ЖаңалықтарЭкономика

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТЕК ТҰТЫЛҒАНДЫ ТҰТҚЫНДАУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕЙДІ

406f877bf4024bc4f315eaf9820203c1

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, мемлекеттік қызмет туралы заңдардағы жемқорлыққа қарсы нормаларды жүзеге асыру өзекке түскен жегіқұрттай жемқорлыққа қоғамның төзбеушілігін қалыптастыру өз жемісін беріп келеді.

Дейтұрғанмен онымен күрес жолында бұл шаралар жеткіліксіз, әлі де қосымша қарекеттерге баруымыз керек екенін тәжірибе айқындап отыр. Атап айтар болсақ, жемқорлыққа қарсы бағдарламаның жүргізілу барысынан халықты ұдайы құлағдар қылып отыру, мемлекеттің осы теріс үрдіске тосқауыл қою жолындағы саясатын кеңінен насихаттау, қолданыстағы заңдарды түсіндіру, аймақтардағы, түрлі салалар мен ведомстволардағы жемқорлық қарекеттердің салыс­тырмалы индексін түзіп, бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жариялап отырудың арқасында осынау оспадарлықтың ауа жайылуын ауыздықтауға болады.

Осы орайда, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болу керек екендігіне баса назар аударғым келеді. Өйткені, теле-радио, газет-журнал, интернет жүзінде заңды бұзудың соңы зар қақсататыны, жазадан жалтару мүмкін еместігі, сондықтан, ең дұрысы – заңға бағыну керектігі кеңінен насихатталса, құқық қорғау органдарының беделі өсіп, қоғамдағы рөлі артар еді.

Айта кету керек, жемқорлықпен күрес жолында экономикадағы мемлекеттің қатысуын реттеу, бухгалтерлік есептің, кадр даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу, мемлекеттік деңгейдегі заңдардан (бірінші кезекте ТМД мемлекеттерінің) тәжірибе игеріп, мазмұндық жағынан бір-біріне ұқсастыру едәуір оң өзгерістер әкелді. Осының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламадағы белгіленген межеге сәйкес өз кезегінде экономикалық, әлеуметтік, саяси зардаптары бар жемқорлық деген қауіпті дерттің соңғы жылдары азая бастағанын байқаймыз.

Дей тұрғанмен, еліміздегі жемқорлық мәселесі туралы сөз қозғай отырып, оның статастикалық динамикасы аумалы-төкпелі екенін де ұмытпауымыз керек.
Жемқорлық қылмыстардың ашылу көрсеткішінің артуы мен төмендеуі бірінші кезекте онымен күрес жүргізетін құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар жұмысының күшеюі немесе бәсеңдеуіне тікелей байланысты екенін қаперге алу керек.

Бір қарағанда, жемқорлық айта-айта әбден құлаққа үйреншікті болғандықтан, құлықсыз тыңдайтын тақырып сияқты көрінгенімен, онымен күрестің түп негізінде мемлекеттің мүддесі, әрбір азаматтың мүддесі жатқанын баршамыз ұғынуымыз керек.

Яғни, жемқорлықпен күрес тек тұтылғанды тұтқындаумен ғана шектелмейді. Оның ар жағында жергілікті атқарушы органдар жүргізетін экономикалық саясаттағы ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттің материалдық және қаржылық ресурстарын тиімді пайдалану, тұрғындарға құқықтық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, астанамыздың құқықтық санасы жоғары қала ретіндегі бет-бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлік субьектілерін бармақ басты, көз қыстылықтан аулақ болуға дағдыландыру, әлеуметтік шиеленісті болдырмау, керісінше қоғам ішінде тұрақтылықты, халықтың билікке деген сенімін қалыптастыру секілді маңызды міндеттер жатқанын ұмытпауымыз керек.

Осы орайда ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық басқармалары сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі жөнінде тек өз қызметкерлерінің арасында ғана емес, өзге де мемлекеттік мекемелер, жоғары оқу орындарында ұдайы дәрістер мен кездесулер өткізіп тұрады.

Мысалы, Комитеттің Астана қаласы бойынша басқармасы биылдың өзінде елорданың бірнеше мекемесінде, қаланың шеткері кенттерінде халықпен кездесу өткізіп, баспасөз бетінде бірнеше мақала жариялады. Яғни, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрес саясатын әлеумет арасында насихаттап, қарапайым адамдарды осы мәселе төңірегінде құқық қорғау органдарымен ықпалдаса жұмыс істеуге үндеу Комитеттің Астана қаласы бойынша аумақтық басқармасының маңызды міндеттерінің бірі саналады.

Н.Аязов,
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Астана қаласы бойынша аумақтық басқармасының прокуроры.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button