Жаңалықтар

Жемқорлықпен күрес – қоғам міндеті

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай елордада «Тәуелсіз 30 жылда сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің жетістігі» атты форум өтті. Іс-шараға қалалық әкімдік қызметкерлері, аудан әкімдері, Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі департаменті мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

[smartslider3 slider=949]

Форумды құттықтау сөзімен қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов ашты.

– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен жетістіктерге арналып өткізіліп отырған бұл форумның өзіндік мәні зор. Осы жылдарда елордада да жең ұшынан жалғасуды жою, сыбайластыққа төзімсіздікті қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып кешенді іс-шаралар атқарылды. Бұл әр адамның бойында мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу, жауапкершілікті арттыру сезімін тәрбиелеуге мүмкіндік берді, – деді Е.Қизатов.

Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіруде бірқатар ауқымды іс-шаралардың да жоспары жасалғанын атап көрсетті. «Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл департаменті азаматтық сектормен ғана емес, мемлекеттік мекемелермен де айтарлықтай жұмыстар жүргізіп келеді. Осыған байланысты қала әкімдігі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын өз өкілеттігі шеңберінде жүйелі түрде жүзеге асыруда» деді елорда әкімінің орынбасары.

Қоғам қайраткері, «Жаңару» РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ел өмірінде сыбайлас жемқорлықпен күрес­те оң нәтиже бар екеніне тоқталды. «Қазақстан Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің алдымызда тұрған ең басты міндеттердің бірі деп атап көрсеткен еді. Қазір осы негізде қатаң талаптар белгіленіп, жаңа бағыттарға жол ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы бұрын болмаған тың ұстанымдарды енгізіп, келелі жұмыс тәсіліне көшуде. Бұл бағытта енді іс-қимыл жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асырылады деп сенімді айтуға болады. Осы тұрғыда бас қала басқа аймаққа үлгі болуы қажет» деді Оралбай Әбдікәрімов.

Ал елордалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов әр адамның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру үшін азаматтық қоғам өкілдерінің белсене атсалысқаны маңызды екенін атап өтті. «Сыбайлас жемқорлық келешек ұрпақтың тамырына балта шабады. Сүттей ұйып отырған ынтымағымыз бен бірлігімізді шайқалтады, қоғам дамуын айтарлықтай тежеп, саяси тұрақтылығымызға қауіп төндіреді. Сондықтан оны түбірімен жою үшін күш біріктіре отырып, нақты жұмыс істеуіміз керек. Елордалық мәслихат депутаттары ашықтық ұстанымымен жұмыс істеуде. Сессияларымыз ашық жүргізіледі. Барлық депутаттың телефоны қолжетімді» деді Е.Каналимов.

Спикерлердің сөздерінен кейін форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта құндылықты бағалау, әр адамдың бойында мұндай келеңсіздікке қарсы төзімсіздік деңгейін көтеру мәселелерін талқылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button