Таным

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖАНДАР

1384499330_01

Батыстағы қазақ ықылым заманнан бері қара жерді қопарып, «қара алтынын» игеріп келеді. Бұл жерде туып-өскендердің, иә қоныс аударып келгендердің біразы өмірін мұнаймен байланыстырғаны белгілі.

Жылыой жағында Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі мұнайшы Хасан Алдақов есімін жақсы біледі. Ол қан майданнан аман оралып, талай қазыналы кен орындарын ашуға белсене қатысқан азамат, бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған мұнайшы еді.

Ол 1920 жылы бірінші тамызда Мақат кентінде өмірге келді. Содан 19 жасында әскерге алынған жас елге Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, яғни 1945 жылдың қарашасында жетеді. Жеті жыл бойы солдат шинелін иығынан тастамаған Хасан талай шайқасты басынан кешкен. Жүздеген боздақ қас қағым сәтте опат болып, майдан даласында жер жастанғанда, оның пешенесіне елге аман оралу жазылған екен. Ардагердің майдан жолына көз жүгіртсек: қатардағы жауынгерден бастап Ленинград пен Карель майдандарында бөлімше командиріне дейін көтеріледі. Майдан ортасында жүріп, 1942 жылы компартия қатарына өтеді. Ал, 1945 жылы Омбы қаласында офицерлер курсын тәмамдайды.

Зұлмат жылдардан соң ел экономикасы тұралап қалса да, бейбіт өмірмен қауышқан елдің қуанышында шек болмады. Алайда, етігімен қан кешіп келген сарбаздарды елде де жеңіл тұрмыс күтіп тұрмады. Жауыр арқалар тағы да ауыр еңбектен қайыса түсті. Майданның локомотиві болған Доссор мен Жылыойдың мұнайы соғыстан кейін де барша одақтас елдің экономикасын көтерді. Хасан Жауылбайұлы елге келген соң, ата кәсібімен қайта табысады. Сөйтіп, бастапқыда екі жылдай «Ембімұнайгаз» бірлестігі Құлсары мұнай кәсіпшілігінде техник қызметін атқарады. 1946-1948 жылдары сауатты жігіт Жылыой аудандық компартия комитетінде нұсқаушылық жұмысын жасайды. Әйтсе де, қара алтын өндірушілер қатарына тарта береді. Сөйтіп, 1948 жылы Мәскеудегі академик Губкин атындағы мұнай институтына түсіп, өз мамандығының хас шебері атанғандардың қара шаңырағын 1953 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Қазірдің өзінде іргелі оқу орны саналатын бұл институтқа, шалғай ауылдағы қазақ жігіттерінің ілуде біреуі қабылданатын еді. Қолына дипломын алған жас маман теориялық білімін кен орындарында тәжірибемен ұштастыруға кіріседі. Жылыой мен Мақат аудандарындағы кеніштерде алдымен бұрғышының көмекшісі, бұрғышы мастер, кейін инженер және бөлім бастығы болады. «Қазақстанмұнайбарлау» бұрғылау шебері қызметін атқарады. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінде Түбежек, Жетібай кеніштерін игеріп, тер төгеді. Ал, 1965-1975 жылдары Өзен бұрғылау басқармасында учаске бастығы, инженерлік-технологиялық орталықта ауысым жетекшісі міндеттерін де атқарады.

Ұлы Отан соғысы мен бейбіт тірлікте алған марапаттары азаматтың тұлғасын одан әрі айқындай түседі. Хасан Алдақов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алған. Оның омырауында «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткені үшін» медальдары жарқырады. Байырғы майдангер, білікті мұнайшы 1981 жылдың қарашасында өмірден өтті. Есімі Қазақстан мұнай энциклопедиясына енді.

Айта кетерлігі, Хасан ардагердің әкесі Жауылбай Алдақов қазақ мұнайының бастапқы жылдарында еңбек еткен ер еді. Осындай әкеден тәлім алған ұлы Хасан Алдақов та өмірінің соңына дейін халқына адал қызмет етті. Өмірдің ащы-тұщы дәмін қатар татып, соғыстың бейнетін басынан кешірген ақсақал еңбегінің зейнетін көріп, отбасының қызығына да кенеледі. Артында қос ұлы мен үш қызы қалды. Олар ата-баба жолынан таймай, өмірлерін мұнаймен байланыстырады. Сол ұрпақтарының ендігі арманы – елім, жерім деп өткен әкелерінің есімін асқақтату. Осы орайда, Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімі Жылыой жеріндегі бір көшеге берілсе дейді. Бізде не көп?! Көз сүрінетін мағына-мәнсіз көше атаулары көп. Сондықтан ел мен жерді қорғап, азаматтық борышын қанмен өтеуге аттанған азаматқа бір көше атауын беру артық етпейтін тәрізді.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button