Басты ақпарат

ЖЕҢІЛ РЕЛЬСТІ ЖЕЛІ

Көлік кептелісі – Астанадағы өзекті мәселелердің бірі. Бас шаһарда жаңа жолдар салынып, бары кеңейтіліп-ақ жатыр. Сонда да күннен-күнге көбейген көліктердің «тығыны» ашылар емес. Бірақ, қарап отырған қала билігі жоқ. Көлік инфрақұрылымын дамытуға қам жасап жатыр. Осы саладағы қолға алынған жобаның үлкені – жеңіл рельсті трамвайларды жолға қою.

Елордада халық көбейген са-йын көліктер саны да арта түскен. Қаланың өз ішіндегі машиналарды былай қойғанда, сырттан ағылатындары қаншама. Жұртшылықты тасымалдайтын жолаушылар көлігі де көбейіп келеді. Қаладағы қоғамдық көлік­термен айналысатын 9 кәсіпорыннан күніне 778 автобус жолаушыларды тасымалдауға шығады. Соңғы үш жылдың ішінде елордаға заманауи үлгідегі 243 автобус жеткізілген екен. Тек биылғы жылдың басында 83 жаңа қоғамдық көлік сатып алынған. Жыл аяғына дейін бұлардың қатарына тағы 20 автобус қосылады.

Жолаушылар тасымалы саласында қолға алынған шаруалар мұнымен бітпейді. Жеңіл рельсті жүрдек көліктер – осы саладағы жөні бөлек жобаның үлкені.
Бұл баламалы жолаушылар көлігі заманауи технологияға жатады. Қай жағынан алып қарасақ та, Астанаға тиімді. Біріншіден, жеңіл рельсті көліктер суыққа төзімді. Екінші тиімділігі – оның экологиялық тазалығында. Бұл жоба қолданысқа енсе, елордаға сырттан ағылатын көліктердің санын едәуір қысқаруы мүм­кін. Өйткені, жеңіл рельсті көлік­тердің маршруты қалаға кіре-берісті де қамтитын болады. Сондықтан меймандар көліктерін автотұраққа қалдырып, бірден «елорда экспрессіне» отыруға мүмкіндік алады дейді мамандар. Жобаны жүзеге асыру барысында автобус желісі түгелімен қайта қарастырылмақ. Шаһардың бет-бейнесі жаңа қырынан ашы­лып, инженерлік жүйелері жаңартылмақ. Ұзақ мерзімге созылатын жоба аясында көптеген ескі үйлер ысырылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Жаңа көлік жүйесі қаланың үш бағытына жоспарланып отыр. Біріншісі – Астана әуежайынан басталып, «Абу-Даби Плаза» көпсалалы кешеніне дейін салынады. Трамвай жолы 88 қабатты ғимараттың тура орталық есігіне дейін апарады деп болжануда. Рельстің ұзындығы 15,2 шақырымды құрамақ. Онда 10 станса салынып, 12 пойыз жүреді деп күтілуде. Екінші бағыт «Абу-Даби Плаза» кешенінен теміржол вокзалына дейін жалғаспақ. Ұзындығы шамамен 8,6 километр болады деп жоспарланып отыр. Бұл жолға 17 жүрдек көлік жіберіліп, жеті станса жолаушыларға қызмет көрсетілмек.

Ал, үшінші жол – теміржол вокзалынан «Абу-Даби Плаза» ғимаратына дейін жалғасады. Бұл бағытқа қарай 20 пойыз жолға шығып, 17 станса іске қосылмақшы.
Айтпақшы, Астанада «EXPO-2017» көрмесінің өткізуіне байланысты жүрдек көліктің жүретін жолы ұзаруы мүмкін. Осыған орай стансалар мен вагондардың санын көбейту қарастырылуда.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button