінген. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал парламенттік комиссия жинақтаған деректерге жүгінсек, сол үш күнде 60 мыңдай адам алаңға шығыпты. Оның 8000 уақытша мерзімге қамауға алынды, 99 желтоқсандық қылмыскер ретінде сотталды, 200-дей студенттер мен жұмысшы жастар 1 айға дейін абақтыға жабылды, 1500 адам алаңда жай болғаны үшін ғана әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов ату жазасына кесілді, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер шейіт болды.

18 желтоқсанның түнінде басынан жарақат алып, ауруханаға түскен Ербол 23 желтоқсанда көз жұмады. Бұл арада Ерболдың жасаған ерлігі өз замандасы Қайрат Рысқұлбековтың азаматтық іс-әрекетімен өте ұқсас екенін байқауға болады.

«Бір жас қазақ қызын шашынан ұстап, тепкілеп жатқан милиция майорын көріп қалып, қарындасқа ара түстім. Құтырынған майорды бір ұрып құлатып, қызды құтқарып қалдым» дейді сотта сөйлеген сөзінде Қайрат.

Ербол да солай, сыртқы киімдері дал-дұлы шығып жыртылған, шаштары қобырап, естері шыға қорыққан қос бойжеткенді екі қолтығына алып, көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгіреді. «Ештеңеге қайырылмаңдар, үлкен көшеге шығып кетіңдер!» деп, қыздарды қалың әскердің қоршауынан шығарып үлгереді. Сол сәтте, арт жағынан келіп жеткен жендеттер сапер күрегімен ұрып, жерге құлатады. Етпетінен түскен Ербол етқызуымен атып тұрып, бір солдаттың қолындағы күректі жұлып алады. Өзі де әскерде болған, спортпен айналысқан епті жігіт қой. Бірақ, ешкімді ұрмай, тек қорғанумен ғана жүреді. Сол кезде шүйдесіне тиген екінші ауыр соққыдан есін жоғалтты…

Ауруханда КГБ тыңшылары үш күн бойы дәрігерлермен жағаласып, Ерболдан жауап алу үшін палатаның есігін күзетеді. Сонда, емдеуші дәрігерлердің қайран қалғаны – есін бір жинаған сәтте Ербол «Қыздар құтылды ма?» деп сұрапты. Ең соңғы сөзі осы болыпты…

Әрине, мұның бәрін біз кейін, тым кейінірек, Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана естіп, білдік. Ал ол кезде, Ербол Сыпатаев туралы деректер тым тапшы еді. Ресми құжаттарда әке-шешесі жоқ жетім ретінде көрсетілді. «Қазақ КСР Жоғарғы Советі президумының Алматы және Қазақстанның өзге облыстарындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына тиісті баға беру жөніндегі комиссиясының корытындысында» солай деп жазылды. Неге?

Енді, сол туралы қысқаша тоқталып өтейін. 1989 жылы шілде айында мен осы комиссияның сарапшылар тобына шақырылдым. Жан-жақтан жиналған заңгерлер, ғалымдар, журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері жұмысқа құлшына кіріскенімізбен, ісіміз маңдымады. Жапа шеккендердің ешқайсысы комиссияға сенбей ме, қорқа ма, Үкімет үйіне келмейді. Қайта, Жазушылар одағы жанындағы Тұрсын Жұртбаев басқаратын Қоғамдық комиссияға көп баратынын байқадым. (Мен сол праволық комиссияның да жауапты хатшысы едім). Сотталған желтоқсандықтардың көпшілігі әлі де абақтыда жатқан кез. Алматыда жүргендердің ешқайсысы ақталмаған. Содан сақтана ма, олар да жоламайды. Бір күні депутаттық комиссияның қосалқы төрағасы Қадыр Мырзалиев «Айғақ кәне, куә кім?» деген мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап та көрді. Жоқ, бірен-саран жауапты қызметтен қуылған адамдар болмаса, тікелей желтоқсандықтардан төбе көрсеткендер аз болды.

Ақыры болмаған соң, тамыз айының соңында Мұхтар Шаханов «Жалын» журналына қарасты өзінің қызметтік «Волга» машинасын беріп, «Талдықорған облысына барыңдар, міне, КГБ-дағы бір танысым берген мына тізім бойынша желтоқсан құрбандарын анықтаңдар, тірі куәларды тауып келіңдер» деп, бірнеше жігітке тапсырма берді. Сөйтіп, қоғам белсендісі Мұратқан Түйебаев, журналист Армиял Тасымбеков, мен және жүргізуші Серік төртеуміз жолға шықтық.

Кеш бата Жаркенттің шетіндегі бір ауылға кеп тоқтадық. Мал қораланып, сиыр сауылып, ел-жұрт жайланып, кешкі астың қамына кіріскен елең-алаң сәт. Түскен үйіміз Армиял Тасымбековтың немере ағасының шаңырағы екен.

– Қақпаның есігін дұрыстап жап! – деді үй иесі біз кірген соң, бір боз­балаға нығарлай сөйлеп. Сірә, біздің кім екенімізді, қандай нұсқаумен жүргенімізді ағасы білетін сияқты. Әкесінің айтқанын тап-тұйнақтай орындап, үйге қайта кірген балаға тағы бір тапсырма берді.

– Терезенің перделерін түсір. Сосын өз бөлмеңе барып, кітабыңды оқы. Көшеге шықпа.

Күнге әбден тотығып, жүзі қайыңның қабығындай секпілденіп қалған жасөспірім «Неге?» деп сұраған жоқ. Үлкендердің не үшін үрейленіп, неге үркінді болып жүргенін іші сезетін сияқты. Басын изеді де, кекілін бір сипап, шығып кетті.

Ауылға тән біркелкі стандартпен салынған үлкен төрт бөлмелі үйдің қонақ залында отырмыз. Шәй ішілді, ет желінді. Жөн сұрасқаннан басқа, артық-ауыз әңгіме айтылған жоқ.

– Сонымен ертең Еңбекшіге қайта баратын болдық па? – дедім мен астан кейін үлкеніміз Мұратқанға қарап. Ол «сөйтетін шығармыз» дегендей, шаршаңқы үнмен қысқа қайырды.

Бүгінгі күніміз расында да, адамды шаршататындай бос сенделіспен өтті десе болады. Алматыдан таңертең шыққанымызбен, жолда ескі «Волга» қайта-қайта бұзылып, біресе суы қызып, біресе ремені кетіп, ит әуремізді шығарды. Елден көмек сұрайық десек, Кербұлақ ауданының ауыл басшыларының бірін де кездестіре алмадық. Ғажап, біз келгенде, конторда кекілі секиген хатшы қыздар ғана отырады. Жібі түзу ешкімді кездестіре алмаймыз. Сөйтсек, мұның сырын түс ауа Алтынемел асуынан асқаннан кейін, Панфилов ауданына қарасты шөпшілер қосынында шәй ішіп отырғанда білдік.

Орта бойлыдан сәл жоғары, бұйрабас, отыздардың ішіндегі сіліңгір жігіт шөпшілердің бригадирі екен. Аты – Жеңіс. «Темекі шекпейсіз бе?» деді, бір қағаберісте маған көзін қысып. «Шегейік» дедім мен, ондай әдетім жоқ болса да, бірдеңе айтқысы келгенін түсініп. Қостан едуір ұзап шықтық. «Сіздер туралы біз жақсы білеміз, аға. Сіздер Шахановтың комиссиясынан келе жатырсыздар ғой. «Олармен кездес­пеңдер, кездесе қалса, әңгіме айтушы болмаңдар» деп, бүкіл ауылдардың басшыларына ескертіліп қойылған. Машиналарыңыздың нөміріне дейін берілген» деп, Жеңіс қарап тұр. «Бұл кім болды, сонда? Үш әріптің адамы емес пе екен?» – деп ойлап үлгергенімше, ол сөзін қайта жалғастырды.

– Қорықпаңыз, аға. Мен тыңшы емеспін, – деді күліп. – Менің аты-жөнім – Жеңіс Бекеев. Қазақ ауылшаруашылық институтының 1-ші курсында оқып жүргенде, осы Желтоқсан оқиғасының салдарынан оқудан шығып қалғам.

– Солай ма? – дедім мен әлі де сеніңкіремей.

– Сенбей тұрсыз, ә! Мейлі, өз еркіңіз. Мен тіпті, алаңға да шықпадым ғой, қылаудай кінәм жоқ. Институттың 6-шы жатақханасында тұратынбыз. 18 желтоқсан күні түскі сағат 12-лерде жатақханамыздың бірінші қабаты у-шу болып кетті. Төменге түссем, солдаттардан қашқан оншақты бөтен қыз-жігіт бізге басып кіріпті. Сыртқы есік кілттеулі болатын. Жаны қысылғанда, соны бұзып кірген ғой. Олардың соңдарынан жеткен қуғыншы әскерлер де баса-көктеп, құтырып жүр. Қолдарында – сапер күректері. Жолында кезіккен ұл балаларды шетінен сұлатып келеді. Ондай сұмдықты көрмеген мен шошып кетіп, жоғары қаштым. Қасыма бір сары бала ілесті. Оны танымаймын. Екеуміз жанұшырып үшінші қабатқа көтерілдік. Есігіме келіп, бөлмемнің кілті түсіп қалғанын бір-ақ білдім. Қайтадан іздестіруге енді кеш.

 Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button