Басты ақпарат

Жерде жетім жыламасын десек…

«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» депті бабаларымыз. Ата салтынан алыстап, жаһанданған қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғытып жіберді. Бүгінгі күннің ащы шындығы – осы. Ұлы даланың дәстүрінен алыстап, жаһанданған жұрттардың көшіне ілесіп, ұлттық құндылықтарымыз­дан айрыла бастадық. Көкек әке мен ананың (тіпті ана деуге аузың бармайды) бауыр еті баласын бозторғайдай шырылдатып, қоқыс жәшігіне тастап кететініне де етіміз «өліп» кетті. Некесіз туған баланың саны көбейіп, тексіздіктің торына шырмалдық. Қайда бара жатырмыз?

[smartslider3 slider=3250]

Жетімдерімізді жылату емей немене, еліміздегі 23 410 тұл жетім және тастанды (әке-шешесінің қамқорлығынан айрылғандар) жәудіркөздеріміз әркімнің босағасында жәутеңдеп жүр. Соның ішінде 17023-і – қазақстандық отбасылардың қамқорлығында, 4035-ы-і – Балалар үйінде, 1751-і патронаттық тәрбиеде болса, 195-ін отбасылар асырап алған. «Соңғы 5 жылда 18428 баланы еліміздегі отбасылар асырап алды. 2016 жылы Қазақстанда 140 жетімдер үйі болса, 2021 жылы олардың саны 89-ға дейін азайды» дейді ресми статистиканың дерегі.

«2023 жылы Қазақстандағы барлық жетімдер үйін жабамыз!» деп жаһанға жар салдық, сол шынында да орындалатын шешім бе? Жетімдер үйі деген шын мейірімге зәру суық үйді немен алмастырамыз? Қатал тағдырдың тауқыметінен әке мен ананың жүрек жылуына зар болған бәйкүнә балалардың кінәсі неде?  Көкіректе жауабы жоқ, сауал көп. Дені сау жетімді жылатқанымыз аздай, жаны мен тәні бірдей жарымжан сәбилерді азаптап-қорладық. 2020 жылы Amanat (ол кезде Nur Otan) партиясының жанынан құрылған жетім балалардың құқығын қорғайтын арнаулы кеңестің мүшелері Рудныйдағы балалар үйіндегі былық-шылықты әшкереледі. Айуандық пен қатыгездіктің құрбаны болған жәудіркөздердің жанарындағы жасты күллі әлем көрді. Ешкім асырай алмайтын тастандылардың мәселесі тағы бар. Осы түйткілдердің түп-тамырына тереңірек үңілмек ниетпен «Қазақстанда жетімдер үйі жойыла ма?» деген тақырыпқа жан-жақты әлеуметтік зерттеу жүргізіп көрдік. Нәтижесі – назарыңызда.

Жетімдерді мемлекет тарапынан қамқорлыққа алу жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. 838 баланың 54-іне «Отбасы банкінен» депозит ашылған, балалар жәрдемақысы сол депозиттерге аударылады. 48 баланың білім алу депозиттері бар. Жетімдер үйінде тәрбиеленетін 2700-ден аса бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алушылар кезегіне қойылған. Жетімдер үйі түлектерінің 2019 жылы – 127-сі, 2020 жылы – 121-і, 2021 жылы 14-і баспана алған. Елорда әкімдігі Балалар үйінен шыққан жеткіншектердің мамандық алып, жұмысқа орналасуына да айрықша көңіл бөледі. Соңғы үш жылда жетімдер үйі түлектерінің ­жұмысқа орналасуы 100 пайызды құраған

Елордада бала асырап алғысы келетіндер көбеюде

Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында 838 тұл жетім және тастанды балалар бар. Соның 184-і арнаулы интернаттарда тұрады, 654-ін отбасылар асырап алған. Жетімдер үйіндегі балаларды отбасыларға беру тәжірибесі елордада жақсы жүзеге асырылуда. Екі жылда 47 бала жаңа отбасын тауып, өз өмірлерін өзгертті. Бұл жерде бала асырап алатын отбасылар мектебі деген жобаның жетістіктері көп. Ол жерде мамандар үш ай бойы бала асырап алу бағытында білім алады, кеңес тыңдайды. Соңғы екі жылда астаналық осындай үш мектепті 260 отбасы бітірген. Бас қалада жетімдерді бауырына басқысы келетін жандардың көбейгені – зор қуаныш. Қазіргі кезде аталған мектептерге кезекте 200-ден астам отбасылар тұр. Сондай-ақ елордада жетімдерді демалыс және каникул күндері отбасына қонақ етіп алатын тәжірибе де жақсы қолға алынған. 2019 жылдан бері астаналық қайырымды жандар 66 баланы асырап алса, 82 бала өзінің туған ата-анасына оралған.

Жетімдерді мемлекет тарапынан қамқорлыққа алу жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. 838 баланың 54-іне «Отбасы банкінен»­ ­депозит ашылған, балалар жәрдемақшасы сол депозиттерге аударылады. 48 баланың білім алу депозиттері бар. Жетімдер үйінде тәрбиеленетін 2700-ден аса бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алушылар кезегіне қойылған. Жетімдер үйі түлектерінің 2019 жылы – 127-сі, 2020 жылы – 121-і, 2021 жылы 14-і баспана алған. Елорда әкімдігі балалар үйінен шыққан жеткіншектердің мамандық алып, жұмысқа орналасуына да айрықша көңіл бөледі. Соңғы үш жылда жетімдер үйі түлектерінің жұмысқа орналасуы 100 пайызды құраған.

Қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова балалар үйінен шыққан бозбала мен бойжеткендердің тағдыры қоғамдағы әр адамды ойландыруы қажеттігін айтады. «Астаналық білім беру басқармасының бақылауында 18 жасқа дейінгі 800-ден аса жетімдер мен тастанды балалар бар. Әрине, олардың әлеуметтік жағдайы, күнделікті өмірі арнаулы мамандардың қолында, оған алаңдауға негіз жоқ. Алайда 18-29 жас аралығындағы жетімдердің тағдырын неге ойламаймыз? Олардың саны қанша екенін ешкім білмейді. Балалар үйінен шыққан жандар қайда кетіп жатыр? Шетелде интернаттан кейінгі өмірін бақылау деген түсінік бар. Сол жетімдердің жай-күйін, бүгіні мен болашағын мемлекет қадағаласа жөн болар еді. Меніңше, жетімдердің бірыңғай мәліметтер базасын құру керек. Жастар саясаты басқармасы осы іспен айналысса, құба-құп» дейді Л. Разбекова.

Жетімдер үйі жабыла ма?

Бір жыл бұрын ақжағалы шенеуніктер Қазақстандағы жетімдер мен тастандылар саны 32 пайызға, ал Балалар үйінің саны 30 пайызға азайды деген деректерді жария етті. Одан бұрын, Премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Бердібек Сапарбаевтың: «2023 жылы елімізде Балалар үйі деген болмайды. Олардың бәрін отбасылық орталықтарға айналдырамыз» деген сөзі жалпақ жұртқа тарады. Алайда мезгіл мәселесін сала мамандары, тәуелсіз сарапшылар әртүрлі түсіндіреді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:

Жетімдер үйі деген жан-жүрегіңді аяздай қарып жіберетін суық сөздің болмағанын қалаймыз. Тұлдыр жетімнің жанына жазылмас жара салатын жердің керегі жоқ! Бірақ… қоқыста қалған әр баланы өз құрсағынан шыққандай етіп асырап алатындар бар ма? Қу құлқынның жетегіне еріп, баланың жәрдемақысын қалтаға салып, ауыр жұмысқа жегіп, азаптағанын қайда қоямыз? Сүйеусіз қалған жетімге жарық көзбен қарай аламыз ба? Бұл – басқа әңгіме.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ: Гүлмира ИЛЕУОВА,

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық  қорының президенті:

– Біздің Үкіметтің мұндай қадамын қоштамаймын. Өйткені біріншіден, құзырлы министрліктер бала асырап алатын отбасыларды таңдауға ерекше мұқияттылықпен қарамайды. Жетімдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілері – соның айғағы. Мұндай оқиғалар ашық айтылып, қоғамның талқысына шығарылып отырылуы керек. Мысалы, батыс елдерінде жетімдерге қатысты заңнама да, ювеналдық органдардың жұмысы да өте қатал. Оларда құқық қолдану тәжірибесі кеңеюде. Бірақ біз үшін бұл үлгі қыларлық тәжірибе емес.

Бибісара Бейсенбаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» әлеуметтік үйінің директоры:

– Барлық жетімдер үйін жауып тастауға болмайды! Меніңше, бұған бірнеше себептер бар. Қазақстанда ювеналдық қызмет жұмыс істемейді. Нақты мысал айтайын. Шыр етіп дүниеге келген әр баланы отбасы, өсетін орта тәрбиелейді. Қаршадайынан қарақшылықты көрсе, қылмыскер болады. Ілім-білімді көрсе, шын ғалым болады. Бұл жерде бір назар аударатын жайт бар. Жетім баланы сәбилер үйі, жеткіншектер үйі немесе балалар үйіне бөлу үшін біраз уақыт «приемник-распределительде» ұстайды. Ол жердегі әлімжеттік, қатыгездік кәдімгі түрмеден асып түседі. Оған түскен баланың жүрегі қатаяды. Басқаша айтсақ, «бөлтірікке» айналады. Ал 6 айдан кейін оны баратын жерге жібергенде, ювеналдық қызмет іске қосылмайды. Мұндай «тозақтан» түзеліп шығатын балалар некен-саяқ. Бірде 15 жасар жетім баламен сөйлестім. 5 жасында 6 ай «приемникте» көргенін, сол кезеңде бүкіл әлемге лағнет айт­қанын өз құлағыммен естідім. Кейінірек, дәстүрдің көмегімен, музыканың құдіретіне ғашық болғанынан ғана дұрыс жолды таңдаған. Себебі жетімдер үйіндегі оқытушылары көмектескен. Екіншіден, меніңше, жетімдер үйін әлеуметтік көмек беретін үйлерге айналдыру керек. Оларды уақытша тұратын я болмаса ем-дом қабылдайтын, білім беретін деп бөлуге болады. Ең өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік қызметші деген маман жоқ. Себебі жетім баланы дәрігер емдейді, педагог оқытады, психолог кеңес береді, ал әлеуметтік қызметкер осының бәрін қосып, адам болуына жол көрсетеді, мейірімін төгеді. Қазір 50-60 мың теңге жалақы алатын біздегі бұл маманның қадірі жоқ, сұраныс жоқ. Ал АҚШ-та бұл мамандық үздік төрттікке кіреді, ол жақта ай сайын 15-20 мың АҚШ доллары көлемінде еңбекақы алады. Әрине, Қазақстан мен АҚШ-тағы тұтыну кәрзеңкесі әртүрлі, десек те, елімізде әлеу­меттік қызметкерге кем дегенде 350 мың теңге жалақы төлеу қажет. Міне, сол кезде іс оңға басады. Қазақстандағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің стандарттары ескірген. Жаңадан дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте тек қаржы, норма деген нәрсе қамтылған. Бірақ қарапайым адамның құқы, өмірі туралы бір ауыз сөз жоқ! Сонда жетімдер үйін жапсақ, барлық мәселе шешіле қала ма?.

Аружан Саин,

Қазақстандағы балалардың құқығы жөніндегі уәкіл:

– 2006 жылдан бері еліміздегі жетімдер үйін жабу мәселесімен айналысып келемін. Бұл істі балалардың құқығын қорғау арқылы аяқтауымыз қажет. Қазір балалар үйіндегі әр балаға ай сайын 200 мың теңге бөлінеді. Бала көбейсе, қаржы да көп жұмсалады. Бірақ біз осы монолиттік жүйені бұза алмай отырмыз. Осы жүйені бұзғысы келмейтін жандар жетімдерді ұстап отыр. Қазіргі жетім балалар – сол жүйе кепілге алған қорғансыздар. Тастандылар мен жетімдердің сол үйлерден шыққаннан кейінгі өмірі бұлыңғыр. Ал отбасын тапқан баланың ертеңге үміті бар. Біз фостерлік отбасылар (патронаттық тәрбие, кәсіби отбасы) туралы заң жобасын дайындап, Мәжіліске апарамыз. Балалар үйі деген мемлекетке масыл мекемені жауып, осымен ауыстырамыз. Патронаттық отбасылар тұл жетімдерді, отбасынан ажырағандарды қабылдайды. Осылайша, өркениетті елдердің үздік тәжірибесі қолданып, бұл мәселені түпкілікті шешеміз.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button