Жаңалықтар

ЖЕР ТЕЛІМІН БЕРУДІҢ ТӘРТІБІ ЖАҢАРДЫ

73162045_3_1000x700_prodaetsya-zemuchastok-kosshy-prodazha-zemli-pod-individualnoe-stroitelstvo

Астанада жер телімін берудің жаңа тәсілдері белгіленді. Ол екі кезеңнен тұрады. Ең әуелі, жер телімін тексеру, іздестіру жұмыстарына және жобалауға рұқсат алу қажет.

Астана қаласы әкімдігінің «Жер телімдерінде жобалауға рұқсат ету туралы» қаулысы шыққаннан кейін барлық санаттағы құрылыс салушылар (жеке және заңды тұлғалар) тексеру, іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу туралы Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісімшарт жасасады. Бұл құжатта жұмыстарды жүргізу уақыты нақты көрсетіледі және бұл мерзім салушы тарапынан да, Сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан да міндетті түрде сақталуға тиіс.

Кейінгі кезде рұқсат қағаздарын алу тәртібіндегі әкімшілік кедергілерді азайту және алу уақытын қысқарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жер телімінде тексеру, іздестіру жұмыстарына және жобалауға рұқсат беру мерзімі 15 күнге дейін қысқарды.

Тағы бір жаңалық, құрылыс салуға үміткер тексеру, іздестіру жұмыстарына және жобалауға рұқ­сат алу шаралары кезеңінде үшінші тұлғалардың (үлескерлердің) қаржысын тартуға құқы жоқ. Бұл жобалау кезеңінде жер телімі салушының меншігіне берілмейді, тек жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін ғана ұсынылады деген сөз. Осындай шаралар жауапсыз құрылыс салушыларды құрылыстың бастапқы кезеңінде-ақ анықтауға мүмкіндік береді.

Келесі кезең – сәулет ғимаратын салу үшін жер телімін беру. Құрылыс жүргізуге жер телімін беру мәселесі де 15 күнде қаралады. Жер телімдері тегін беріледі, ал учаске үшін жалға беру ақысы тек екінші кезеңде ғана төленеді. Құжаттарды рәсімдеу екі кезеңде де мемлекет есебінен жүргізіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button