Жетіген жеткізген үн

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония қос қонцерт ұсынды. «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің XXVI концерттік маусымы музыкант әрі композитор Қарагөз Гасимованың «Жетіген-аңыз» атты жеке концертімен «Астана Опера» театрында ашылса, «TikTok concert» бағдарламасы филармонияның концерт залында ұсынылды.
«Жетіген-аңыз» – атауының өзі концерттің негізгі идеясын ашады. Кеш толығымен қазақтың ұлттық аспабының сиқырлы үніне арналған. Жетігенге арнап жазылған шығармалар өте аз. Концертте сондай шығармалармен қатар кеш иесінің «Көк бөрілер», «Аңыз дала», «Арын», «Көктем әуені», «Сырлы дала», «Жібек жолы», «Сенім», «Анама», «Шарын шатқалы», «Туған жер», «Ұлы дала» сынды авторлық туындылары орындалды.
Нұрғиса Тілендиевтің тәлімін алып, «Отырар сазы» оркестрінде жұмыс істеген Қарагөз Гасимова өз шығармаларында қазақтың көне аңыз-әңгімелеріне, салт-дәстүрлеріне сүйеніп, адам өмірінің кезеңдері, жыл мезгілдері, халық психологиясы, бірлік және басқа да тақырыптарды қозғайды. Концертте сахнадан жетігенмен қатар сазсырнай, сыбызғы, шертер, адырна, қобыз, басқа да ұлттық аспаптарға арналған шығармалар әуеледі.
TikTok әлеуметтік желісіндегі музыка арқау болған концертке астаналық филармонияның үрлемелі оркестрі, «Alem» заманауи би балеті және Dostar вокалдық-би ансамблі қатысты.
Көрермендер үрлемелі оркестр өңдеуінде британдық Longest Johns музыкалық фоль-тобы мен шотландиялық музыкант Натан Эванстың нұсқасында TikTok желісінде хитке айналған «Wellerman» әнін, музыка әуесқойлары Lady Gaga, Dido, Eminem, Megan Trainor, Бобби Макферрин, Doja Cat, G-Nation band, Мирас Жүгінісов сияқты әртістердің шығармаларын, сондай-ақ заманауи қазақ әндерінен попурри, аниме музыкасын, Japan song және әлеуметтік желідегі заманауи өңделген әуендерді тыңдады.