Мәдениет

«ЖЕТІ» САНЫ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕДІ

3505bfcf4ac8307f7a0f48d414077e36

Еліміз тәуелсіздігін алған жылы дүниеге келіп, содан бері талай дарынды әншінің жолын ашқан «Жас қанат» республикалық байқауы елордада кезекті мәрте дүркіреп өтті. Биылғы байқаудың бас жүлдесінен үміткерлер Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы өнер жарыстырды.

Конкурстың бірінші күні еліміздің 10 қаласынан 15 талапкер әнші сахнаға шықты. Олардың өнеріне белгілі музыкатанушы Юрий Аравин, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Абзал Мұхитдинов, Серік Еркінбеков, Раиса Мұсақожаева, Ержан Дәуітов, «Жас қанат» және «Азия» дауысы байқауларының негізін қалаушы Мұрат Ерғалиев, аталмыш байқаудың тұңғыш лауреаттары Ерлан Көкеев пен Маржан Арапбаева, «Хабар» арнасының продюсері Ирак Елекеев баға берді. Соның қорытындысында қатысушылар саны азайып, 11 әнші ғана келесі кезеңге жолдама алды.
Екінші күні конкурсанттардың қатары тіптен селдіреп қалды. Олардың арасында болған елордалық бес әншінің үшеуі – Сүлеймен Олжас, Нұрбол Сыдықов және Нұрлан Түкенов, өкінішке қарай, жарыстан шығып қалса, Сұлтан Ахмет пен Еркебұлан Тұрмахамбетов финалға дейін жетті.
Сонымен, финалда ақтық мәреге дейін жеткен 6 өнерпаз өз қабілеттерін қазылар алқасының талқысына салды. Қазылардың ұйғарымымен Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай секілді Арқа әншілік өнері майталмандарының сарқыты, көкшетаулық Ринат Теміржан жеңімпаз атанды. Бас жүлдеге тігілетін «Алтын қанат» пен Астана әкімінің ақшалай сыйлығын оған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев табыстады. Бір атап өтер жайт, жеребі тарту рәсімі кезінде Ринатқа ұлтымыз қасиетті санайтын «7» саны бұйырған еді. Ақыры жеңіске жетті. Осыдан кейін ырымға сенбей көр…
Осы жолғы «Жас қанат-2015» байқауына үш қыз ғана қатысқан еді. Нәзік жанды талапкер әншілердің қатарындағы бірінші күнгі жарыста шетелдік танымал әнші Бейонстің «Listen» – қазақшалағанда «Тыңдашы» әнін орындап, жоғары 145 ұпай жинаған қарағандылық Лаура Айтбаева ғана финалда өнер көрсетті. Тәттімбет атындағы Өнер колледжін биыл бітіретін ару байқау бас­талмас бұрын «Мен үшін жеңіс емес, осы байқауға қатысудың өзі қуаныш» деген болатын. «Арық айтып, семіз шық» демекші, Лаура екінші орыннан көрініп, «Күміс қанатқа» қол жеткізді.
Астана да жүлдесіз қалған жоқ. Үшінші орын алған Сұлтан Ахмет «Қола қанат» иегері атанды. Жүлдегерлердің шыққан жеріне қарап отырсақ, «Арқаға келсең, әншімін деме» деген сөздің ақиқаттығына тағы көз жеткіземіз. Үлкен әншілік мектебі қалыптасқан өңір өрендері бұдан биік байқауларда да топ жаратынына сенімдіміз.
Сонымен, ұйымдастырушылары – Астана қаласының әкімдігі, «Хабар» агенттігі және «Азия дауысы» байқауының дирекциясы болған «Жас қанат-2015» байқауы тарих қойнауына сіңіп барады. Келесі жылы байқауға 25 жыл толады. Сол кезде ол өзіміздің пайымдауымызша, бұдан да зор деңгейде ұйымдастырылуы тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button