Жаңалықтар

Жемқорлықпен күресте жариялылықтың орны зор

Достық үйінде 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріндегі ҮЕҰ-ның рөлі» атты форум өтті. Жиын соңынан жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін ең үздік журналистік шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.

[smartslider3 slider=1206]

Форумда сөз сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласындағы департаменті басшысының орынбасары Ильяс Базилов жемқорлыққа төзбеушілік пен құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған Antikor live, Adal komek, «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» сияқты жобалардың өміршеңдігін атап өтті. Бұл бағыттағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарған жұмысына да оң баға берілді.

«iQala қалалық қызметтер орталығы және iKomek қалалық жедел әрекет ету орталығымен бірлесе отырып, мемлекеттік органдардың жұмысындағы жемқорлық тәуекелдерді жою және ашықтықты қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қабылдануда. Бұдан бөлек, халыққа құқықтық көмек көрсетіледі. 2021 жылдың 9 айында iQala мен iKomek мамандары 2,3 млн өтініш пен шағымды қарап, соның ішінде 253 мың өзекті мәселенің шешуіне атсалысты. 150 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілді» деді И.Базилов.

Форумның екінші бөлігінде бас қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, жекелеген белсенді азаматтарды, сондай-ақ БАҚ өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптас­тыруға ықпал еткен үздік журналистік шығармалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шығармашылық байқауға 2021 жылдың 1 қаңтары мен 1 қарашасы аралығында осы тақырып­қа мақала, сұхбат жазған, арнайы репортаж, бағдарлама және деректі фильмдер түсірген журналистер қатысты. Байқауға келіп түскен жұмыстарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласындағы департаменті, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінен құрылған арнайы комиссия мүшелері қарап, бірнеше аталым бойынша үздіктерді анықтады.

Үш аталым бойынша жеңімпаздарға 250000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификат және диплом тапсырылды. «Үздік репортаж» аталымында «Қазақстан» ҰТРК-ның өкілі Дарын Сағитов, «Ақпараттық порталдардағы үздік жарияланым» аталымында «bag.kz» порталының тілшісі Гүлжан Раманқұлова, ал «Баспа басылымдардағы үздік сараптамалық материал» аталымында «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай жеңімпаз атанды. Сондай-ақ тұрмыс­тық техника сатып алуға арналған 50000 теңгелік ынталандыру сыйлығы «Айқын» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімге, «Хабар» телеарнасының тілшісі Тимур Қазағұловқа және «Айқын» газеті сайтының өкілі Абылайхан Жұмашевке берілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button