ЖаңалықтарҚала мен Сала

Жетісудан жеткен дәм

Азық-түлік бағасы қымбаттаған тұста, жыл сайын еліміздің әр өңірінен келетін жәрмеңкенің тұрғындар үшін пайдасы ұшан-теңіз. Осындай жәрмеңкенің бірі – Алматы облысының ауылшаруашылығы жәрмеңкесі. Демалыс күндері Оқушылар сарайы алаңында өткен  шараға 324 тоннаға жуық өнім  жеткізілді, оның ішінде жеміс-көкөніс, құс еті, балық, сүт өнімдері бар. 

007

Жәрмеңкеде азық-түліктің мол түрі арзан бағада сатылды. Елордалық тұрғындар Іленің қымызына, Балқаштың балығына, Алакөлдің балына, Қараөткелдің күрішіне, Көксудың картобы мен пиязына, Қарасайдың қиярына, Талғардың алмасына қарық болды. Алматы облысының 15 ауданы мен 3 қаласы атса­лысқан жәрмеңке өңірлік ауыл­шаруашылығын дамытуды, отан­дық өнімді қолдауды мақсат етеді. Облыс аграршылары жалпы сомасы 160094,0 млн теңгеге 323842,0 тонна өнім әкелді. Бұл – 7000 кг құс еті, 11800 кг балық, 2500 кг сүт өнімдері (май, ірімшік, сүзбе), 49660 кг картоп, 13985 кг қырыққабат, 11650 кг қызанақ, 10670 кг қияр, 16500 кг сәбіз, 39618 кг пияз және басқа да жеміс түрлері.
«Алматы облысы жыл сайын елордалықтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жәрмеңке өткізеді. Қанттың қымбаттауына байланысты 17 тонна құмшекер әкелдік, 20 тонна күрішіміз бар. «Жетісу» әлеуметттік корпорациясы әкелген қауын-қарбыздар түгел сатылып кетті» дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Талғат Алыбаев. Жәрмеңкеде отандық өнімдерге баға орташа есеппен базардағыдан 15 пайызға төмен болды. Атап айтқанда, судак-сазан балықтары 600-700 теңгеден, жұмыртқа – 215, қымыз – 450, шұбат – 550, бал –1000, алма – 250, қызанақ – 300, қияр – 200, қырыққабат – 80, картоп 120 теңгеден сатылды.
«Дәл қазір тосап қайнату, салат басу маусымы. Базардағы баға ұшып тұр. Сондықтан осын­дай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен. Күріш пен қантты қаппен сатып алдым. Қияр мен қызанақтың бағасы да төмен екен. Макаронның келісін 170 теңгеге, қарбыз 55 теңгеге алып, қуанып тұрмын. Әсіресе, сүт өнімдері молынан сатылды. Қаймақ, қатық, құрт, ірімшіктер түске дейін таусылып кетті» дейді қала тұрғыны Бибігүл Қалдыбаева.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button