Елорда тынысы

Жергілікті жәрмеңке өтті

«Астана Арена» спорт кешені ғимаратының аумағында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдері қойылған жәрмеңке өтті.

Биыл 11 маусымнан бері өткізіліп келе жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін астаналықтар асыға күтетін болған. «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бас менеджері Бексұлтан Әмірсейіттің айтуынша, ауа райы қолайлы болып тұрғандықтан, жәрмеңке осы аптада да жалғасын тапты.

– Әрі халық демалыс сайын осы жерден төмен бағаға азық-түлік алып үйреніп қалды. Қыс та жақын. Соның алдында тұрғындар табиғи арзан азық-түлік өнімдерін барынша алсын деген мақсатпен жалғастыруды жөн санадық. Оның үстіне сатушылардан сұраныс болды. Сондықтан атауы «Жергілікті жәрмеңке» болғанымен, қазір тек Ақмола облысы бойынша ғана емес, сонымен қатар Павлодар, Абай, Алматы, Петропавл, Қарағанды өңірлерінің де кәсіпкерлері қатысуда. Мәселен, картоп Қосшыдан және Павлодардан да жеткізілді. Алматының апортын әкелген алматылықтар да бар. Бір аптаға созуға рұқсат берген соң, бәрі өтініш білдірді. Бағасы «Шапағат», «Артем» базарларына қарағанда төмен, шамаман 10 пайызға арзан, – дейді Б.Әмірсейіт.

Корпорация қызметкері екі күн қатарынан таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге де­йін жалғасқан жәрмеңкеде бағаның өсіп кетпеуін және тағам түрлері бойынша бөлімдердің бір-бірімен араласпай, бөлек-бөлек, дұрыс орналасуын қадағалады. Арзан әрі табиғи азық-түлік өнімдерін сатып алуға келушілер арасында әсіресе дөңгелегі бар сөмкелерін сүйреткен егде жастағы тұрғындар басым.

– Демалыс сайын жәрмеңкеге келуге үйреніп қалып едік. Күн суытып, тоқтатқалы жатыр. Бағалары қала базарларындағы өнімдерге қарағанда арзан. Мәселен, сиыр еті 2100-2200 теңгеден, жылқы еті 2500-3000 теңгеден сатылуда. Алманы компот қайнатуға солғын тартқан түрлерін 70 теңгеден алсаңыз, дастарқанға қоюға шырыны мол түрлерін 350-450 теңгеге аласыз. Картоп бағасы 130 теңгеден екен, – дейді елордалық әже Айнагүл Тұрмағамбетова.

Жәрмеңке қар жауып, аяз болса ғана келесі апта тоқтауы мүмкін. Сосын келесі жылы маусымда тағы жалғасады, мамыр айынан бастап өтінімдер қабылданады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button