ӘлеуметБасты ақпарат

Жердiң жүзiн жайнатты

Бүгiн кезектi күнтiзбелiк наурыз да тәмам. Күллi шаттық пен думанды қазақтың құшағына құя салған Әз-Наурыз бұл жолы да берекемiздi бiр молайтты! Әу дегеннен еңсенi серпiп, той дүбiрi естiлген. Сол дүбiрге күллi қазақ жұртының беу-беуi қосылды да кеттi!

Алдымен жердiң тоңы сөгiлiп, ақ көрпесiн айқара ашқан. Қылтиып көк көрiндi. Бозарып бәйшешек гүлдедi. Әне-мiне қызғалдақ бой түзейдi. Елорданың қайыңдары бүр жарса, қандай әдемi! Жақсылыққа жалғасар үмiттi оятқандай. Күнi кеше сона-а-ау жақтардан қайтқан тырналар тiзбегiн қарсы алдық қол бұлғап. Iле-шала даламның көркiн қыздырып, әсем әндерге бөлеген түрлi құстардың құйқылжыған үнi естiлдi.
Ал табиғат осылай жасанса, көңiлдi қалай кiрбiң баспақ. Тойладық! Астананың қақ төрiнен түңдiгiн желбiретiп самаладай жарқыраған киiз үйлерiмiз бой көтердi. Бабамнан мирасқа қалған Наурыз көженi дайындады апаларымыз. Қылқұйрықтының тiзгiнiн бос қойып, Сарыарқа төсiн тағы дүрiлдеттi бозбалалар. Алтыбақаннан жүректi тербеген халық әндерi әуеледi. Жеткiншектердiң күлкiсiмен ұлттық ойындарымыз жарасымын тапты.
Әз-Наурыздың әуенi жылға жалғасқай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button