Қоғам

Жеті асудың төрт қыры

Қытайдың данышпан ғалымы Конфуций: «Жол адамды ұлы ете алмайды, адам өзі жүрген жолын ұлы етеді» деген екен. Осы сөздің астарына тереңірек үңілетін болсақ, жүрген-тұрған ортаңда өзіңнің қолыңнан келетін пайдалы іспен айналыс, сонда ғана көрнекілігің, кісілігің ел көзіне түседі, қадірің артып, бағаң өседі деген пайымды танырымыз сөзсіз. Менің осы мақалама негізгі тірек болып отырған азамат Бейсенбек Әлкенұлының өмір жолының, білігі мен түсінігінің түпкі қазықтың байлауы осыған келеді. Сонымен…

Сарыарқаның бел төріндегі аты – еңсегейлі тау аталғанымен, биігі жатағандау көп қырқаларының бірі. Әкесі Әлкен соның баурайындағы ен жазықта қой фермасының бір отарын алдына салып ақтылы түлікпен өрісті жапқан аға шопан, шешесі Зейнеп – төрт ұл, жеті қызды өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Осы көпбалалы отбасында 1951 қоян жылының қыркүйек айы өтіп, қазанның 1-ші жұлдызында алдағы қыстың алғашқы хабаршысындай қар бір жауғанда дүние есігін ашқан Бейсенбек осы Амантаудың ығында отырған шопан қыстауында кіндігін кескен.
1967 жылы аудан орталығы Нұрадағы орта мектепті жақсы бітірген Бейсенбек 1968 жылы шаруашылық басшысының қолдауымен Волгоград ауылшаруашылық институтына жолдама алады. Сол жылы осы ауылдан Ресейдің жоғары оқу орнына аттанған үшеудің бірі болып Бейсенбек агрономия факультетіне түсіп, оны бітірісімен 1973 жылы Нұра ауданындағы «Чернигов» кеңшарының Өндіріс ауылына бөлімше агрономы болып тыңнан еңбек жолын бастады. Тұрмыс түзеліп, елдің беті оңала бастаған 1974 жылы тағдырдың жолы келіншегі Райханмен жолықтырып, шаңырақ көтерді. Адамға бақ қонайын десе қиын ба, бас екеу болғасын дүние өз оралын тауып, сол жылы Тельман ауданының Аманкелді атындағы кеңшарына бас агрономдық қызметке жіберіліп, дәрежесі өсті. Келіншегі бас экономист болып шаруашылық экономикасының тізгінін ұстады.
Иә, бұл шаруашылықтың еңсесін тіктеуге Нұрсұлтан Әбішұлының ықыласы ерекше түскен десе жөні келеді. Қарметкомбинаттың салып берген мал өсіру кешендері, 1100 тонна дән сақтауға арналған астық қоймасы, бие сауып, қымыз өндіретін цех, одан өзге жұмыс күшімен, құрылыс материалдарымен, техникамен, қосалқы бөлшектермен көмектесуі шаруашылықтың еңістегі тасын өрге домалатты.
– Комбинаттың көмегі дегеннен шығады, ол кезде біздің қолымызда қолдан сызған жобадан басқа ештеңе жоқ еді. Біздің жағдайымызды түсінген Нұрекең жобаның шығындар сметасын өзі жасатты, техникалық құрал-жабдық, 18 метрлік темір-бетон жапқыштар, ауыр крандар бергізіп, құрылысты созбай іске қосып берді. Міне, адамның алғырлығы мен іскерлік білігі осындай болса керек, – дейді Бейсенбек Әлкенов айтар ойын әрі сабақтаған қалпы.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қарағанды облысына екінші хатшы болып үлкен қызметке кіріскенде де осы Аманкелді атындағы шаруашылыққа бірнеше мәрте ат ізін салған. Қызметі өсіп, Алматыға ауысып кеткенінше алты жыл бұрын тақыр жерде құрылған Аманкелді шаруашылығында 120 екі пәтерлі үй, монша, дәрігерлік қосын, орта мектеп, шаруашылық игілігіне – 6 мал қора, қымыз цехы, механикаландырылған қырман салынды, көптеген техника мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Шаруашылықтың осыншалықты толағай жетістіктерінде Қазақ елінің Тұңғыш Президенті-­Елбасы ­Нұрсұлтан ­Назарбаевтың да қолтаңбасы қалды. Бұған қосылмасқа амал не, оны көзі көрген, тікелей куәгері болған Бейсенбектің өзі айтып отыр. Үлкен тұлғаның тәлімінен оның үйренгені не деген сұрақ көкейге осындайда ұялайды.
Ол да өмір сабағы. Елбасының ілкімді істеріне көзі қанығып, қыз­метінде пысып, шираған Бейсенбектің еңбек белестерінде тәлімі жақсы азаматтар аз болған жоқ. Солардың белдісі де бірегейі Ақмола облысының Целиноград ауданын басқарған, Социалистік Еңбек Ері Евгений Михайлович Золотарев десек болады. Оның кезінде алды кең, қарамағындағы қызметкерлерін ұлтына, шыққан тегіне емес, іскерлік қабілетіне қарап бағалайтын тұлға болғаны мәлім. Бейсенбекті білік-білігіне қарай сырттай бағалап жүріп аурпарткомның насихат бөліміне нұсқаушы, кейін меңгерушісі етті. 1987 жылы облыстық партия комитетінің таңдауымен ауыл шаруашылық бөліміне қызметке ауысты.
1991 жылы «күнсіздерге күн болған» Ленин құрған Компартия тарағанға дейін аудандық, облыстық атқару комитетінің бұрқыраған көп қағаздарын жазуда мұрнынан шаншылып жүретіндердің бірі осы Бейсенбек болатын. Халықтың «асыраушысы» һәм «жөн сілтеушісі» партияның табанының бүрі тайған соң, осы аппараттағылардың көбіндей бұл да сан соқтырған сарсаңға тап болды. Үш ай жұмыссыз жүрді. Осындай тығырыққа тірелген тұста елге дұрыс бағдарды Елбасы көрсетті. Ендігі жерде экономиканың негізгі қозғаушы күші шағын және орта бизнес екенін, ол үшін жеке кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін алға тартты. Қоғамымызға нарық заңдылықтары ене бастады. Соның негізгі тетігін, ерекшелігін, салық төлеу жүйесін үйрену ниетімен облыстық салық комитетіне аға инспектор болып қызметке кірісті. Облыстық деңгейдегі лауазымды тұлға Смағұл Жұмабеков, тікелей бастығы Темірболатов сияқты қаржы саласының майталман білгірлерінің тәлімді мектебінен өтті. Сол тұста тексерулері көп болғанымен, әдіс­темелері әлі толық қалыптаспаған саланың миды шаршататын тірлігі бас көтертпейтін. Оның үстіне біреу­лердің кемшілігін іздеу, қатесін көрсету Бейсенбектің қолайына жаға да қоймады. Бірақ осы салада жұмыс істеуі алдағы уақытта тыңнан өз тізгіні өзінде дегендей жеке кәсіп ашсам деген батыл қадам жасауына ықпал етті. Оның нартәуекелдік қадамына ақ жол тілеген сол кездегі Целиноград ауданының басшысы Саят Қамзебаев болды.
Бейсенбек Әлкенов осылайша 1992 жылдың қарашасында кәсіпкерліктің айдынына қайығын салды. Айтары жоқ, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары кімге де болсын ауыр соқты, бастаған істі дөңгелетіп әкету оңайға соқпады. Ресейдің Алтай, Кемерово, тағы басқа өңірлерінен егіншілікке қажетті ауылшаруашылық техникаларын, құрал-саймандарын алдырумен айналысқанымен, оны сатып алатындардың қолдарында қаржы, өнімге тапсырыс жасайтын сұраныс болмады. Сондықтан ауыл тірлігіне септесін болмақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басына талай рет жабылып қалу қаупі туды. Бірақ Бейсенбек Әлкенов өзінің жігерлі, намысшыл, алған бетінен қайтпайтын тындырымды жан екендігін танытып қана қоймай, қалыптасудың, нарыққа бейімделудің сан тоспалы бөгесіндеріне тоқырап қалмай, ісін ілгері бастырып әкетті.
Осындай алғыр да іскер азаматты тоқсаныншы жылдардың соңына қарай кейіндері ел Парламентінде Мәжіліс депутаты болған, оған дейін облыс аумағында бірнеше аудандарды басқарған, жоғары сатылы қызметтердің тұтқасында болған Жексенбай Дүйсебаев облыстық агроөнеркәсіпті басқарып тұрғанында өзіне орынбасарлыққа шақырды. Бұл бір жағынан өзінің атқарып келген жеке кәсіпкерлігімен үйлесімді болғандықтан, Бейсенбек келісімін беріп, жаңа лауазымның орынтағына жайғасты. Мұнда да абыройсыз болған жоқ. «Астана» медалімен марапатталды. Алайда елордасы Ақмолаға жайғасып, облыс орталығы көгілдір Көкшетауға ірге көтергенде отбасы жағдайына байланысты өзі әу баста тұсауын кескен «Согласие – Келісім» ЖШС-не қайта оралып, шылбыр басын өз қолына алды. Қазір осы кәсіпорын аумағындағы бірнеше шағын кәсіпкерліктерде 150-ге тарта адам еңбекпен айналысып, өз нәпақаларын тауып жүр. Наубайхана, кулинария сияқты өзінің де жекеменшік кәсіпшілігі көпшілік сұранысына қызмет етуде.
«Согласие – Келісім» фирмасының иесі Бейсенбектің кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқанына бүгінде 29 жылға аяқ басқан. Осы жылдарда оның көкейге түйгені де, ортаға салар ой-тұжырымдары да жетерлік.
Есімізде болса 1998-1999 жылдары елордасының Ақмолаға, бүгінгі Нұр-Сұлтанға тағаны тірелген, қазығы қағылған кезеңдер. Сол тұста тәуелсіздіктің баяндылығына тарту болсын деп Бейсенбек Әлкенов ат жарыстары өткізілетін ипподромды салуға үлесін қосты. 1998 жылғы Астананың тұсаукесерінде бұл алаңда 500 сәйгүлік құйрық тістескен дүбірлі жарысты алыс пен жақыннан келген мәртебелі меймандар тамашалағанын да әлі ұмыта қойған жоқпыз. Бұл ізгілікті шаруаның қомақты бір бастамасы болса, 1997-2007 жылдары табысы өрге басқан «Согласие – Келісім» ұжымының директоры Бейсенбек еліміз өркениет пен даму жолына түскенде, имандылықты да ұмытпайық деген ниетпен діни қайраткер, көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісалы, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтер қозғау салуымен 2005 жылы Киевка ауылында көзкөрім тамаша мешіт құрылысына қаржылық демеушілік жасауда қолы ашық мырзалығын танытқаны, оның құрылысы 2007 жылы толық аяқталып, ел игілігіне берілгені тағы бар. Мұның сыртында өзге де жан жылытар қайырымдылық және демеушілік көмектері – өз алдына бір төбе. Оның бәрін бір мақала ауқымына сыйғызу да мүмкін емес. Ең бастысы, заң саласының білгір маманы Айбек есімді ұлы мен Сәбина келінінен Аружан, Әділжан және Айсұлу есімді немерелер қуанышына бөленіп отырған сүйікті жары Райханымен бүгінде ата-әже атанып жүргендері.
Өнегелі ісімен кәсіпкерлікті дөңгелетіп, өзгелердің де, өз отбасының да шырайын келістірген абзал азаматтың 70 жас атаулы жеті белесінің төрт қырына тоқталдық. Жаратқан ие көпсінбесе, алдағы жасар жасының әр жылын толағай табыс пен игілігі мол жақсылықтармен ұштастыра бергей! Бақ пен тілектің қос өрімі шаңырағыңа құт сыйласын, Бейсеке! – дейміз.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы
Ардагерлер кеңесінің
мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button