ЖаңалықтарҚұқық

Жемқорлыққа жол бермеу – басты міндет

Астана қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің, ведомствоға қарасты ұйымдар мен мекемелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

00

Қала әкімі өз сөзінде басқарма басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатын жүзеге асыруға немқұрайлы қарайтынын атап өтіп, осы бағытта пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Ең бірінші олар әкімшілік тосқауылдарды қысқарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, әкімдікте көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтердің айқындылығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, талдау жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жер учаскелерін беру және құрылыс барысында тендерлер өткізу, орындалған жұмыс актілеріне қол қою кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар бағыттарды айқындап берді.
Жемқорлықтың алдын алу үшін елорда әкімдігі мен ведомствоға қарасты құрылымдардың ғимараттарының бірінші қабаттарында бейнебақылау камералары және дыбыс жазатын құралдармен жабдықталған арнайы орынжайлар ұйымдастырылмақ. Бұл орынжайларда кәсіпкерлермен кездесулер өткізілетін болады, ол және комиссиялардың қатысуымен жүзеге асырылады. Сонда басшылардың кәсіпкерлермен жеке байланысқа шығуына жол берілмейді. Әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына құжатқа қол қою үшін кәсіпкерлік субъектілерін өз кабинеттерінде қабылдауға енді тыйым салынады. Сондай-ақ, жұмыстан тыс уақытта да тендер жеңімпаздарымен кездесуге болмайды.
Осылайша, елорда әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары үшін бизнес өкілдерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі жаңа талаптар белгіленді.
– Қоғамның мемлекеттік қызметшілерге қойған моральдық-адамгершілік талаптары жоғары. Мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта жалпыға белгіленген моральдық-этикалық нормаларды ұстануы керек, қоғамға қарсы жүріс-тұрыс жағдайларына жол берілмеуі тиіс, – деп тиянақтады мұны Ә.Исекешев.
Қала басшысы мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексіне сәйкес тәртіп стандарттарын сақтауға баса назар аударып, қызметтік көліктерді жұмыстан тыс уақытта және жеке мақсатта пайдаланудың заңға қайшы әрекет екендігін де еске салды.
Астана әкімі «Астана Су Арнасы», «Коммуналдық меншік қоры», «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары мен «Астанаэнергосервис», «Астанатеплотранзит», «Астана-РЭК» АҚ және тағы басқа кәсіпорындардың басшыларына да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзу фактілері тіркелген жағдайда, бірінші басшылар өздері жетекшілік ететін мемлекеттік орган үшін жеке жауап беретін болады, – деп ескертті қала әкімі.
Ә.Исекешов бұдан әрі анықталған кез келген жағдай қоғам алдында тұтастай әкімдіктің беделін түсіріп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін жоғалтатынын баса айтып өтті. Қолға алынған шаралардың барлығы лауазымды тұлғалардың да, мемлекеттік орган қызметінің де айқындылығын қамтамасыз етуге септесері сөзсіз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button