Жаңалықтар

«Жеті жарғыдан» бүгінге дейін…

Тәуелсіздік сарайында Конституция күніне орай көрме өтті. Шараға конституциялық кеңестің мүшелері, қоғам қайраткерлері, заң шығару, құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі комитет өкілдері, мемлекеттік және жергілікті басқару кафедрасының профессорлары, тарихшы ғалымдар қатысты.

Ата заңға он жеті жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеде Конституцияның әр кезеңдегі қалыптасу тарихын айқындайтын құжаттар қойылды. Келушілер назарына ұсынылған деректер Тәуке ханның “Жеті жарғысынан” бастап тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі Конституциясына дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар, 1926 жылдан бастап 1937, 1978, 1993 және 1995 жылдарда қабылданған конституциялар тарихы да түрлі фотосуреттер мен мұрағат материалдары негізінде ұсынылған. Қазақ қоғамының қалыптасу жүйесіне белгілі бір деңгейде өзгеріс алып келген “Алаш” партиясы ту­ралы құнды мәліметтер де назардан тыс қалмаған. «Біз Конституцияның қалыптасу кезеңі мен даму динамикасын үнемі назарда ұстап отыруымыз қажет. Ал Конституция қоғаммен бірге дамып отыруы үшін оған дер кезінде өзгерістер енгізгеніміз жөн. Яғни, Ата заңнан қазіргі қоғамның лебі айқын көрінуі тиіс. Себебі, Конституция ел азаматтарының құқығы мен бостандығының кепілі» дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов. Көрме соңы қоғам қайраткерлері және тарихшылардың қатысуымен дөңгелек үстел жиынына ұласты.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button