Басты ақпарат

Жеңіс батырлары: көшелері мен ескерткіштері

Елордада Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігімен даңқы асқан батырлардың атымен аталатын қос даңғыл мен көшелер бар. Бас қалада олардың құрметіне ескерткіштер де бой көтерді. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында есімдері ел жадынан өшпейтін, тас тұғырға қонған тұлғаларға шағын шолу жасадық. Батырларды бірге еске алайық.

[smartslider3 slider=2903]

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

Әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан ­Момышұлы даңғылы Сарайшық көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. Бұрынғы атауы – 13-ма­гистральды автожолы. М.Жұмабаев, Тәуелсіздік даңғылдарын және Қызыларай, Сырымбет, Қордай, М.Төлебаев көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3958,7 м.

Бұл даңғылдың бойында батырдың ескерткіші де асқақтап тұр. Қызыл граниттен құйылған ескерткіштің биіктігі 4 метрден асады. Авторлары – сәулетші Бақытжан Сыздықов пен мүсінші Темірхан Қолжігіт. Бұл туындыны елордаға Жамбыл облысы тарту етті. Қоламен өрнектелген ескерткіш 2008 жылдың маусым айының 6 жұлдызында ашылды.

Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ

Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа жеңістің алғашқы туын тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қош­қарбаев атындағы даңғыл Б.Момышұлы даңғылынан басталып, «Оңтүстік-Шығыс» (оң жағы) тұрғын алабындағы Қобыланды батыр көшесінде аяқталады. М.Жұмабаев, Тәуелсіздік, Абылай хан, Ш.Құдайбердіұлы даңғылдарын, А.Байтұрсынұлы, Ақыртас, С.Нұрмағамбетов, Қордай, Ө.Жәнібек, М.Төле­баев, Байырқұм көшелерін қиып өтеді. Бұрынғы атауы – №22-23 даңғыл. Ұзындығы – 7213,4 м.

Осы даңғылдың басында 2016 жылдың күзінде Қошқарбаевтың ескерткіші бой көтерді. Белгілі мүсінші Асқар Нартовтың қолынан шыққан батырдың қола мүсінінің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі – 12 метр.

Талғат БИГЕЛДИНОВ

Биыл туғанына 100 жыл толатын даңқты ұшқыш, авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновке елордадан көше көзінің тірісінде-ақ берілді. Бұл көше К.Күмісбеков көшесінен басталып, Бейбітшілік көшесінде аяқталады. Сарыарқа, Жеңіс даңғылдарын қиып өтеді. Ұзындығы – 2056,2 м.

Былтыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Сарыарқа даңғылы және Т.Бигелдинов көшесінің қиылысында батырдың ескерткіші ашылды. Мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиевтің туындысы қола мен граниттен құйылды. Биіктігі 7 метрге жуықтайды.

Иван ПАНФИЛОВ

Әскери қайраткер, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфилов көшесі Ш.Қалдаяқов көшесінен басталып, жобалық атауы А564 көшесінде аяқталады. Тәуелсіздік даңғылы, А.Храпатый, Қ.Бекхожин, Ә.Байжанбаев, Ұ.Құлымбетов, Қ.Аманжолов, ­М.Сағдиев, К.Оразалин, Б.Әшімов, К.Мырзабеков, С.Нұрмағамбетов, Ф.Кәрібжанов көшелерін қиып өтеді. Көшенің ұзындығы 4 шақырымнан асады.

2015 жылдың 7 мамырында, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жерұйық» саябағында Иван Панфиловтың ескерткіші ашылды. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,5 метр. Монументтің авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Ескерткіштің шығыс жағында батырдың аты берілген аллея бойымен Мәскеуді қорғаған 28 панфиловшы-жауынгердің туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған, табиғи граниттен жасалған естелік тақталар мен стелла орнатылды.

Георгий ЖУКОВ

Белгілі қолбасшы, маршал, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Георгий Жуков көшесі Оқжетпес көшесінен басталып, Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Әулие ата көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 361 м.

Мәлік ҒАБДУЛЛИН

Кеңес Одағының Батыры, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогикалық ғылым академиясының академигі, Қаз КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллин көшесі Ә.Исмайылов көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. Рамазан, Жәнібек Тархан, Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов, Баян­ауыл, М.Дулати, Кенесары, Отырар көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1208,4 метр.

 «ОТАН-АНА» МОНУМЕНТІ

2001 жылы Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында елордада «Отан-Ана» монументі ашылды. Аталған кешеннің мазмұны кешегі, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ сабақтастығын бедерлейді.

«Отан қорғаушылар» мемориалының өзегі – биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық ана бейнесі. Ақ кимешекті ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып, оны мейірімге толы көңілімен қос қолдап ұсынып тұр. Ескерткіштің ұшар басындағы 121 алтын масақтан тұратын нысан Қазақстанда тұратын ұлттардың бірлігі мен берекесін бедерлейді. Масақтардың іргесі қазақ жерінде әр ұлттың рухани мұрасын зерделеген ою-өрнектермен безендірілген. Мемориалдағы Жер шарының бейнесі де ерекше көңіл аудартады.

Қырық метрдей қола бағанның екі жақ қапталының бірінде ата-бабамыздан қалған байтақ даланы жаудан қорғаған айбынды батырлар мен екінші жағында Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен қазақстандық әскерилер бейнесі көркемделген. Ескерткіш авторлары – белгілі сәулетшілер А.Бексұлтанов пен Н.Конопольцев.

Төлеген ТОҚТАРОВ

Кеңес Одағының Батыры, майдандағы ерлігі «Жас қазақ» әніне арқау болған Төлеген Тоқтаров көшесі Ю.Малахов көшесінен басталып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Шиелі, Қ.Кемеңгерұлы, Гүлзар, Жазық қысқа көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1311,1 м.

Алексей ПЕТРОВ

Кеңес Одағының Батыры Алексей Петров көшесі ­М.Жұмабаев даңғылынан басталып, Қажымұқан көшесінде аяқталады. Ж.Жирентаев, Қ.Сәтбаев көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1696,2 м.

Сабыр РАҚЫМОВ

Әскери қайраткер, генерал-майор, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов көшесі Бөгенбай батыр даңғылынан басталып, С.Сейфуллин көшесінде аяқталады. ­Ә.Жангелдин көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 850 метр. Биыл Сабыр Рақымовтың туғанына 120 жыл толып отыр.

Әлмұқан СЕМБИНОВ

«Даңқ» орденінің толық иегері – Әлмұқан Сембинов көшесі А.Иманов көшесінен басталып, Ш.Жиенқұлова көшесінде аяқталады. Абай даңғылын және Баянауыл, М.Дулати, Кенесары, ­С.Сейфуллин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1640 м.

Бақтыораз БЕЙСЕКБАЕВ

Жарты ғасырдан астам уақыт Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі бүркеулі жатқан Ресей батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Бақтыораз Бейсекбаевтың атына елордадан көше 1999 жылы берілді.

Бұл көше Жәнібек Тархан көшесінен басталып, А.Иманов, Кенесары, С.Сейфуллин көшелерімен, Абай даңғылымен қиылысып, Ш.Жиенқұлова көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1839,7 м. Бұрынғы атауы – Жуковский көшесі.

Қасым ҚАЙСЕНОВ және Хиуаз ДОСПАНОВА

Үш жыл бұрын елорданың Есіл ауданындағы жобалық атауы Е356 көшеге Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің аты берілді. Бұл көше Бұқар жырау көшесінен басталып, Т.Рысқұлов көшесінде аяқталады. Ұлы дала даңғылын, Ә.Кекілбайұлы, Ф.Оңғарсынова көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1,8 шақырым.

Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы жобалық атауы 23-30 көше Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың атын иеленді. 15 мамырда ерлігі уақытында еленбеген ұшқыштың туғанына 100 жыл толады. Осы көше Қордай көшесінен басталып, Т.Жүргенов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 282 м.

ЖЕҢІС ДАҢҒЫЛЫ

Жеңіс даңғылы Бұқарбай батыр көшесінен басталып, І.Есенберлин көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Кенесары, Т.Бигелдинов, ­С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Мәскеу, ­Ә.Молдағұлова, Ы.Алтынсарин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3304,4 м. Бұрынғы атауы – Победа даңғылы.

Елордада Кеңес Одағының Батырлары Александр ­Матросов, Георгий Игишев, Сергей Тюленин, Дмитрий Карбышев, Никита Митченко, Ульяна Громова, Мұса Жәлел аттарына да көшелер берілген. Болашақта бас қалада Жеңіс батырлары атындағы көшелер мен олардың ескерткіштері әлі де көбейеді деп ойлаймыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button