Жаңалықтар

Жемқорлықты жоюға жігер керек

Еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық. Жуырда мемлекет және қоғам қайраткерлері осы тақырыпты терең талқылап, кездесуді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнады.

[smartslider3 slider=535]

Басқосуға Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Дәурен Бабамұратов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің арнайы мониторинг жасау тобының жетекшісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің этика бойынша кеңесінің мүшесі Шавкат Исмайлов, ақпараттық-ағарту штабының басшысы Шыңғыс Қожахметов, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және азаматтық сектордың өкілдері қатысты.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов бірлескен жұмыс­тардың маңыздылығын атап өтті. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің адалдық және қылмыстың алдын алу басқармасының жетекшісі Марат Хайруллин атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қоғамның төзбеушілігін қалыптастыруға бағытталғанын мәлім етті.
«Жұрттың көпшілігі мұны формализм деп қарайтыны рас, бірақ біз дәріс оқыған соң, тұрғындар арыз-шағымдарымен хабарласып жатады. Меніңше, мұндай кездесулер жемқорлық қылмыстардың азаюына мүмкіндік береді. Құқық бұзушылықтардың дені мемлекеттік қыз­метшілердің заңды білмеуі нәтижесінде орын алады. Біз барлық тараптармен табысты жұмыс істеуге үміттіміз. Менің айтарым, қазір тек сыбайлас жемқорлықпен күресетін қызметкерлерге ғана емес, жалпы мемлекеттік органдарға деген халықтың сенімі артып келеді» деп атап өтті М.Хайруллин.
Қазан айында елордамыздағы колледж­дер мен жоғары оқу орындарында мамандардың дәріс оқуы жоспарланған. Мұндай кездесулер қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізеді. Nur Otan партиясы қалалық филиалының өкілі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі ақпараттық-ағартушылық департаментінің жетекшісі Шыңғыс Қожахметов жемқорлық қылмыстармен күресуде қоғам қайраткерлері мен белсенділерінің рөлі айрықша екеніне тоқталды. «Біз 30-дан аса онлайн, 45 жүзбе-жүз кездесу өткіздік. Ол қаладағы әскери бөлімдерде, жоғары оқу орындарында, балабақшаларда өтті. Мәдениет, спорт саласының танымал тұлғалары, үкіметтік емес сектордың өкілдері тікелей эфирден сөйледі. Олар тыңдармандарға өз жұмысы, адалдық, сенім, әділеттілік қағидаты туралы әңгімеледі. Ақпараттық-ағартушылық штабтың, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне сапасыз құрылыс мәселесіне қатысты шағымдар көп түседі. Біз үй салушыларды, жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар өкілдерін осы мәселені шешуге шақырамыз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алу жұмыстарына көмек көрсеткені үшін Ішкі саясат басқармасына алғыс айтамыз» деді Ш.Қожахметов.
«Жас ұлан» республикалық бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасова кез келген алдын алу жұмыстарын жас ұрпақтың санасын оятудан бастау қажеттігін айтады. «Біз кеңес мүшелерімен бірге мектептерді араладық. Балалармен ашық сөйлесіп, дәріс оқыдық. Егер ұзақмерзімдік нәтижеге қол жеткіземіз десек, балаларға ерекше назар аударуымыз қажет. Жемқорлықты жоямыз десек, санамызды өзгертейік, сонда нәтижеге шығады» деді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button