Жаңалықтар

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

Кеше Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті аппарат мәжілісінде «Біз таза қаланы қолдаймыз!» экологиялық айлығын өткізу мен алдағы маңызды оқиғаларға дайындықтың барысын қарады деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Мәжіліс барысында әкім шағын және орта бизнесті дамыту үшін жер телімдерін ұсынуды ұйымдастыру және бұл жұмыстың ашық жүргізілуі мәселесіне тоқталып өтті.

 – Біз бәссаудаға қойылатын ал­ғашқы 88 жер телімін анықтап қойдық. Олардың сипаттамасы, орны және сатылымға қатысу ере­желерімен қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының сайтында танысуға болады, – деді әкім. Қала тұрғындарына бұл ақпаратты барынша түсінікті етіп жеткізу керек. Сонымен қатар, әртүрлі бұр­малаушылықтарға жол берілмеу жағы ескерілуі қажет.

Осы айтылған жағдайларға жол бермеу мақсатында жер телімдері ұзақ уақытқа жалға берілетін болады, ал, егер олар игерілмейтін болса, мемлекет оны қайтарып алып, қайта бәссаудаға қоюға құқылы. Сатылымдар әр апта сайын өткізіледі.

Су тасқынына қарсы шараларды айта келе, әкім кешенді жоспар аясында атқарылып жатқан жұмыстар бақылауда екенін атап өтті. Қалалық құрылымдардың жүйелі жүргізілген жұмыстарының арқасында Ильинка кенті су тасқынынан аман қалды. Қаланы су басу қаупі мен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін бар­лық шаралар қолданылуда.

Елорда әкімінің тапсырмасымен, қала тұрғындарының шағымдарына байланысты қала жолдарын шұғыл жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 116 мекен-жай бойынша жұмыстар атқарылды, қалған жолдарды жөн­деу белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіледі.

Өткізілген жалпы қалалық сен­білік қорытындысын шығара келе әкім «Біз таза қаланы қолдай­мыз!» атты эколо­гиялық айлығы жал­ғасатынын айтып, оның аясында одан әрі атқарылуы тиіс жұмыстарды белгілеп берді.

– Айлық барысында қаланың барлық ластанған жерлерін тазалап, күл-қоқыстардан арылту керек, – деді қала басшысы.

Сонымен бірге, әкім көпірлер мен жаяу жүргіншілер жолдарының тазалығына, ғимараттарды қап­тайтын материалдар мен маңдай­шаларды ауыстыру және басқа да жұмыстарға назар аударды.

Сондай-ақ, әкім алдағы маңызды оқиғалар – ҚР президентінің сайлауы, Қазақстан халқы бірлігі күнін мерекелеу, Жеңістің 70 жылдығы секілді атаулы күндерге байланысты қаланың дайындық жұмыстарына ерекше тоқталып өтті.

– Астана бас қала ретінде барлық жағынан үлгі болуы тиіс. Алда жоғары деңгейде өткізілуі тиіс бірқатар шаралар тұр. Жауапты органдарға осы шаралардың тиісті деңгейде өтуін ұйымдастыруды тапсырамын, – деді әкім.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button