Жеткіншекке жаман мінез қайдан жұғады?
Қоғамдағы соңғы уақытта елді елең еткізген мектеп жасындағы балаларға қатысты және жасөспірімдер қолымен жасалған заң бұзушылықтар айрықша назарға ілікті. Әсіресе, үш оқиға: Талғардағы Шерзат марқұмның қазасы, Өскемендегі қыздар төбелесі. Оқиғаның қай-қайсысы да саналы адамды ойландырмай қоймайды.
Мәселе мектепте ме?
Әлеуметтік желінің қызды-қыздысымен біраз талқыланып, басқа оқиғалар сияқты көмескіленіп барады. Осындай жағдайлар ұлт ретінде өзімізді реттеудің сигналы деп қабылдағанда ғана қоғам үшін дұрыс пайым, тиімді шешімдер шықпақ. Онсыз осыған дейін талқыланған желінің өсек аяңының әр жақ, бер жағындағы дүние болып қала берері анық. Сондықтан да, бұл мәселені қатардағы ақпараттың алабажалақ дүниесінен өзгеше қарап, дұрыс қорытынды шығару бүгінгі жүз берген мәселенің дұрыс қоғамда қайталанбауы үшін ғана емес, ертеңгі бала болашағының да нұрлы, жарқын болуы үшін аса қажет деп санаймын.
Мен бұл жерде оқиғаның анық-қанығы турасында емес, қылмыстық қадамдардың мектеп жасындағы балаларға қатысты болуы турасында сөз қозғағым келеді. Біреуінде жасөспірімді анасының көзінше пышақтап, өлім құштырса, екіншісінде, «қаладан келген» «атаман» өзіндей жасөспірім қызды алдында тізерлетіп қойып, адамның аузы бармайтын сөздермен балағаттап, қол жұмсайды. Тіпті, ақша бопсалайды. Құдды кинодан көретін бандиттік топ мүшелері сияқты.
Бұл – бүгінгі таңдағы ғана емес, жуық жылдардан бергі елдік деңгейде талқыланған ең елеулі оқиғалар. Ал жасөспірімдердің ұсақ-түйек заң бұзушылықтарының нақты саны бұдан да көп. Дерекөздері жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелетінін айтады.
Бұл тақырып қазақ баспасөзінде жиі қозғалады. Балалар арасындағы өзіне қол салу, әлімжеттілік, ерте жүктілік, топтық жанжал, қыздардың төбелесі сияқты фактілер қоғамды да жиі алаңдататын жайттар. Бір қызығы, мұндайда біреулер ата-ананы, біреулер қоғамды, енді біреулер мектепті кінәлап жатады. Алайда бала тәрбиесі тек бір тараптың ғана емес, отбасы, мектеп, қоғам сынды «үштіктің» бірлеске, үйлесімді, кешенді жұмысының нәтижесінде жүзеге асатын күрделі жұмыс барысы.
Абай Құнанбайұлы «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деуінде үлкен мән бар. Яғни, мұнда бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін отбасы («ата-анасы»), мектеп («ұстазы») және қоғам («құрбысы». Ол қоғамның мүшесі болғандықтан солай ойлауға хақымыз бар) моделі айтылып отыр.
Бүгінде бұл модельді ұлттық модель ретінде қарастыруға әбден болады. Сонда ғана осы «үштіктің» бір-біріне сәйкесуі, бірлікте тізе қоса жұмыс жасауы, бір-бірін толықтыруы негізінде сапалы тұлға тәрбиелеуге болатынын ескеруге тиіспіз.
Әлеуметтік желідегі тек отбасын, бірыңғай мектепті, жалғыз қоғамды кінәлау – жауапкершілік пен үйлесім, кешенді жұмыс жүйесін түсінбегендіктің салдары. Мәселеден қашу, жауапкершілік алмау және сыңаржақ пікірлер сарабдал сараптамаға жатпайды. Бұл жайт қоғамның сарабдал ойлауды қалыптастырудың маңызды екенін түсіндіреді.
Қоғамның ойлау сапасын көтеру үшін үлкен танымдық, методикалық жұмыстар керек. Иә, бұл оқиғалардан кейін мектептерде жаппай тәрбие сағаттары, құқықтық сабақтар өткізілді. Ата-аналар жиналысын жасайды. Тура сол сияқты ата-аналар да отбасында ескерту, алдын алу шараларын өздерінше жасап жатты. Қоғам да шулады, әртүрлі мінберлерден тіл қатты, үн қосты. Бірақ, шынтуайтында не бітті? Келешекте жасөспірімдер арасында қайталанбайтындай шешімдер жасалды ма? Кешенді жұмыс басталды ма? Мәселе Шәкәрім айтқандай, «құр ойбаймен» шешіле ме? Жоқ.
Мұндай уақытша науқандық жұмыстар құқықтық, тәрбиелік, психологиялық, құндылықтық, т.б. алуан қыры бар күрделі қоғамдық мәселені реттеуге қауқарсыз екенін мойындау керек. Мұндайда кешенді жұмыс қажет.
Басты назар – бала психологиясы
Бұл істердің қандай себептермен байланысты болуы мүмкін екеніне қатысты, басты факторлардың бірі балалардың психологиялық жай-күйі деп есептеймін.
Психикасы сау адам өзіндей адамға құрметпен қарайды, мәдениетті ортада тобырлық санамен өмір сүрмейді. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан төбелеске қатысушылардың дауыстарынан, сөз саптауынан қылмысқа бейімділік, жиналған ашу-ыза, ішкі күйдің теңсіздігі, агрессия, экзистенциялық ваккум сияқты тағы басқа да ақауларды байқау еш қиындық тудырмайды. Иә, олар арнайы тіркеуде жоқ шығар. Бірақ ондай деңгейдегі ауыр ауытқушылық болмаса да, жоғарыдағы заңбұзушылыққа барған балалардың психикасынан мен айтып отырғаннан да ауыр мәселелердің анықталатынында гәп жоқ. Өйткені ішкі күйдің итермелеуінсіз ешбір адам қылмыс жасамайды.
Практик психолог ретінде қоғамда балалар психологиясына әлі де жете назар аударылмайтынын жиі байқаймын. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының мәртебесін көтеру туралы Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында ел мектептерінде бір психолог 2000 оқушыға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсетіп отырғанын тілге тиек еткен еді. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысында жалпы білім беру ұйымдарында 30 сынып-комплектіден жоғары мектептерге бекітілген педагог-психолог маман үшін небәрі 2 ғана орын қарастырылған. Бұл жердегі мәселе – заңда жұмыс үлесінің сыныппен өлшенуінде. Ал педагог-психолог болып жұмыс жасайтын әріптестерімнің ішінде 1600 оқушыға 2 маман, 1300 оқушыға 1 маман болып отырғандар бар. Бұл жерде маманның үлгеру мәселесі физикалық тұрғыны былай қойғанда, моральдық, психологиялық тұрғыдан қалай болмақ? Онымен қоса, суицид, тәуелділік, әлімжеттілік, отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты өзекті жұмыстар бойынша қағаз бастылық, есеп, сияқты қолбайлаулар тағы бар.
Иә, отыз сынып-комплекті баланың бәрінде ауыр мәселе болмайтын шығар. Алайда кейбір жан жарақаттары мен ішкі күйді жеке қабылдаусыз, тіпті ұзақ мерзімді сеанссыз анықтау мүмкін емес. Ал қылмысқа бейім балалардың ішкі мәселесі одан бетер ұзақ уақыттық оңалту жұмысын талап етеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, бізде педагог-психолог мамандардың практикалық тәжірибесі аз, кәсіби біліктілігі төмен болса, терең травмаларды бірден байқай қоюы да оңай шаруа емес.
Қаулыда көрсетілген жұмыс бөлісі маман тапшылығынан туындағанын түсінемін. Бірақ, бұл үстеме – психологиялық жай-күйді қадағалау айрықша мәнге ие бүгінгі таңда кәсіби қабілеті жоғары, тісқаққан тәжірибелі маман үшін де өте ауыр жүктеме. Мұндай ауыр жүктемемен балалардың психологиясын ақаусыз деңгейге көтеру мүмкін емес. Ұлт психикасының ақаусыздығы – ұрпақтың жан дүниесінің ақаусыздығынан бастау алатынын ескерсек, бұл мәселеде мамандардың тапшылығын шешу, балалармен жүйелі жұмыс жасау, кеңес беру, сауықтыру, профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру кезек күттірмейтін жұмыстар.
Бұл педагог-психолог мамандары толық, «айыл-тұрманы түгел» мектептердің өзінде осылай. Ал 2024 жылғы сәуір айында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мектептерге – 229, мектепке дейінгі ұйымдарда 2029 педагог-психолог маман керек екені айтылған. Ұлттық білім беру деректер қорының ақпараты негізіндегі бұл мәліметтерде айтылған маман тапшылығы бар білім ошақтарындағы балалардың психологиялық өсіп-жетілуі қандай болып жатыр? Бұл – назар аударарлық дүние.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Жұлдыз Сүлейменова айтқандай, «жайлы мектептің» бір мағынасы «психологиялық қызметтер орнына қойылған мектепке» айналуы жасөспірімдер қылмысын, құқықбұзушылығын алдын алу мәселесінде айрықша маңызды.
Баланың психологиялық ақаусыздығын қамтамасыз ету үшін ата-ананың психологиялық сауаттылығын көтеру керек-ақ. Бала – отбасындағы психологиялық атмосфераның жаңғырығы. Жан жағдайы, ішкі күй тұрғысынан бала да жеміс сияқты «діңінен алысқа түспейді».
Ата-аналардың біраз бөлігі «жындылар ғана психологқа жүгінеді» деген қасаң қағидамен өмір сүретін қоғамда бала психологиясының ақаусыздығын қамтамасыз ету үшін отбасының салалық бағыттағы сауатын арттыру, психологиялық күйін реттеу – кезек күттірмейтін жұмыс.
Қоғамда психологияның адам өміріндегі өзектілігі мен маңыздылығын еш сезінбейтін ата-аналар да бар. Ал агрессивті, монипулист, тәуелділігі бар ата-аналармен тұрақты жұмыс жасалу керек. Бұл тұрғыдан біздің елде отандық танымдық, методикалық кітаптар, әлеуметтік роликтер, кешенді ағарту жұмыстары, семинарлар мен тренингтер, кеңес беру орталықтары ауадай қажет. Мұны әрбір отбасы өз бетінше ізденіс жасап та, мәселенің бетін бері қаратуға болады. Бірақ, мемлекет қолға алса, іс жүйелі де, нәтижелі болары сөзсіз.
Тәрбие – тағдыр шешеді
Аталған жайттар кезінде заң бұзушы тұлғалардың тәрбие жұмыстарында кеткен ақаулар болуы мүмкін екені жайлы көп айтылды. Бұл орынды айтылған қоғамдық пікірдің шындығы бар деп есептеуге болады.
Отбасылық тәрбиелеу институты шығарған «Отбасылық тәрбие» атты кітапта бала тәрбиелеудің нысанасы туралы «Жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру қазіргі заманғы тәрбиенің басты мақсаты болып табылады» дейді. Осы мақсатқа жеткізетін тәрбие жұмысы сапаны талап етеді.
Жоғарыдағы «үштік үйлесімнің» қай-қайсысы болсын, баламен қарым-қатынас мәдениетін дұрыстау, тәрбие сапасын көрету, құндылық қалыптастыру, дұрыс бағыт-бағдар беру, еркі мен қалауына құрмет көрсету, адамдық құқығын қорғау мен қамтамасыз етуді сезіндіру мәселелері айырықша мәнге ие. Фараби бабамыз айтқандай, «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі». Мұны жоғарыдағы оқиғалардан көріп отырған жайымыз бар.
Білімнен бұрын болмыс. Құндылықсыз адам – тұл. Тұлға болмысы құндылықтар негізінде қалыптасады. Сондықтан, балаға жастайынан адамға адам ретінде қарау, сыйластық, кішіпейілділік, ізденімпаздық, білімге құштарлық, критикалық ойлау, әділдік, басқаларды да өзіндей көру, санасу, кешірімді болу, орынды тыйымдар мен ережелерге бағыну сияқты болмыстық құндылықтарды сіңіру – аса қажетті тәрбие жұмысы.
Құндылықтары дұрыс бағытта қалыптасып, адами болмыс-бітімі жөнді бала ешқашан қылмыс жасау түгілі, қиянатқа қадам жасамайтыны түсінікті. Білген кісі бұл – баланың интеллектуалдық деңгейін өсіруден де маңызды шаруа. Бүгінгі таңда отбасы, мектеп, қоғам болып бұл мәселеген назар аударатын уақыт жеткен сияқты.
Биік статуспен қарау. Сонда ғана балаларға қатысты мәселеге ханнан қарашаға дейін бейжай қарамай, көңіл аударып атсалысатын адамдық сапа, биік қоғамдық мәденит қалыптастыруымыз мүмкін.
Оразбек САПАРХАНҰЛЫ,
журналист-психолог