Елорда тынысы

Желтоқсаншылар жолақыдан босатылады

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың ­экономикалық, әлеуметтік тынысына қатысты бірқатар маңызды құжаттар бекітілді. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаевтың қатысуымен ­өткен жиында алдымен бас қаланың 2022-2024 жылдарға арналған ­бюджеті нақтыланды.

Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың баяндауынша, қаржыны қайта бөлу нәтижесінде бірқатар басқармаға қосымша қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Білім басқармасына Күлтегін көшесі, 17/1 мекенжайындағы балабақша ғимаратын сатып алуға 200 млн теңге, Дене шынықтыру және спорт басқармасына көркем гимнастика мен мәнерлеп сырғанау шараларын өткізуге 30 млн теңге бөлінген. Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасына әскери комитет ғимаратын сатып алуға қосымша 420 млн теңге бөлініп, бұл жобаны қаржыландыру 520 млн теңгеге дейін жеткізілді.

Құрылыс басқармасына «Ramada Plaza» ғимаратын ста­ционарға айналдыру үшін жобалау мен қайта жаңартуды бастауға қаражат қарастырылған. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына тасымалдаушының шығыстарын субсидиялауға қосымша 200 млн теңге бөлініп, жалпы сомасын 4,2 млрд теңгеге жеткізу қарастырылған.

– Осылайша, енгізілетін өзгерістерді ескере отырып, Астананың 2022 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 911 млрд 190 млн теңгені құрайды. Оның ішінде өз табысы бойынша түсім 579,2 млрд теңгені, республикалық бюджет пен трансферттер түсімі 236,5 млрд теңге, сондай-ақ қарыздар түсімі 32,1 млрд теңге болып белгіленді, – деді басқарма басшысы.

Мәслихат депутаты Салтанат Женалаева Күлтегін және Асан қайғы көшелеріндегі ескі үйлерді ысыруға қаржы бөлінді ме деп сұрады. Оған баяндамашы қос көшеге жалпы 1,3 млрд теңге бөлінгенін, оның 800 млн-ы Асан қайғыға, 500 млн-ы Күлтегінге тиесілі болатынын жеткізді. Мәслихат депутаттары қаланы цифрландыру, мектептер, студенттік жатақханалар құрылысы бойынша сауал қойды.

Биыл Астана қаласы оно­мастика комиссиясында, қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауында, қалалық Қоғамдық кеңесте, республикалық ономастика комиссиясында елорданың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныс­тар қаралып, қолдау тапты. Бұл ұсыныстармен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп таныс­тырды. Бұл атауларды сессияда депутаттар бірауыздан мақұлдады. Енді олар әділет органдарына ресми тіркеу үшін жіберіледі. Сондай-ақ аталмыш басқарма басшысы бас қаланың қайта аталуымен байланысты шаһар рәмізіндегі өзгеріс туралы айтты. Нақты елорданың елтаңбасы мен туындағы тек «Nur-Sultan» деген сөз «Astana» деген сөзбен ауыстырылды.

Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қалалық бағдарлардың жолаушылар көлігінде жолақыдан босатылғандар санатына Желтоқсан оқиғасы кезінде зардап шеккендер, барлығы 51 адам қосылғанын жеткізді.

Бұдан бұрын санаторлық-­курорттық емге баратын мүмкіндігі шектеулі жанның қасына еретін адамға әкімдік 35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде шығынын өтейтін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті құжатқа өзгеріс енгізгеннен кейін оның көлемі 70 АЕК-ке көтерілді. Баяндамашы бұл туралы да айтты.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева, Экология кодексіне сәйкес, иесіз қалдықтарға қатысты ережелерді дайындаушы болып Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бекітілгенін айтып, аталмыш басқарма әзірлеген тиісті ереженің күші жойылатынын жеткізді.

Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов 549 млн теңге сомасындағы жалпы ауданы 2 гектарды құрайтын 13 нысан бойынша 47 жер телімін сатып алу шартымен таныстырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button