Жаңалықтар

ЖЕҢІС КҮНІН ҚАСТЕРЛЕЙМІЗ

Майдангер номер

Ұлы Отан соғысы адамзат үшін өте көп қасірет әкелген. Бұл туралы тарих кітаптарынан оқып білдік. Фашистермен болған соғыста біздің аталарымыз да майдан даласында қаза тапқан. Ал көптеген майдангерлер жаралы болып елге оралды.

Миллиондаған адам қиян-кескі ұрыстарды  оққа ұшыраған Ұлы Отан соғысына менің де аталарым қатысқан. Әкемнің де, анамның аталары соғысты бастан кешкен екен. Әрине, мен ол кісілерді көрмедім. Бірде үйдегі суреттерді көріп отырғанда әкем маған: «Мынау сенің атаң болады. Соғыста болған. Фашистерді жеңген. Сен шөбересі боласың. Егер бұл аталарың болмаса, мен де, сен де бұл дүниеде болмас едік, балам» деп айтқан еді. Сосын мен де осы мәліметке қызығып, аталарымның қай жерде шайқасқандары, соғыстан кейін не істегендері жөнінде сұрастыра бастадым.

Ұлы Отан соғысына Ақмола қаласынан аттанған әкем мен анамның аталары Жабай Дощин мен Әбдікей Балжанов бейбіт өмірде де өнегелі еңбек еткен. Мен бүгін  Ленинград майданындағы Волховск әскери тобы құрамында  ұрыстарға  қатысқан Жабай атам туралы жазып отырмын. Әжемнің айтуынша,  соғыстың басынан кіріскен атам 1942 жылы фашистердің кезекті бір шабуылына тойтарыс беріп жатқан кезінде иығынан қатты жараланыпты. Содан госпитальға түсіп, бірнеше ай бойы емделіпті. Жарасынан ептеп жазылған атамды дәрігерлер елге қайтару жөнінде ұйғарым шығарыпты. Оны естіген атам «Мені қайтадан соғысқа жіберіңдерші, майдандас достарыммен бірге болып, фашистерден өш алғым келеді» деп тағы да соғысқа сұраныпты. Бірақ командирлер запасқа шығаруға бұйрық беріпті.

Осылайша жау қолынан жараланып, елге оралған атам Ақмола облысының Жалманқұлақ ауылында, Калинин атындағы совхоздың мал шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіпті. Атамның соғыстағы ерлігі мен  бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегіне берілген орден-медальдары әлі де сақтаулы тұр.

Бүгінгі таңда майдангер атамның ұрпақтары, яғни, біздер елордамыз Астанада тұрамыз. Біздің әулет үшін Ұлы Отан соғысының майдангерлері әрдайым құрметті болып саналады. Өйткені, біз сол сұрапыл соғыстың қасіретін тартқан майдангерлердің ұрпағымыз. Сондықтан жыл сайын Жеңіс күні мерекесінде Қияш әжем бастап аталарымызды еске алуға дастарқан жайылады. Астанада Жеңіс күніне арналған шараларға үлкен ықыласпен қатысамыз.

Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсетуді өткен жылдың соңында-ақ бастап жіберді. Бұл ерлікті қастерлей білетін елдіктің белгісі деп ойлаймын. Майдангер атаның шөбересі болғанымды мақтан тұтамын. Биыл елордамыз Астанада  Жеңістің 70 жылдығына арналған шеру өтеді. Біз міндетті түрде сол шеруді көретін боламыз.

«Менің атам – майдангер!» атты конкурсқа жолдап отырған осы мақалам арқылы Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық ардагер аталар мен әжелерді Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Мәңгілік елімізде мәңгілік бейбітшілік болғанын тілеймін.

Дильназ ҚОСЫМЖАН,

№ 54 мектеп-лицейдің оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button