Ел тынысы

Желтоқсаншы Гүлбаршын

Ғаламтордың Google мәліметтерді іздеу желісінде «Желтоқсан көтерілісі» деп терсеңіздер, «Уикипедия» ашық энциклопедиясынан бұл тарихи оқиға туралы деректер мен бірнеше сурет шыға келеді. Соның бірінде алдыңғы қатарда Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылық институтының студенттері тұр. Арасында кейіпкеріміз, сол уақытта осы жоғары оқу орнының 2-курсында оқыған, бүгінде Астана қаласының тұрғыны Гүлбаршын Шубаева да (суретте белгіленген) бар. Намысқой жастарды желтоқсанның ызғарлы желі тоңдырған сол күндері ол курстас-группаластарымен бірге алаңға шығып, КСРО үкіметінің шешіміне қарсылық білдірді.

– Таңертең әдеттегіше ұйқымыздан ояндық. Сол күні сабақтан кейін «Медеуге» барамыз деп жоспарлап қойғанбыз. Радиодан Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбиннің тағайындалғанын хабарлады. Сол кезде бір бөлмедегі қыздар бәріміз бір кісідей «Қазақстанды басқаратын бір қазақ табылмағаны ма? Бұл қалай?» деп ойланып қалдық. Сосын сабаққа кеттік. Бірақ сабақта да осы ой басымыздан шықпады. Басқа жастардың да бұл туралы сыбырласып жүргенін байқадық. Екі сабақтан кейін бәрімізді жатақханаларына қайтыңдар деп босатты. Ал біздің жатақханамыз Брежнев алаңына жақын еді. Біз тікелей алаңға тарттық. Жолда әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованы жолықтырдық. Ол кісі алаңнан қайтып келе жатыр екен. Барсақ, құрақұрым халық жиналған. Бір кезде жастарға күш қолдана бастады. Үстімізге су шашты. Басқа да сұмпайы әрекеттер кезінде жатақханамызға қашып, тығылып үлгердік. Бізде шетелдік азаматтар көп оқитын. Сол себептен жатақханамызды қатаң бақылауға алды, – дейді Гүлбаршын Кенбайқызы.

Оның айтуынша, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Меңдібаев алаңда алдарына шығып сөйледі. Жастардың талаптарының бірі Дінмұхамед Қонаевтың өзінің сөзін мінберден есту болды. Ол не десе де, соның уәжіне ғана тоқтаймыз деген жастардың бұл талабы қанағаттандырылмады.

«Мінберге шығып сөйлегендердің ешқайсысы жастарға дұрыс жауап бере алмады. Тек қана «Тарқаңдар, ұят болады» деген сөздер көп айтылды. Көтеріліске шыққан жастардың арасында орыс тілді қазақтар да болды. Соның бірінің орысша «Мен оқыған Петропавл қаласында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Осының салдарынан өз ана тілімді білмеймін, соған ұяламын. Мен де Қазақстанды қазақтың басқарғанын қалаймын» дегенін естідім. Бізді көтеріліске шығыңдар деп ешкім қинап, қыстаған жоқ. Сол оқиға бойы­мыздағы ұлттық намысты оятты» дейді кейіпкеріміз.

Кейіннен қарап отырса, курс­тас-группаластарымен бірге сол күндері бейнекамераға, фотоларға түсіп қалған екен. Бұл кадрлар Желтоқсан көтерілісі туралы деректі фильмдерде, басылымдарда, ғаламторда, әлеуметтік желілерде пайдаланып жүр. Соған қарамастан, алаңға шыққаны үшін еш жазаланбады.

«Институт басшылығының жақсылығы шығар. Оларға «үш әріп» қызметкерлерінің суреттерді әкеліп көрсетпеуі мүмкін емес. Бірақ бізді басшылығымыз көрсетпеді. Оқуымыз­ды ойдағыдай аяқтадық. Деканымыз Ермек Жұмабеков деген азамат еді. Бұл кісі бізді қолдады» дейді Гүлбаршын Шубаева.

Әкесі Кенбай партия қыз­меткері еді. Бірақ ол қызы көтеріліске қатысқанын естігенде сөккен жоқ, риза болып «өзіме тартқан жаужүрегім» деп мақтады. Гүлбаршын Кенбайқызы сол студент шағында тұрмысқа шығып, ана атанды. Жиырма жыл бұрын Астана қаласына көшіп келді. Қазір жеке кәсіпкер ретінде еліміз бен елордамыздың өркендеуі жолында еңбектеніп жатыр. Бізбен әңгімесінде сол күндері алаңда бірге болған Әлібек Аманжолов, Бүркіт Қозыбеков, Дәулет Қонақбаев, Дәулет Дараузов, Жанна Апушева, Тұрлыбек Донбаев, Владимир Невесенко, Жолдас Аитов, Самат Жалмағамбетов, Ақмарал Биғозиева, Нұрғаным Өтешова, Қуан Ниязбеков, Мейіржан Молдабаев деген группаластарын атап өтуді де өтінді. Бұл тәуелсіздікті жақындатқан сол уақыттағы жастар болғаннан кейін өтінішін қанағаттандырмай тұра алмадық.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button