Жемқорлық жегі құртқа айналмасын
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет қазіргі қоғамның өзекті мәселесі болып қалуда. Жемқорлық жегі құртқа айналып, елдің дәулетін бүлдіріп, әлеуметтік-экономикалық дамуға тұсау салады. Соңғы кезде осы бір келеңсіз құбылысқа қарсы тұру мақсатында мемлекеттік органдар үлкен қадам жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуде. Адам парасатының артуы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің құрамдас бөлігі.
Негізінде, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаменті – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы іске асыру функцияларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеуді белгіленген құзыреті шегінде және әкімшілік-аумақтық бірлікке сәйкес жүзеге асыратын аумақтық органы.
2022 жылы 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің №802 Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес аталмыш департамент қызметін жүргізеді. Осы құжатқа сәйкес, мынадай міндеттерді шешуге іс-шаралардың нақты тізбесі көзделген. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру; сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін болдырмау; жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.
Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі парамен байланысты қылмыстың екі түрін қарастырады: пара алу (311-бап) және пара беру (312-бап).
Пара алу – ең қауіпті лауазымдық қылмыстардың бірі, әсіресе егер оны адамдар тобы жасаса немесе бопсалаумен бірге жүрсе, ол лауазымды адамның заңды немесе заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін артықшылықтар мен пайда алудан тұрады.
Пара беру – лауазымды адамды заңды немесе заңсыз әрекеттер (әрекетсіздік) жасауға көндіруге не берушінің пайдасына, оның ішінде жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетімен кетушілік үшін қандай да бір артықшылықтар беруге, алуға бағытталған қылмыс. Осы ретте сыбайлас жемқорлықтың кеселді дерттей бүкіл әлемге әсер еткен зиянды құбылыс екенін айту керек. Сыбайлас жемқорлық, парақорлық және т. б. не екенін толық және нақты түсіну үшін ғылыми негізге жүгініп, халық арасында осындай кері құбылысқа қарсы иммунитет қалыптастыра білу – міндет. Көп жағдайда бұл мемлекеттік қызметшілер тұрғысында пайда болады. Олардың мемлекеттік билікті жеке басының пайдасы үшін пайдалану пиғылы парақорлыққа алып келеді. Кейбір жағдайда жеке тұлғалардың заңсыз мүдделері де жемқорлыққа жол ашады. Қызметке, билікке, жеке мүддеге басқалардан артықшылыққа жету мақсатында осы жолды таңдайды. Мысалы, оқуға түсу, жұмысқа тұру, бизнес, сауда және т. б. жатады.
Сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз әлеуметтік құбылыстың орын алуына сансыз себеп бар. Мұндай қылмысты жасауға басты түрткі қарапайым адамның ашкөздігі деуге де болады. Кісінің ала жібін аттамайтын қасиетімізден ажыратып, мұндай әрекеттерге итермелеп, адамгершілік пен арды ұмыттыратын нәрсе – адам бойындағы ашкөздік. Бұдан басқа да себептерін санамалап беруге болады. Соның бірі адамдардың білім деңгейінің, мәдени өресінің төмендігі, әлеуметтік жауапкершілік деген ұғымнан ада болуы деуге болады. Кейде парақорлыққа итермелейтін нәрсе табыстың төмендігі, жұмыс табу, қызмет сатысымен көтерілу және ойлаған армандарын жүзеге асыру мүмкіндіктерінің болмауы да ықпал етеді. Мемлекеттің құқықтық және сот жүйесінің дисфункциясы, кәсіби қабілетсіздік, бюрократия, халықтың құқықтық сауаттылығының төмен деңгейі де жемқорлыққа жетелейді. Сол себепті еліміздің заңдылықтарында осы індетке қарсы мәдениетті қалыптастыру ерекше қарастырылған. Соның бірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі. Бұл, әрине, білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады.
Жастардың адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылмақ. Бұл ретте заңнамада ақпараттық және ұйымдастырушылық қызмет бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Осындай шаралардың қатарында осыдан екі апта бұрын Астанада өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының кезекті слетін айтуға болады. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының негізгі міндеттері – мектеп ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа көзқарасты нығайту бойынша бастамаларды ынталандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу. Бұл шарада қала оқушылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтар, адалдық, адамгершілік ұстанымдары тақырыптарын ашқан театрландырылған көріністер көрсетті. Жиынға елорданың барлық ауданынан делегат командалары қатысты. Қала аудандарында өткен іріктеу кезеңдері аясында елордадағы 80 мектептен 1500-ге жуық оқушы финалға шығу құқығын сарапқа салды. Қатысушылар жарқын және шабыттандыратын театрландырылған қойылымдар ұсынған финалдық кезеңге 10 үздік мектеп өтті. Әрбір мектеп өз қойылымында «Сыбайлас жемқорлықсыз өмір – адал өмір» тақырыбын ашып, қоғамдағы әділеттілік, адалдық және этикалық құндылықтардың маңызын көрсетті.
«Адал ұрпақ» слетінің финалы жастардың адалдық, әділдік құндылықтарын қалыптастыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы дамуға қалай белсенді әсер ете алатынының жарқын мысалы болды. Превенция басқармасы басшысының орынбасары Диас Қозыбаев бұл жиынның жарқын, адал және озық болашақты құру жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін атап өтті. Жоба мектеп оқушыларын сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңызын түсінуге ынталандырып қана қоймай, қоғамның болашағын айқындайтын моральдық қағидаларды нығайтуға ықпал етті.
– «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слетіне біз жыл сайын қатысып тұрамыз. Мұндағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықты бастапқы кезеңде мектеп қабырғасынан үйрету және түсіндіру. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бұл іс-шараның пайдасы мол. Мәселен, былтыр алғаш рет өткенде слетке көп оқушы қызығушылық танытты. Олар сыбайлас жемқорлық тақырыбында суреттер салды, – деді Астана қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқарма басшысының орынбасары Диас Қозыбаев.
Әдеттегі көп шаралардың бірі болып көрінгенмен, бұл жиынға оқушылардың тартылуы, парасаттылықтың, әділдіктің алғашқы дәнінің жастардың жүрегіне егілуі өте маңызды. Қоғам болашағына сенім ұялатады.
Айгүл УАЙС