ЖаңалықтарҚоғам

ЖЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТЕТІКТЕРІ

Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиімді пайдалануды бақылау жұмысы күшейтіліп, жүйелі жолға түсті. Бұлай деп кеше өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Агрохимиялық қызмет бойынша республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Ерболат Базылжанов мәлімдеді.

1384522502_image_82626cca00

Таяуда агрохимиялық қызметтің материалдық-тех­никалық базасы нығайтылады. Қазірдің өзінде аталмыш қызметтің көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Мәселен, агрохимиялық зерттеу көлемі 1,5 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін өскен. Соның ішінде егістіктегі көңнің, жеңіл гидролизденетін азоттың, жылжымалы фосфор мен ауыс­палы калийдің көрсеткіштері топырақты агрохимиялық зерттеу нәтижесінде анықталатын көрінеді. Бұл жұмыс суарылмайтын жердегі егістікте жеті жылда бір рет және суармалы жерде бес жылда бір рет жүргізіледі.
Е.Базылжановтың сөзінше, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерді тиімсіз пайдаланғандар қатаң жа­уапкершілікке тартылады. Тіпті, бұл үшін жер олардан тартып алынады. Жалпы, жер иелері мен жерді пайдаланушыларға жердің құнарлығы мен мелиоративтік жағдайын түсірмеу талабы қойылады. Бұл талап Жер кодексіне осыдан бір жарым жыл бұрын өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде күшейтілген.
Сондай-ақ, агрохимиялық қызмет басшысы жерді жалға беру тәртібін түсіндіріп өтті. Оның сөзіне сенсек, шетел­діктерге және шетелдік компа­нияларға жерді жалға беру мәселесін облыс әкімдіктері шешеді. Аудан әкімдерінің бұған құқығы жоқ. Ал, облыс әкімдері ондай шешімді орталық органдармен келісіп шешеді және жалға беру мерзімі 25 жылдан аспайды.
«Егер жерді пайдалануда заң бұзушылықтар орын алса немесе белгіленген мақсатта пайдаланбаса тиісті шаралар қолданылады. Бұл шаралар шетел азаматтарына да, Қазақстан азаматтарына да бірдей жүреді. Алдымен ескерту жасалады, одан кейін айыппұл салынады. Егер бұдан кейін де заң бұзушылықтар тиылмаса, сот арқылы жер мемлекетке қайтарылады» дейді Е.Базылжанов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button