Мәдениет

Жеті томдығы жарық көрді

Ұлттық академиялық кітапханада аталмыш руханият ордасы және Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының қолдауымен жазушы-публицист, аудармашы, марқұм Марал Хасеннің жеті томдық таңдамалы еңбектерінің таныстырылымы мен «Қаламгер мұрасы» атты кітап көрмесі өтті. Жеті томдықты жазушының жары Рымбала Смайылова құрастырды.

[smartslider3 slider=3028]

Марал Хасен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері түрлі басылымдарда еңбектенді. Өмірінің қырық жылын журналистикаға арнады. Еңбек жолын аудандық «Жаңаарқа» және «Новая степь» газеттерінен бастап, облыстық «Жезқазған туы», «Орталық Қазақстан» басылымдарында айқын қолтаңбасын қалдырды. Аудандық «Ағадыр таңы» және «Агадырьская новь» газеттерінің ұйымдастырушысы, алғашқы бас редакторы болды.

Қаламгер қазақ және орыс тілдеріне жүйрік еді. Орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға шебер аударатын еді. Жеті томдығы соған көз жеткізеді. Оның жарық көруіне жары Рымбала Смайылованың еңбегі зор. Соның бәрін жинақтап, көз майын тауыса компьютерге теріп, оқырмандарға ұсынды. Жалпы қаламгердің өмірден озғанына алты жылға жуықтаса, содан бері мұрасының жаңғырып, насихатталуына жарының үлесі мол. Рымбала апай Ұлттық академиялық кітапхана ішінен Марал Хасен шығармашылығына арналған бұрыштың ашылуына да мұрындық болды.

Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізген жеті томдықтың таныстырылымында белгілі ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай қаламгер жарының еңбегін атап өтіп, кітапты қадірлеу төңірегінде ойын өрбітті. Марал Хасеннің шәкірті, ардагер журналист, Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әли Тойжігітов ұстазының жарқын бейнесін еске алып, аталмыш филиал атынан жарына сый-сыяпат жасады. Заңгер ғалым Болат Сыздық, медиамаман Мейрамхан Жәпек, қаламгердің достары, «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Жәлел Шалқар қаламгердің еңбегі туралы әңгімеледі. Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Әсет Аманжолов аталмыш басқарма атынан құрмет көрсетті.

Марал Хасеннің бір қыры әншілігі еді. Қаламгердің бауыры, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Сырым Мұхамеджанов ағасы сүйіп шырқаған «Ақылбайдың әнін» салды. Жазушының немересі Айя Марал атасы жақсы көрген «Япурай» әнін гитарада орындап, тәнті етті. Таныстырылымды қаламгердің жары Рымбала Смайылова түйіндеп, жиналғандарға алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button