Президент пәрмені

ЖЕТІСУЛЫҚТАР ИГЕРГЕН ЖЕТІСТІКТЕР

517fa88d9dea5268f60a30f9095b743f

Жер жаннаты – Жетісу өңірінің бүгінгі тынысы қандай? Әсем Алатаудың баурайындағы өзендер өрнектеген өлкені болашақта не күтіп тұр? Ол жөнінде кеше Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов егжей-тегжейлі баяндап берді.

Облыстың 2015 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес үш салаға – агроөнеркәсіптік кешенге, көлік логистикасына және туризмге басымдық берілді. Атақты апорттың отанындағы агроөнеркәсіптік кешеннің қазіргі ахуалымен таныстырудан сөзін бастаған аймақ басшысы елдегі сояның 90 пайызы, жүгерінің 71 пайызы, қант қызылшасының 74 пайызы, картоп пен жүзімнің 20 пайыздан астамы Алматы облысында өсірілетінін айтты. Мемлекетімізде өндірілетін құс етінің 70 пайызы да осы өңірдің еншісінде екен. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1,5 есеге ұлғайып, 2012 жылы 342 млрд теңгеге дейін жеткен.

Өзін-өзі азық-түлікпен толық қамтитын өңір Алматы қаласын картоп, көкөніс, ет, жұмыртқа және жүзіммен 80 пайыз, сүтпен 40 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Аймақаралық интеграцияны дамыту аясында Алматы облысы Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарымен бірігіп, Астанада да сауда орындарын ашуды жоспарлауда.

Маңызды мемлекеттік бағдарламаларға келсек, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде облыста 39 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде дәрі-дәрмек шығаратын «Сұлтан» зауыты іске қосылды. Желтоқсан айында тағы 4 нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр екен.

Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 128 жобаға субсидия берілді. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының барлық 9 бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы көппәтерлі 71 үймен бірге Талдықорған қаласында Үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілмек. «Самұрық Қазына» ҰӘҚ қатысуымен Қарасай ауданында «Асыл арман» тұрғын үй кешені салынуда. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 350 нысанның құрылысы қолға алынды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына 3 жылда 18 мың адам қатысты. 800-ден астам ауыл тұрғыны шағын несиелерді алып, кәсіпкерлікпен айналыса бастады. «Балапан» бағдарламасы арқылы өңір мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен 58 пайыз қамтылған. «2020 жылға дейін бұл мәселе толығымен шешіледі» деді облыс әкімі. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде халықтың өмір сүру ұзақтығы 4 жылға ұлғайып, 70 жасқа жетті. Бала туу деңгейі 1,6 пайызға өсті. Өлім-жітім 12 пайызға, сәбилердің шетінеуі 7 пайызға, құрт аруымен сырқаттану 36 пайызға төмендеді. Бүгінгі таңда облысқа 300-ден астам дәрігер қажет екенін ескеріп, жергілікті бюджеттен гранттар бөлінді. Оның 75 болашақ дәрігер мамандарға тиесілі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге 3 мыңнан астам маман барды.

Энергия тапшылығын азайту және «Жасыл экономиканы» дамыту шеңберінде былтыр Шарын өзенінде Мойнақ су электр станциясының екінші желісі іске қосылып, сырттан алынатын энергия көздері 50 пайыздан 39 пайызға азайды. Сарқан ГЭС-і қайтадан құрылды, Есік ГЭС-нің, Қапшағай қаласындағы күн электростанциясы құрылысы аяқталуға жақын. 2017 жылға дейін жалпы қуаттылығы 920 мгвт тағы 23 кіші ГЭС-тің, 6 жел электростанциясы мен 2 күн электростанциясының құрылысы жоспарлануда. Аталмыш жобалар Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде таныстырылмақ.

«Жетіген – Қорғас» темір жолы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Алматы облысының аумағы арқылы өтеді. Көлік логистикасын дамыту мақсатында елдімекендердің ішкі жолдарына баса назар аударылып, ағымдағы жылы 18 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 259 шақырымдық Алматы-Талдықорған бағытында тас жол салынуда. Бүгінгі таңда 167,5 шақырымында жұмыстар жүруде. «Алматы – Өскемен күре жолының құрылысы біраз қолайсыздықтарды тудыруда. Өздеріңіз білесіздер, Алматы-Талдықорған тас жолында жол апаты жиі болады. Сондықтан біздер күрделі іс-шара қабылдадық. Халықтың қауіпсіздігі үшін Талдықорғаннан Алматыға немесе Астанаға қарай әуе рейстерін ашайын деп отырмыз. Бұл мәселені Көлік және коммуникация министрлігінің қарауына бердік. Темір жол арқылы халықты Талдықорғаннан Алматыға жеткізу үшін «Қазақстан Темір жолы»ҰҚ келісімшарт жүргізудеміз» деді А. Мұсаханов. Алматы-Талдықорған бағытында газ құбыры да тартылуда. Бүгінгі күнге 100 шақырымдық жұмыстар аяқталды. Бұл жұмыс толық аяқталғанда Жетісу өлкесіндегі 8 қала мен 180 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізеді.

Туризм мәселесін қозғасақ, оның дамуына жол инфрақұрылымының нашарлығы қолбайлау болып отырған көрінеді. Атап айтсақ, Балқаш, Алакөл, Көлсайға апаратын жолдар республикалық маңызға ие. Сондықтан ол жолдарға қаржы республикалық қазынадан бөлінуі тиіс. Осындай мәліметтерді берген Аңсар Тұрсынханұлы үлескерлер мәселесі секілді түйткілді жайттарды да жасырып қалмай, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Соңғы бес жылда облыс тұрғындары 330 мың адамға ұлғайғанын айтып, саяжайларда тұрып жатқан 140 мың халықтың жайын қозғады. Сол жерде мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың жетіспеуін, жол, су, электр қуаты мәселелері өткір тұрғанын, жеке блогына жыл басынан бері 1167 сұрақтың келіп түскенін, соның жартысына жуығы осы мәселелер жайында болғанын, бұл проблемаларды шешу үшін саяжайларға елдімекен статусын беру керектігін, осы іске Үкімет араласпаса, қолда қайран жоқтығын жеткізді.

Ағымдағы жылы 29 мектептің құрылысы басталып, қазірге дейін 19-ы пайдалануға берілді. Алайда, халық санының өскеніне байланысты үш ауысымда оқытатын мектептердің саны 20-ға дейін жеткен. Оның үстіне 17 мектеп апатты жағдайда тұр. Мұндай мектептер проблемасын келесі жылы шешу көзделуде.

      Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button