Басты ақпаратҚұқық

Жемқорлықпен күрес жолдары талқыланды

Достық үйінде 9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаменті «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» атты дөңгелек үстел мәжілісін өткізді. Алқалы басқосуға қаланың қоғамдық ұйымдары өкілдері мен жас волонтерлер, түрлі сала қызметкерлері қатысты.

Жасыратыны жоқ, қоғамға тамырын терең жайған індетке жаһандық деңгейде күш біріктіріп, тосқауыл қоюға ұмтылғанымызбен, әзірге бұл жең ұшынан жалғасқан жымысқы бәлекеттің тамырына түпкілікті балта шабу мүмкін болмай келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бір сәт те бәсеңдемеуі керек екенін қатаң ескертіп, бұл бағыттағы жүзеге асатын жұмыстардың стратегиялық маңызын атап көрсеткен еді. Осы тұрғыда қоғамдық сананы және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыру мақсатында Астана қаласының әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үшжылдық «Елордада парасаттылық идеологиясын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» жобасын қолға алды. Оны жүзеге асыруға мемлекеттен жыл сайын 8 миллион теңгеден аса, ал 3 жылға 24 миллион теңгеден аса қаржы бөлініп отыр.

– Негізі, сыбайлас жемқорлық туралы сөз қозғағанда біз ең бірінші қоғамдық сананы өзгерту мәселесін кеңінен ойлануымыз керек. Мәселен, 80-100 мың теңгенің төңірегінде жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлер бар. Бүгінгі қымбатшылық жағдайында мұндай қаражатпен толыққанды өмір сүру мүмкін бе? Міне, елдегі жемқорлықтың жолын кескіміз келсе, адамдардың әлеуметтік жағдайын көтеруіміз қажет. Онсыз бұл айтылып отырған мәселені шешу мүмкін емес, – деді Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев.

– Жемқорлықты тоқтату үшін алдымен сананы өзгерту керек. Биыл 3 айдың ішінде ғана елімізде 1500 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліпті. Адамдар пара алғаны үшін түрмеге отыратынын, атақ-абыройынан жұрдай болатынын біледі. Сөйте тұра пара беріп, пара алуды тоқтатпайды. Неге? Өйткені бізде заң солқылдақ. Қылмыстық кодекстің көптеген бабы жұмыс істемейді. Бәленбай миллиард теңге мемлекет мүлкін жымқыр­ған адам шартты түрде 5 жылға сотталып жатады. Сондықтан осы бағыттағы мемлекеттік кешендік іс-шараларды нақты жандандыру – кезек күттірмейтін мәселе, – деді заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есберген Алауханов.

Кейінгі кезде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде құқықтық мінез-құлықты жоғарылатуда және ашық сананы қалыптастыруда көпшілікке арналған тақырыптық мазмұндағы анықтамалық, танымдық және пайдалы ақпараттарды қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде тарату жобасы аясында БАҚ пен азаматтық қоғамның белсенді өкілдері кеңінен жұмыс жүргізуде.

Бұл – адамның саналы және адамгершілікпен аталған келеңсіздікке қарсы тұру қабілеті. Ол – белсенді азаматтық ұстаным. Осы бағытта елорда әкімдігінде жастарды баули, тәрбиелей отырып, волонтерлік қызметті кеңінен өрістетуге күш салынуда. Дөңгелек үстел мәжілісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Махмұд Бақдәулет пен Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова осы төңіректегі атқарылған жұмыстарды тілге тиек етсе, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы РҚБ Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Рахматуллин, «Әділдік жолы» РҚБ филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков пен тағы да басқа қатысушылардың сөзі сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құруда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор екені, өскелең ұрпақтың бойында жастайынан құқықтық сана мен мәдениет қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу жайы жалпы бұл кесапатпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық са­уаттылығын арттырып, түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын жетілдіру төңірегінде өрбіді.

Дөңгелек үстел мәжілісі соңында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған үздік журналистік жұмыстар байқауының жеңімпаздары мен осы салаға атсалысып жүрген бір топ белсенді азамат марапатталды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button