Елорда тынысы

Жемқорлықты жою – маңызды міндет

Қалалық Ішкі саясат басқармасы, елордадағы азаматтық сектор, Қоғамдық кеңес және «Amanat» партиясы қалалық филиалының өкілдері Президент Жолдауындағы жемқорлықпен күреске бағытталған міндеттерді талқылауға жиналды. Олар «Жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру – Президент Жолдауынан шығатын маңызды міндет» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде бас қосты.

[smartslider3 slider=2793]

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Дәурен ­Бабамұратов Жолдауда айтылған 10 бағыттың бірі – жергілікті атқарушы биліктің дебюрократизациясына ерекше басымдық берілуінің өзі жемқорлықтың алдын алуға негізделіп отырғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы айтқандай, жергілікті атқарушы биліктегі бірінші басшылар орынбасарларының санын қысқарту да «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналудың нышаны. Бірінші және мемлекеттік органдар басшыларының халықпен жаппай кездесулері бұрын тек қабылдау күндерін белгілеу арқылы ұйымдастырылғанда, оған тұрғындардың келуі де, келмеуі де мүмкін еді, енді олардың осы кездесулерді өткізуі және тіпті тұрғындардың мекенжайларына дейін барып, мәселесін тыңдауы міндеттелді. Мәселен, қазір елордада 16 тұрғын алап болса, қала әкімі соның бәрінде жиі кездесу өткізеді. Ендігі жерде осы қадамдардың бәрі де жүйелі түрде болады. Бұл жемқорлықпен күресте өте маңызды және дер кезінде қолға алынған қадам деп санаймын, – деді Д.Бабамұратов.

«Бәсекелестік саясатты қорғау және дамыту орталығы» АҚ вице-президенті, Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында бюджет қаржысын дұрыс бөлмеу және оларды игерудегі айқындылықтың аздығы да мемлекет қаржысын басқаруда жемқорлық тәуекелін арттыратын факторлардың бірі саналатынын айтты.

«Amanat» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы Владимир Савкиннің айтуынша, жемқорлық әсіресе ауыл шаруашылығы саласында көптеген жылдар бойы белең алып келеді. Бұл тұрғыда қылмыстық істер өте көп. «Аграрлы республика болсақ та, жемқорлық еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласын қарқынды дамытуға кедергі келтіруде. Сонымен қатар кеден және квазисекторлық салада да жемқорлық басым. Мемлекеттен бөлінген қаржы тиісті адамдарға жетпейді. Бұл халықтың ызасын тудырып, олардың әкімдіктер мен партия ғимараттарының алдына жиналып, әділеттілік талап етуіне әкеледі» деп атап өтті ол. Сонымен қатар ол қайтадан жасақталған Қоғамдық кеңестер жұмысына, қаладағы мемлекеттік мекемелерге сыбайлас жемқорлық бойынша мониторинг жүргізу ісіне тоқталды. Дөңгелек үстел барысында сонымен қатар Кәсіподақ федерациясы заң клиникасының басшысы Назгүл Азтаева және Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Азамат Менсейітов те тақырып аясында баяндама жасады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button