Әлеумет

Жеңілдетілген автонесиеге өтінімдер қабылданады

Жеңілдетілген автонесиемен көлік сатып алу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау платформасының қашан іске қосылатыны белгілі болды.

Биылғы 6 ақпанда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы) көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық платформаны іске қосады. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди мәлім етті.

Алайда бұл бағдарламаның артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де жоқ емес. Өзі 6 ай жүріп 4 пайыздық автонесиемен көлік алған автосарапшы Диас Нұрақын осы бағдарламаның қыр-сырын ашып айтып берді.

– Жеңілдетілген автонесиенің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтсеңіз. Қарапайым несиемен мысал келтіре отырып, салыстырып көрсек, қаншалықты тиімді?

– Жеңілдетілген автонесие қазақстандықтар үшін өте тиімді. Өйткені жылдық мөлшерлемесі бар болғаны – 4 пайыз. Бұл, қарапайым тілмен айтқанда, көліктің ақшасын жеті жылға бөліп төлеу. 10 млн теңгеге көлік алсаңыз, 7 жылдан кейін 11 млн 400 мың етіп қана қайтарасыз. Үстіне қосылатын үстемақысы – 1 млн 400 мың теңге ғана. Ал ай сайын төленетін ақысы 136 мың теңге шамасында болады. Бұл өте тиімді. Алғашқы жарнасы жоқ. Көлікті таңдайсыз. Банктен рәсімдейсіз.

Ал стандартты автонесие бұдан бірнеше есеге қымбат. Қазір банктердегі ең аз мөлшерлемелердің өзі – 22-24 пайыз шамасында. Ондай пайыздағы несиемен көлік алу үшін алдымен көліктің бағасының 20 пайызын төлеу керек. Мәселен, 10 миллионға көлік алсаңыз, 2 миллион алғашқы жарнасын төлейсіз. Қалған 8 миллион теңгесін 7 жылға рәсімдеген кезде ай сайын төлейтін сомаңыз 254-258 мың шамасында шығады. Оның барлығын жеті жылға есептесеңіз, ол соманың үстіне тағы бір көліктің сомасын қосып қайтарасыз. Ал алдында алғашқы жарна ретінде төлеген 2 миллион теңгеңізді қоссаңыз, алған 8 миллион ақшаңыз 18 миллион болып банкке қайтады. Сол себепті стандартты автонесие емес, жеңілдетілген автонесие өте тиімді болып отыр.

4 пайызбен несие беретін бізде бірнеше банк бар. Олар: «Еуразиялық банк», «Центркредит» банкі, «Халық банк» және т.б. солардың кез келгенінен алуға болады. Бірақ ол үшін азаматтардың несие тарихы міндетті түрде тексеріледі. Егер ай сайынғы төлем қабілетіңіз, айлығыңыз, шамаңыз сізге берілетін кредитті төлеуге жетсе, ешқандай кедергі жоқ. Басты талаптары: несие тарихы таза болуы тиіс, 6 ай зейнетақы қорындағы түсім болуы керек және тұрақты жұмыс орныңыз болуы қажет. Осы талаптарға сай болған кез келген азамат бұл жеңілдетілген автонесиені ала алады.

– Автокредитті бірнеше банктен алуға болғанымен, кез келген адам ала алмайды. Неліктен? 

– Автонесиені кез келген адам ала алмайды. Студенттерге, зейнеткерлерге, жұмыс істемейтін азаматтарға берілмейді. Жоғарыда атап өткенімдей, соңғы алты айдағы зейнетақы түсімдері болуы тиіс. Несиені төлей алатын жағдайы болуы керек. Отбасылық шығындарыңыз, басқа да несиелік шығындарыңызды алып тастағаннан кейін осы несиені төлейтіндей ақша қалуы тиіс. Тек сол кезде ғана беріледі.

Жеңілдетілген автонесиемен бір адамға екі жылда бір-ақ рет қана көлік беріледі.

– Қандай көліктерді жаңа жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен алуға болады? Ең арзаны қайсы, бағасы қанша теңгеден басталады? Ал ең қымбаты ше?

– Жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен Қазақстанда құрастырылған кез келген көлікті сатып алуға болады. Kia, Hyundai, Renault, ВАЗ (Lada), Jac және басқа да көліктер бар. Басты талап Қазақстанда жасалған болуы керек. Екінші талап – жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен сіз алатын көліктің ең жоғары құны 15 млн теңгеден аспауы қажет. Ал көлікке берілетін несие сомасы – банктерде 10 млн теңге ғана. Сіз автосалонда 15 млн тұратын көлікті аласыз. Оның 10 млн теңгесін банктер несие ретінде ғана береді. Қалған 5 млн теңгесін өз қалтаңыздан щығаруыңыз керек. Дәл сол сияқты 11-12 млн теңгенің көліктерін алуға болады. Соның 10 миллионын банк береді. Қалғанын өзіңіз төлейсіз. Үшіншіден, 6-7 млн теңге тұратын көліктерді де ала беру керек. Ол кезде банк сізге 6-7 млн теңге ғана береді. Қазақстанда ең қолжетімді және ең көп сатылған көлік ретінде Chevrolet Cobalt-ты айтуға болады.

Әзірге қолжетімділік жағынан, баға жағынан, кезек күту жағынан қазақстандықтар үшін осы көлік тиімді болып отыр.

Алайда осы бағдарлама ашылғалы көліктің құны, керісінше, қымбаттап кетті. Неге десеңіз, біріншіден, көлік тапшылығы. Біздің автосалондар, автоөндірушілер бұл несие бағдарламасына дайын болмай шықты. Алғашқы уақытта бұл бағдарламаға мемлекеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бірақ, өзіңіз білесіз, автосалондар мен халық дүрлігіп кетті, көптеген кезек болды. Халық көлік таба алмады. Сол себепті біз бар ақшаға көлік ала алмай, біраз қиналғанбыз. Осыны пайдаланып, алыпсатарлар, делдалдар көлік құнын көтеріп жіберді. Нарықтағы баға бірнеше есеге өсті, қазір де бұл жағдай қайталанып отыр. Мәселен, Hyundai Elantra деген көліктің жаңасы автосалондарда шамамен 11 млн теңге тұратын болса, ал ескісі – 2020, 2021 жылғылары 20-30 мың шақырым жүріп тас­таған екінші нарықтағы көлік kolesa.kz сайтында, тіпті, автосалондардың өзінде 13-14 млн теңгеден сатылып жатыр.

Ескі көліктер жаңа көліктерге қарағанда қымбаттау. Бұл – қитұрқылық. Trade-in деген бағдарлама бар. Онда алыпсатарлар көлікті алып-сатумен айналысып кеткен, біреудің ескі көлігін сатып алады, үстіне 400-500 мың теңге қосып, қайтадан сатуға шығарады. Ал оларға салондағы жаңа көліктердің емес, ескі көліктердің тезірек өткені тиімді.

Аяулым АЛТЫНБЕК, Elorda info тілшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button