Басты ақпаратСараптама

Жемқорлықпен күрес жаңаша сипат ала ма?

Парламент Мәжілісі жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы аясында 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізілді. Жобаның басым бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. Енді осы түзетулер мен өзгерістерге толығырақ тоқталайық.

Уәде беру мен ұсыну қылмысқа жатады

Заң жобасының негізгі бас­тамаларының бірі – пара беруді талап еткені, уәде бергені немесе ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына 15 жылдан асты. Тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдау қажеттігі 2008 жылдың мамырында Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көрсетілгені мәлім. Осыған ұқсас ұсыныстар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының баяндамаларында да бар.
Пара алу туралы келісімді аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық іс-шара болары анық. Заң жобасын дайындаушылардың пайымынша, бұл мемлекетке зиян келтірмес бұрын парақорлықты тоқтатуға мүмкіндік береді. Енді Қылмыстық кодекстің 366-бабына «Пара талап ету немесе алу», 367-бабына «Пара ұсыну, уәде ету немесе беру» деген атаулар енгізіледі.
Тағы бір жаңалық – сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі артады. Қазіргі уақытта олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша лауазымды тұлғаларға сыйақы бергені үшін 750 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Бұл баптың жаңа редакциясында Қылмыстық кодекстің 367-бабына (Пара беру) ұқсас көп мөлшердегі айыппұл түріндегі диспозиция мен санкциялар қарастырылған. Айыппұл сыйақының мөлшеріне қарай заңды тұлға атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақы мөлшерінің 30-дан 60 еселенген мөлшерінде болады.

Жемқорлардың жария реестрі жасалады

«Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімі жасалады. Бұл – профилактикалық құрал. Мақсаты – қоғам арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптас­тыру. Тізілімге ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғандар енгізіледі. Мәліметтер тек заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде қосылады. Ал ақтау үкімі заңды күшіне енген соң және соттылық өтелген соң тізілімінен шығарылады. Тізілім агенттіктің сайтында орналасады және оны жүргізу агенттікке бекітіледі» деп түсіндірді заң жобасындағы түзетулерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.
Сондай-ақ ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықтырылатынын айтты. Мүдделер қақтығысы болған кезде басшы тиісті ұсынымдар көрсетілген қорытындыны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша шаралар қабылдауға міндетті. Мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.

Заңсыз сыйақы беру де қылмыс

Қылмыстық кодекстің 247-бабы (Заңсыз сыйақы алу) бойынша істі тиімді анықтау үшін Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде пайдаланылған жедел-іздестіру қызметінің барлық арсеналы пайдаланылуға тиіс. Осы мақсатта бопсалау белгілері мен аса ірі мөлшерде заңсыз сыйақы алу жағдайларын анықтау үшін арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатымен «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс жаңа 247-1-баппен толықтырылып, заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілік қарастырылады. Бұл тек алғандарды ғана емес, заңсыз сыйақы бергендерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке заңсыз сыйақы алу және беру фактілері бойынша Ішкі істер министрлігіне тең дәрежеде тергеу жүргізу құқығы беріледі.

Полицейлер де жазаға тартылады

Арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады (ӘҚБтК-нің 173-бабы). Қазіргі уақытта ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес, әскери қызметшілерді қоспағанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде кез келген әкімшілік құқық бұзушылық жасауы тек тәртіптік жауапкершілікке жатады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілігі 100-ден 200 АЕК-ке дейін көтеріледі. Ал сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған және сыбайлас жемқорлықпен айналысатын лауазымды тұлғаларды жұмысқа қабылдауға заңнамалық тыйым салынғанға дейін (2005 жылға дейін) мемлекеттік қызметке қабылданған адамдардың мансаптық өсуі шектеледі. Бұл ретте, әкімшілік сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың ескіру мерзімі ұзарды: жеке тұлғалар үшін – 3 жылға дейін (бұрын 1 жыл), заңды тұлғалар үшін – 5 жылға дейін (бұрын 3 жыл).

Мүдделер қақтығысы қалай шешіледі?

Түзетулер аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң «Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тараумен толықты. Онда мүдделер қайшылығы туындаған жағдайдағы мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшыларының жауапкершілігі қарастырылған. Мемлекеттік органдардағы мүдделер қақтығысы туралы есептерді әдеп жөніндегі уәкілдер, квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметтері, ал олар болмаған жағдайда кадр қызметтері қарайды. Қарау қорытындысы бойынша олар органның немесе ұйымның басшылығына мүдделер қақтығысының алдын алу және шешу бойынша ұсыныстарды немесе оның жоғы туралы қорытындыны беруге тиіс.
Мүдделер қақтығысының алдын алу және шешу, сондай-ақ егер бар болса, қызметтік өкілеттіктерді жүзеге асыру бойынша шараларды қолданбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Бұл ретте мүдделер қақтығысы жағдайында шығарылған немесе жасалған актілер, шарттар немесе өзге де шешімдер жойылады немесе жарамсыз деп танылады.
Сондай-ақ жеке мүдделер туралы декларация енгізіледі. Мемлекеттік лауазымға немесе мемлекеттік функцияларды орындауға байланысты лауазымға үміткер азаматтар кадр қызметіне жеке мүдделері туралы декларация тапсыруға тиіс. Оны толтыру тәртібі Үкіметтің актісімен айқындалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің тәуелсіздігі құқықтық деңгейде реттеледі.

Құқықтық сананы өзгертетін уақыт келді

Белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық Қазақстанның тұрақты дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Оның бір себебі – заңнамалық жүйедегі олқылықтар.
«Солардың бірі – пара беру туралы уәде беру, ұсыныс жасау және талап қою үшін қылмыстық жауапкершіліктің болмауы. Бұл кемшілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі мүмкіндігімізді азайтады және халықаралық стандарттарға қайшы келеді. Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялау арқылы осы әрекеттерді қылмыстық іс-әрекет ретінде тану міндетін өз мойнына алды. 16 жылдан кейін біз бұл міндеттемені орындауға маңызды қадам жасап отырмыз» дейді ол.
Абзал Құспан заң жобасындағы негізгі түзетулерді әзірлеу баырсында халықаралық тәжірибе мұқият зерттеліп, ұсынылған нормалар айтарлықтай жетілдірілгенін айтады.
«Германия, Франция, АҚШ және Сингапур сияқты елдерде, тұлғаның мәртебесіне қарамастан, пара беру туралы ұсыныс, уәде беру немесе талап қою қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет ретінде танылған. Ұқсас нормалар бұрынғы посткеңестік елдерде де: Украинада, Әзербайжанда, Қырғызстанда, Арменияда, Молдовада, Грузияда және Латвияда сәтті қолданылуда. Бізде де азаматтардың құқықтық санасын өзгертетін уақыт келді. Шенеунікті сатып алуға тырысқан немесе пара талап еткен кез келген әрекет қылмыс ретінде қарастырылуы тиіс. Жаңа нормаларды енгізу әділ әрі ашық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадам болады деп есептеймін» дейді депутат.

Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымының 2024 жылғы есебіне сәйкес, «жемқорлық жайлаған елдер» қатарында қалған Қазақстан 100-ден 39 балл алып, 180 елдің арасында 93-орында тұр.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button