Жеңіске жетелейді

– Кезінде қазақ жеріне 130-дан астам этнос өкілдері қоныс аударғанда жергілікті тұрғындар қолында барын бөлісіп, ерекше мейірім танытты. Сол мейірімнің арқасында аман қалған буынның ұрпағы бізбіз. Жалпы қазақ халқына күнде алғыс айтсақ та аздық етеді. Алғысты сөзбен ғана емес, іспен, қазақтың салт-дәстүрін, мемлекеттік тілін меңгеру арқылы білдіру керек деп есептеймін. Өз басым шетелде білім алып жүрген кезде қандай да бір іс-шара, көрме өтсе қазақтың шапанын киіп, қазақ халқының бай мәдениетін насихаттап жүрдім. Сол бағыттағы жұмысты қазір Қазақстанда жалғастырып жүрмін.
Біздің елдігімізге үлкен сынақ болған жағдай дегенде былтырғы су тасқынының салдарын жою кезіндегі әрекетімізді айтар едік. Жеке өзім Солтүстік Қазақстанды облысын аралап, оның ішінде Ғ.Мүсірепов атынындағы шет ауылы суға кету қаупі бар жерлерде алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге ауыл маңын және үйлерді аралап, жергілікті халықпен кездестік. Бұл былтырғы қасиетті Рамазан айының соңғы күндеріне орай болды. Осындағы барлық жұмыстарға атсалысқан еріктілерге қазан асып, ауызашар бердік. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке» арнайы жобасы ұйымдастырылып, оның аясында гуманитарлық жүктерді жөнелту жұмыстары жүргізілді. Республика бойынша ҚХА-ның 9,8 мыңнан астам еріктілері жұмылдырылды. Өңірлік ҚХА өкілдерімен 212,3 тонна азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тауарлар жіберілді. Сондай-ақ 43 жүк машинасына гуманитарлық көмек жіберілді (орташа және ауыр жүк фуралары және т.б.), 14 арнайы техника (экскаваторлар, камаздар, самосвалдар және т.б.) тартылды. 253,0 млн теңгеден астам сомаға қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл істер біздің отансүйгіш қасиетімізді ұштап, жеңістерге жетелейді.
Акбаржон ИСМАИЛОВ,
ҚХА кеңесінің мүшесі, Қазақстандағы республикалық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы